Іс-шараны «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» РҚБ атсалысуымен Ақтөбе облыстық мәслихаты ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексіндегі негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарды талқылап, бюджет қаражатын тиімді әрі ашық жоспарлау жолдарын қарастыру болды.
Семинар Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе облысының аудандарынан келген мәслихат төрағалары мен тұрақты комиссия төрағалары, облыстық экономика және қаржы басқармаларының басшылары, Жоғарғы аудит палатасының өкілдері қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінен арнайы шақырылған сарапшы мамандар, бірнеше облыстың мәслихат төрағалары мен бюджеттік жоспарлау саласының жетекші мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында жаңа Бюджет кодексінің негізгі нормалары мен енгізілген жаңалықтар жан-жақты талқыланды. Сарапшылар бюджетті жоспарлаудың тиімді тетіктерін, қаржының ашықтығын қамтамасыз ету жолдарын және жергілікті деңгейдегі бюджеттік саясаттың өзекті мәселелерін атап өтті.
Айта кетейік, «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев арнайы баяндама жасап, тақырыпты тереңінен қозғады.
«Ең алдымен, осындай маңызды жүздесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бұл – тәжірибе мен білім, пікір мен бастама тоғысқан, елдік шешімдер пісіп-жетілетін орта. Бүгінгі семинар еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында белгіленген басты бағыттардың бірімен тікелей үндес. Президент айқындаған басымдық айқын: «Мемлекеттік басқару сапасын арттыру және әрбір бюджет теңгесінің нақты нәтижеге жұмыс істеуі». Бұл – тек экономикалық талап емес, жауапкершілік пен ашықтыққа негізделген жаңа басқару мәдениеті. Қазір елімізде нақты орталықсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Осы үдерісте мәслихаттардың рөлі бұрынғыдан да маңызды. Себебі жергілікті даму, халық сенімі мен күнделікті шешімдердің сапасы – бәрі де мәслихат жұмысына тікелей байланысты» деп атап өтті ол.
Қатысушылардың пікірінше, бұл семинар жергілікті өкілді органдардың кәсіби деңгейін арттыруға, бюджет саясатының ашықтығын күшейтуге және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.