Бүгін ҚР Парламенті Сенатының ғимаратында ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының округтерінде жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құруға бағытталған пилоттық жобаларды іске қосу, сондай-ақ депутаттардың халықпен жұмыс істеуіндегі тиімді тәжірибелер талқыланды.
Отырысқа ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Кеңес төрағасы Жақып Асанов, Сенат жанындағы Кеңес мүшелері, өңірлердің мәслихат төрағалары, депутаттар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Жақып Асанов мемлекеттік басқару жүйесіндегі жергілікті өкілді органдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Ол бұған дейінгі отырыстардың нәтижесінде әзірленген ұсынымдардың Үкімет пен өңірлік органдарға жолданғанын және жұмыс топтарының қатысуымен кеңес жұмысы жаңартылған форматта жалғасатынын айтты.
«Жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құруға бағытталған бастапқы жобалар тұрғындардың нақты қажеттіліктерін шешуге бағытталуы керек», – деді ол.
Отырыс барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы, Кеңес төрағасының орынбасары Төлеубек Мұқашев баяндама жасап, мәслихаттардың кәсіби әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Ол өз сөзінде ауылды дамыту Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ұлттық басымдықтардың бірі екенін, мәслихат депутаттары бастапқы пилоттық кезеңде Кенес төрағасы қызметін атқара алатынын, Кенестердің құрамына жастар, әйелдер, ардагерлер, кәсіпкерлер мен жергілікті қоғам белсенділері сайлануы керектігін жеткізді.
«Біздің бұған дейінгі талқылаулар мен жұмыс барысы нәтижелері мыналарды айқын көрсетті: аймақтық саясатты табысты іске асыру үшін мәслихаттардың рөлін және депутаттардың кәсіби құзыретін жүйелі түрде күшейту қажет. Біздің ұсынымдар дәл осы мақсатқа бағытталған», – деп ойын жалғады .
Төлеубек Мұқашев пилоттық жобаны елдің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, әр облыстан – 1 аудан, бір өңірде – толық қамту. Ал Алматы, Астана және Шымкент қалаларында урбанистік форматтағы пилоттық үлгіні енгізу.
Айта кетейік, бұл ұсыныс ауыл және қалалық округтерде халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге бағытталған.
Бірлестік төрағасы сондай-ақ үш маңызды бағытты атап өтті:
1. Депутаттарды оқытуға арналған консультативтік-әдістемелік орталық құру. Бұл мәслихат жұмысын кәсібилендіретін тұрақты білім алаңы.
2. Депутаттардың қызметін қамтамасыз ету тетіктерін жүйелеу. Бұл олардың тиімді жұмыс істеуіне қажетті құралдарды береді.
3. Маслихаттар мен Үкімет арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылды күшейту. Бұл өңірлік бастамалардың ұлттық саясатпен сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек мәслихат жанынан құрылатын Кенестер тұрғындармен тұрақты диалог орнатудың ең пәрменді тетігі екенін баса айтты.
Отырыста Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласының мәслихат төрағалары мен депутаттары сөз сөйлеп, тұрғындармен жұмыс істеудегі нәтижелі тәсілдермен бөлісті. Атап айтқанда, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Мақсұт Нәлібаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Муфтулла Қонақбаев, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы мәслихатының төрағасы Лариса Гречушникова, Қарағанды облыстық мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова. Олар өңірлерде азаматтарды қабылдау жүйесі, кері байланыс арналары, инфрақұрылымдық жобаларды бақылау, әлеуметтік нысандар құрылысы сияқты бағыттарда тиімді әдістер орныққанын атап өтті.
Мысалы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев осыған дәлел ретінде өз аумағының тәжірибесін алға тартып былай деді:
«Батыс Қазақстан облысы бұл бағытта нақты нәтижелер көрсетіп отыр. 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы табысты іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдарға жаңа серпін беру, кадр тапшылығын жою, қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасау және жергілікті экономиканы дамыту. Жобаның аралық қорытындылары ауылдық аумақтарды дамытуға елеулі серпін беріп отырғанын айқын көрсетеді. 2024 жылы 50 ауылға 104 отбасы (519 адам) қоныстанды, олардың 119-ы тұрақты жұмыспен қамтылды. 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін 54 ауылға 99 отбасы (478 адам) көшіп келіп, 100 адам еңбекке орналасты. Жоба іске қосылған кезеңнен бері жалпы алғанда 104 елді мекенге 203 отбасы (997 адам) көшіп келді. 219 адам жұмысқа тұрды. 203 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді: 139-ы тұрақты, 64-і уақытша баспанаға ие болды. Осы көрсеткіштер жобаның ауылдық жерлердің демографиялық өсіміне, жұмыс күшін арттыруға және өңірлер экономикасын жандандыруға нақты үлес қосып жатқанын дәлелдейді».
Т.Т. Мұқашев өз сөзінде жеке қосалқы шаруашылықты дамыту бастамасын да ерекше атап өтті. Бұл бағытта арнайы мақалалар жарияланып, Батыс Қазақстан облысындағы «Қаладан – ауылға» жобасының тәжірибесін тарату ұсынды.
«ЖҚШ – ұлттың материалдық қуатының да, рухани беріктігінің де іргетасы», – деді ол.
Отырыс соңында Кеңес төрағасы Жақып Асанов барлық ұсыныстар жан-жақты талданып, пилоттық жобаларды сапалы іске асыру үшін жүйелі жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
Аталмыш жобаға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ өз тарапынан әдістемелік, сараптамалық, ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге толық дайын екенін хабарлады.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.