Медиа форум жұмысын кеше бастағанымен, салтанатты ашылуы санаулы сағат бұрын өтті. Әлемге әйгілі саясаткерлер, тіс қаққан журналистер және экономистер араға 8 жыл салып, Алатаудың баурайына қайта келді. Биыл жиынға 60 елден 500-ден аса сарапшы қатысуда. Негізі Еуразиялық медиа форумның іргетасы да алғаш Алматыда қаланған. Содан бері 15 жыл өтті. Осы уақыт ішінде өзгерген дүние көп. Әсіресе, интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Желіде өз ойын ашық жеткізуге кез-келген адам мүмкіндік алды. Алайда, оның пайдасынан бөлек, орасан зор зияны да бар. Интернеттің адамдарға тигізетін кері әсерін медиа форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева айтып өтті.
Дариға Назарбаева, ХV Еуразия медиа форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы:
-Интернетке қол жеткізудің жеңілдетілуі тек талантты адамдарға, олардың ойын білдіруіне жол ашқан жоқ. Сондай-ақ, авантюрист мен террористердің мүмкіндігін кеңейтті. "Тролльдер", яғни ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін жауынгерлері ең үлкен қауіпке айналды.
Қазір жұрт ақпаратты интернеттен, әсіресе тәуелсіз блогерлерден алуды әбден үйренді. Бірақ, желіде жалған мәліметтердің де толып жүргені белгілі. Бұл жағдай ұйымдастырушыларды қатты алаңдатып отыр. Бүгін талқылатанын мәселердің бірі осы болмақ. Шет елдік сарапшылар тығырықтан шығар жалғыз жол: фейк-ақпаратты ажыратуды үйрену дейді.
Роджер Фиск, сарапшы (АҚШ)
- Адам жүрген жерде өтірік те жүреді. Демек, жалған ақпаратты жою мүмкін емес. Бұған көніп, адамдар өзі оқып отырған ақпараттың фейк, не шынайы екенін ажыратуды үйренуі керек.
Медиа форумда xалықаралық қатынастарды одан әрі дамыту жолдары да кеңінен талқылануда.
Дереккөз: ktk.kz