«Бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып баю мүмкін емес, тек күнкөріс» деген қасаң пікірдің бүгінде тас талқаны шығуда. Көбіне бұл өткізу нарығы әлі қалыптаспаған, сондай-ақ жұртшылық та оның өнімдерінің пайдасын жете білмейтін кезеңге қатысты еді.
Қазіргі таңда еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінен бөдене еті мен жұмыртқасын оңай табуға болады. Көбіне көп отандық өндірушілердің аталған құс жұмыртқасын өндіріп сатуға ден қоюы байқалуда. Яғни, сұраныс сол бағытта болып жатқандықтан, ұсыныс та солай өрби түскен.
Бір жағынан бұған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлген осы бағыттағы жеке ісін ашушыларға қаржылай көмеге де үлкен септесін болған тәрізді. Ол ұйымның кеңесшілері де бөдене өсірудің өте тиімді және жылдам өтелетін басымдығы мол бағыт екендігін айтады.
Айталық, тым көбейтпей, 100-ге жуық бас бөдене ұстайтын шағын ферма құра алсаңыз, шыққан қаржыңыз 2-3 айда өтелуі мүмкін. Әрі оны ұстау технологиясы да жеңіл және көп адамдық ресурстарды қажет етпейді. Былайша айтқанда, тұтас бір кешенді бір отбасының адамдары-ақ қамти алады. Бұдан әріде нарық заңдары күш алып, бизнестің табысты болуы дайын өнімді өткізе алу мүмкіншіліктеріңізге байланысты.
Мамандардың сөзіне қарағанда, бөдене 30-40 күн ішінде өнім беретін жасқа жетеді және бір жыл ішінде 300-ге жуық салмағы 10-14 гр болатын жұмыртқа береді.
«Егер ет өндіру мақсаты болмаса, бұл жағдайдағы ең жақсы тұқым – жапондық бөденелер» дейді олар.
Жапондық үй бөденелері екі айға жетпей жұмыртқа сала бастайды екен. Салыстырар болсақ, тауықтар орташа есеппен 200 күннің шамасында ғана жұмыртқа салады. Артықшылықтары көрер көзге ұрып тұр. Яғни, жақсы табыс табуға болады.
Бұл орайда бөдененің осы түрін өсіріп, ферма ұстап отырған әрі оңтүсттіктегі өзі мекендейтін Отырар ауданын деликатес жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған Нұржан Қожаметовтың ісі сөзімізге нақты мысал.
«Бұл кәсіппен айналысқаныма 4 жыл болды. Жапондық бөдене ұстаймын. Бір күнде 500-ден 800-ге дейін жұмыртқа шығады. Өткізуде қиыншылық жоқ. Шыққан сәтте-ақ осы Шәуілдірге (аудан орталығы) таратып жіберемін. Адамдар өздері бір күн бұрын звондап, 100-ден, 50-ден 200-ден тапсырыс бере бастайды. Кейде жетпей қалып, сұрауларын келер күні ғана өтеп жататыным да болады. Сұраныс бар» деп ағынан жарылады жеке кәсіпкер.
Оның айтуынша, ең басында бұлай болмаған. Алғашқы кезеңдері көлігіне жұмыртқаларын салып алаып, дүкендерді аралап, реализацияға тастап отырған. Сонымен қатар, ел ішінде оның пайдалы жақтарын насихаттап, жарнама жасаған. Тұтынушылар да уақыт өте денсаулыққа пайдасын көріп, өз кезегінде, олар басқаларға айтып, клиенттер базасы қалыптасқан.
«Бұл біздің отбасылық кәсіпке айналды. Үй-іші болып қараймыз. Құстарды торда ұстаймыз. Мұның бір жақсы жері – жұмыртқаны қысы-жазы тоқтамай туады. Маусым, мезгілге, көктем, күзге қарамайды. Жемін жақсы беріп, ықыласпен қарасаң болды» дейді жәнеден Нұржан Яхияұлы.
Кәсіпкер әр жұмыртқаны бастапқыда 20 теңгеден сатса, қазір 22 теңгеден сатып жатқан көрінеді. Сонда оның үйіне күнделікті кіріс 20 мың теңгенің айналасын құрайды.
«Бұдан бөлек тауық балапандарын басып шығарамын, шаштараз орнын ашқанмын, етік тігетін нүктем бар, табысымыз жаман емес. Айналысқылары келетіндер болса, үйренуге дайынмын. Алушылар бәрімізге жетеді» деп түйіндейді ол.
Айтса айтқандай, қолжетімді ашық ақпарат көздері мен әлеуметтік желілердегі болжамды есептеулер бойынша мысалы, 100 бөдене өсірудің шығыстар тармағы 60 мың теңгені құрайды. Бұл тұрмыстық инкубаторды сатып алу, инкубациялық жұмыртқаны сатып алу, торларды сатып алу және орнату, жылына сатып алынатын жемге кетеді. Ал табыс калкуляциясы жұмыртқаларды сату, етін сатудан 1,5 миллионнан 2 миллионға дейін. Тіптен, одан да көп болуы мүмкін.
Бөдене құстар арасындағы жұмыртқаны ең тез беретіні саналады. Медициналық жағынан құс тұмауы, сальмонеллез сияқты ауруларға ұшырамайды. Көптеген дерт түрлеріне шипасы мен емдік қасиеті бар. Әсіресе, адам ағзасындағы зиянды қалдықтар мен шлактарды тазартады. Асқазан аурулары, туберкулез, хроникалық холецистика, бронхалық астма, жүйке, жүрек ауруларына да пайдасы орасан. Дәрігерлер сүйіп айтатындай, құрамы –калий, фосфор, темір, радионуклид секілді оңды қоспалардан тұрады. Оның бағалылығы да осыдан болып тұр. Бөдене өсіруді алғаш қолға алған әрі балаларын оның жұмытрқасымен қоректендірген жапондықтар бір нәрсені білгендей-ақ.
Ұлтымызға да таңсық әрі беймәлім құс емес. Қазақ фольклорында жиі көрініс береді.
Қалай десе де, елімізде бөдене өнімі нарығы әзірге толық жабылмаған. Өндірушілерге әлі де орын көп. Онда тұтынушы табу жағынан проблема жоқ. Баптап, өсіруін білсең, сатып алушы сегмент айтарлықтай ақшалы. Бір мезетте көтерме бағамен сатып, ақшаңызды санап алып отырсаңыз болады.
Бір өкініштісі, бізде осындай табысты бизнес түрі кәсіпкерлер назарынан әлі де тыс қалып келеді. Бұл тұрғыда тиісті мекемелер насихат жағына кеңірек көңіл бөлсе деген бір тілек.
Ерболат Мамырайхан
Дереккөз: abctv.kz