– Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін бірінші кезекте субсидиялау қағидаттарын қайта қарау үдерісі жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қазіргі сәтте 11 тиімсіз субсидия түрі алынып тасталып, 35 субсидия түрінің нормативтеріне өзгерістер енгізілуде. Нәтижесінде, сол бюджет көлемі арқылы өндірушілердің, оның ішінде, ең алдымен, ұсақ шаруашылықтар мен кооперативтердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 7,5 есеге, яғни, 67 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғаяды. Бұл ретте жаңа тетіктер түпкілікті нәтижеге, яғни, түсімділікке, салмақ өсіміне және қайта өңдеуші қуаттылықтардың жүктелуіне бағытталған. Мысалы, бордақылау алаңдарын субсидиялау өлшемшарттарын қайта қарау есебінен шаруашылықтардың қамтылуы 3 есеге, яғни, 175-тен 522-ге дейін, өндірілетін сиыр етінің көлемі 40%-ға, яғни, 31,5 мың тоннадан 43,8 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Қой шаруашылығында субсидиялар сомасының бірдей болуы жағдайында нормативтердің өзгертілуі субсидияланған өнім өндіру көлемін 10 есеге, яғни, 5 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін, субсидия алушыларды 30%-ға, яғни, 180-нен 230-ға дейін ұлғайтады. Бұл ретте, өнім сұранысы төмен қой еті емес, қозы еті болмақ. Субсидиялау тиімділігін одан әрі арттыру үшін сақтандыру жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады.
Жер пайдаланудың тиімділігін және суарылатын жерлер алаңын арттыру барысына тоқталсақ, қазір біз 600 мың гектар суарылатын жерді айналымға тарту шараларын іске асыруға кірістік. Бұл суарылатын жерлер алаңын 2 млн. гектарға дейін және ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді 500 млрд. теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарламада өсімдік шаруашылығындағы субсидиялау механизмін қайта қарау, элиталық тұқымдарды пайдалануды арттыру және агрохимияны кеңінен қолдау көзделуде. Яғни, тұқымдар бойынша – 3,5%-дан 6%-ға дейін, тыңайтқыштар бойынша – 130 мың тоннадан 376,2 мың тоннаға дейін. Субсидиялар тиімділігін арттыру есебінен тыңайтқыштарды енгізу алаңы 2,7-ден 4,9 млн. гектарға дейін ұлғаяды, бұл ретте бюджеттік шығыстар 16-дан 12 млрд. теңгеге дейін қысқарады. Өңірлер бөлінісінде егіс алаңдары ағымдағы жылы 540 мың гектарға, яғни, 8,2-ден 8,7 млн. гектарға дейін ұлғаятын майлы, азық және басқа да сұранысқа ие дақылдар өндіруді ұлғайту жөніндегі нақты индикаторлар айқындалды. Жайылымдарды суландыру жөніндегі 600 құдық салу жоспары орындалды. Ағымдағы жылы 700 құдық салу жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарлама аясында барлығы 3 500 құдық салынды, бұл суландырылған жайылымдар алаңын 18 млн. гектарға кеңейтеді.
Дерек көзі: economics.kazgazeta.kz