Қазақстан тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеу үшін ең алдымен, трансұлттық компанияларды тартуы қажет. Бұл туралы Президент Н.Назарбаевтың 2017 жылы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған.
Мемлекет басшысы Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керектігін атап өтті. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды.-деді Президент. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.
Н.Назарбаев қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкіметке әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуді жүктеді. Бұдан бөлек, Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырды. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.
Президент Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұрғанын айтты. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек - деді Мемлекет басшысы.