Мамандар еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау бағытында нақты іс-шаралардың қолға алыну қажеттігін бірауыздан мақұлдайды. Бұл арада «ақпараттық терроризмнің» барын білу және оның ығында кетпеу, адамдар санасын хакерлер мен фейк аккаунттардың жаулап алуына жол бермеудің маңызы зор. Мұнымен қоса, журналистер мен блогерлер үшін ақпаратты таратпас бұрын фактчекинг жасау, яғни, ақпаратты тексеру міндет боп тұр. Осы және басқа да өзекті мәселелерді IT маманы Аршат Оразов өз сұхбатында өрбітеді.
– Аршат, сізді жұрт тек IT маманы ретінде ғана емес, ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен айналысып жүрген медиа-тренер ретінде де таниды. Жалпы, еліміздің бүгінгі кибер-қауіпсіздігіне қандай баға берер едіңіз?
– Ақпараттық қауіпсіздік деген тек жеке аккаунттардың қауіпсіздігі, құпиясөздердің қорғалуы ғана емес, бұл ұғымға ақпараттық соғыс және манипуляция, ақпараттық ортаны басқару, күн тәртібін өзгерту немесе қолдан жасау мәселелері де кіреді. Әлеуметтік желіде жұрттың не бөлісіп жатқанын, неге және кімге сенетінін, whatsapp сияқты мессенджерлерде жұрт не бөлісіп жатқанын қарап-ақ елдегі ақпараттық саланың қандай жағдайда екенін бағамдауға болатын шығар? Өкінішке қарай, бұл тұрғыдан әлі сауатсызбыз. Фактчекинг жасамаймыз, яғни, ақпаратты тексермейміз, манипуляцияға тез берілеміз, берілген ақпаратты шайнамай жұта саламыз. Тренингтерде де қарапайым нәрселер айтамыз. Бірақ қатысушылар үшін тың жаңалық болып шығатын кездер болады. Демек, ақпарат әлі де аз.
– Байқауымызша, кейбір рейтингі жоғары отандық орыстілді сайттарда Ресейдің шашбауын көтеріп, ұлттық бағыттарға қарсы пікір жазып отыратын боттар мен тролльдардың жұмысы, әсіресе, ақпараттық соғыстар кезінде өршиді. Елге осындай таңсық, бірақ қауіпті нәрсе туралы не айтар едіңіз? Олар жылына қанша пайда табады?
– Тек шетелдік емес, ел ішіндегі түрлі мүдделер үшін қолданылатын кибер «әскерлер» бар. Бұл топқа хакерлерді де, тролльдарды да, фейк аккаунттарды да, блогерлерді де жатқызуға болады. Ақпараттық соғыс кезінде мұндай жалданбалылардың болуы заңды деп ойлаймын. Соғыс кезінде барлық әдіс жарай береді. Олардың қанша табатынын білмеймін. Баға тапсырыстың ауырлығына және көлеміне қарай өзгереді. Пиарға бөлінетін бюджеттің біраз бөлігі, әлбетте, осындай істерге де жұмсалады. Ақпараттық соғыстың басты нысанасы – адам санасы болса, демек, бұл бағытта нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр деп ойлаймын. Өйткені қоғам ақпараттық майданға дайын емес. Манипуляцияға тез беріледі. Қорғаныс амалдарымыз нашар.
– Қазақстанның да жеке боттары мен тролльдары бар деуге бола ма?
– Әлбетте бар. Бірнеше топ бар, осындай нәрселермен айналысатын. Тек блогерлер ғана емес, пиармен айналысатындар да «соғысып» жүр. Біреуге шабуыл жасалса, енді біреуден қорғану да жүріп жатыр.
– Отандық журналистер мен блогерлер ақпараттық шабуылдар кезінде бас біріктіре ала ма? Ақпараттық шабуылдарға қарсы шығуға қаншалықты қауқарлы?
– Жалпы, журналистер мен блогерлерді салыстыруға, бірге қоюға қарсымын. Екеуі екі бөлек әлем. Қазір блогерлер деп қайтадан блог жүргізетін, жеке блогы бар адамдарды атай бастады. Ал желідегі белсенділерді дәл осылай желі белсенділері немесе «Лидер мнений» деп атайды. Қазақша айтқанда, оларды қоғамдық ой туғызушылар, желі белсенділері деп атауға болатын шығар?! Ақпараттық соғыс кезінде бас біріктіру пәлендей байқалмайды. Әдеттегідей қазақ қоғамы екіге жарылады: қарсылар мен қолдаушылар болып... Блогерлер, журналистер, желі белсенділері осы екі жақтың бір жағына шығады. Біреулері ақылы түрде «әскер» болса, біреулері тегіннен-тегін «соғыса» береді, тақырыпқа үлес қосып жатқанын кейде өзі де білмей жатады. Кімнің ойы тұщымды, қай жақта нақты факті бар, кімнің шындығы басым – жеңімпаз сол жақ. Біреуге шеберлік жетіспейді, біреудің техникасы аз, біреулер әлі де сауатсыз, біреудің психикасы шыдамайды. Бірақ үдеріс басталды, ақпараттық соғыстың дәмін біраз адам сезді. Демек, алда әлі талай шайқас болады. Кімнің «әскері» мықты, сол жеңеді.
– Қазақстанның медиакеңістігі алдында қандай қауіптер тұр деп ойлайсыз?
– Біздің кемшілігіміз – ақпараттандырудың әлсіздігі. Халықты әлі де сауаттандыру керек. Халықтан бұрын ақпарат саласындағы қызметкерлердің, БАҚ өкілдерінің, желіде сөзі өтетін танымал тұлғалардың және, әрине, мемлекеттік қызметкерлердің арнайы білімін арттыру керек. Ақылы «әскерлерге» қарсы тұра алу үшін мемлекеттің де осындай «әскерлері» болуы тиіс, яғни, кез келген жағдайда мемлекет мүддесі үшін тұра алатын азаматтар қажет. Ал қазір біз көріп жүрген «әскерлер» мемлекеттік қызметкерлер, баспасөз бөлімдері, студенттер, мұғалімдер. Берілген сілтемелерге өтіп, алдын ала дайындалған пікірлерді жазып жүргендері бірден байқалады. Мұндай тегін, дайындықсыз, қарусыз әскермен соғысқа шығуға болмайды. «Ақпараттық терроризм» деген нәрсе де бар. Кей топтар кей мекемелерді сынға алып, өз айтқандарын орындатуға тырысады немесе ақпараттық қолдау үшін қаржы талап етеді. Террориспен ешқашан келісуге болмайды. Оларды жеңетін әскерлерің дайын болуы керек. Бізге қазір жетпей жатқаны – осы.
– Қазақстанда IT саласының дамуы қандай деңгейде?
– Қолданушылық деңгейде болмаса, өндірушілік деңгейде әлі ештеңе байқамадым.
– Билік органдарының ресми сайттарында соңғы жылдары өзгеріс бар ма? Бұрын оларды «ұйқылы сайттар» деп атаушы еді, қазір жағдай қалай?
– Мемлекеттік сайттарда ақпарат жағы бақылауға алынғаннан кейін жағдай жақсарды деуге болады. Жаңалықтар, керекті мәліметтер уақытында шығып отырады. Әлеуметтік медиада да парақшалары ашылып, халықпен байланыс жағы дұрыс бағытта. Техникалық тұрғыдан, нашар сайттар көп. Студенттерге «сындыруға» тапсырма беріп те көруге болады. Яғни, техникалық жағынан күшейтуді талап ететін сайттар жетерлік.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ
Дерек көзі: aikyn.kz