Журналистерге дін тақырыбын қозғарда нені ескеру керек?
13.11.2019, 20:04

Журналистерге дін тақырыбын қозғарда нені ескеру керек?

Журналистер ортасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралу мәселесі мен қаупі дұрыс зерделенбеген. Мұндай пікірді «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингі» атты ашық дәрісте мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров атап өтті, деп хабарлайды muftyat.kz порталы. 

Оның айтуынша, журналистер қауымы – оқырмандар, радионы тыңдаушылар мен телекөрермендерге сырттай тартымды ұрандарды қолданатын жалған діни террористік-экстремистік ұйымдардың бетін ашып көрсетуі керек. Яғни, дін тақырыбын жариялаудың басты қағидатының бірі – өз жұмысын жасаймын деп жүріп, теріс пиғылдылардың мақсатына еріксіз қызмет етіп, құралына айналып кетпеу.  

«Ондай топтар адам құқықтарын қорғау, демократияны нығайту, ұлттық, әлеуметтік және басқа да мүдделерді қамтамасыз ету секілді месседждерді таратуға құмар келеді. Бұл орайда, қоғам санасында діни араздық идеологиясына негізделген қақтығыстарға қарсы тұру иммунитетін қалыптастырудың маңызы зор. Себебі осындай әлеуметтік шиеленістер мейлінше қауіпті және халықтың тарихи жадында көпке дейін ізі қалатын моральды жарақаттар қалдырады» деді мәдениеттанушы-лингвист.

Сондай-ақ, спикер БАҚ және журналистердің қолданыстағы БАҚ және терроризммен күрес заңнамаларын қатаң сақтауы керектігін қадап айтты.

«БАҚ хабарламаларының жалпыға, оның ішінде шиеленіскен жағдайларды қасақана жасайтындар үшін қолжетімді екенін әрқашан есте сақтаған ләзім. Олар хабарламаларға қатысты ақылға қонымсыз мінез-құлық танытуы мүмкін. Айталық, бір қылмыстық топ бірнеше кісіні кепілге алып жатса, оларды құтқарумен айналысатын кәсіби мамандардың іс-әрекеттері туралы егжей-тегжейлі ақпаратты таратпау қажеттілігі туындайды. Яғни, адамдарды құтқарудың қоғамның ақпарат алу құқығынан маңызды екенін де ескеру қажет. Сондықтан да, тілшілерге қауіпсіздікті сақтау мақсатында кейбір ақпараттардың жабық екендігін тікелей хабарлауы – міндетті» деп ойын жалғады ол.

 

 

Бұдан бөлек, А.Қалназаров өз сөзін террористердің басты мақсаты өз ұстанымдарын БАҚ арқылы жеткізу екендігімен тұжырымдай отырып, журналистерге келесідей 5 қағиданы ұдайы назарда ұстауға шақырды:

Біріншіден, өздігінен олардан сұхбат алмау.

Екіншіден, құқық қорғау органдарының алдын ала келісімінсіз оларға тікелей эфирге шығуға мүмкіндік бермеу.

Үшіншіден, тікелей көрсетілімді басқа жерлердегі сыбайластарына хабарлама жеткізу үшін пайдалануы мүмкін екендігін есте сақтау.

Төртіншіден, оқиға орнынан кез келген уақытта тікелей байланысты үзуге дайын болу.

Бесіншіден, кәсіби кеңестерсіз террористер талаптарына түсінік беруге және талдау жасауға болмайды.

Айта кетейік, шара соңында бұған дейін дін мәселелерін белсенді көтеріп жүрген журналистер – Baq.kz ақпарат агенттігінің продюсері Олжас Сәндібек, Kazislam.kz порталының тілшісі Ермұрат Назарұлы, «Заң» республикалық газетінің тілшісі Ерлік Ержанұлы, HOLA News ақпараттық порталының журналисті Айжан Қалиева, SAF MEDIA студиясының директоры, «Мұнара» газетінің авторы Салтан Сайранұлына қомақты сыйлықтар тапсырылды.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер