Әр істің басын шалмай, бір істі терең біл – А.Қалназаров
27.02.2020, 13:18

Әр істің басын шалмай, бір істі терең біл – А.Қалназаров

Дереккөзі: © «Сақшы» газеті, №16 (4566), бейсенбі, 27.02.2020...

«Бөз жинаған – бір кісілік, сөз жинаған – мың кісілік» деген сөз бар. Себебі, бір жазушы ағамыз айтпақшы, сөз – киелі. Сөз жинаған адам – кие жинағанмен бірдей болмақшы, яки киелі адам ғана сөз жинайды.

Осы орайда біз кезінде «Ана тілі» газеті, Baq.kz порталында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған әріптесіміз, мемлекеттік қызметші болып көрген, әрі қоғамға қажет жұмыстармен айналысып, зерттеушілік жағынан да танылып келе жатқан азаматтың бірі, «United Citizens Fund» ҚҚ төрағасы – Абылайхан Қалназаровтан сұхбат алуды жөн көрдік.

Абылайхан Мамырайханұлы, біз сізді кәсіпкер ретінде танушы едік. Алайда соңғы бір айдың өзінде түрлі БАҚ-та жарық көрген сұхбаттарыңызда өзіңізді зайырлы діни журналистика, диаспоралық журналистика маманы ретінде позициялапсыз. Мұндай шұғыл бетбұрыстың нендей себебі бар?

– Дұрыс айтасыз. Өзімді біршамадан бері осы амплуада танытып жатырмын. Бірақ бұл бірер айдағы өзгеріс емес. Алдыңғы жылдан бері аталған тақырыптар аясында түрлі жиындарда тренингтер мен дәрістер беріп жүрмін. Соның заңды жалғасы ретінде діни журналистикаға арналған кітабымды да тәмамдап қалдым.

Мынау бір жақсы жаңалық екен!

– Дәл қазір алдыңызда кім тұр, білесіз бе? Алдыңызда осыдан 4 жыл бұрын кәсіпкерлікке басымен кірген, кіргенде де алғаш ісін бастағанда 62 келі, қазір 85 келілік, ой тоқтатқан, самайын ақ шала бастаған кісі тұр. Мұны да көрдік, құладық, тұрдық, ұттық, ұтылдық, бірақ есеңді жібермей, табыс табуды да үйрендік. «Жаман болдық» демеймін. Тіптен, әулетімнің жаппай бизнеспен айналысуына мұрындық болдым. Бірақ бар ғой, ақша маған мотивация бола алмайды екен. Қанша жерден олжаға кенеліп жатсам да, жүрегімнің түкпірінде «бұл менің жолым емес қой» деген бүлкілдеп жатты. «Сонда осылай дүние үшін тартысып өтпекпін бе?» деген ой мазалады. Сайып келгенде, мен гуманитариймін ғой. Жазу-сызу, рухани құндылықтар тудыратын ортаның өнімі. Сондай бір реакция болды.

Табыстан қашқанды сізден көрдік...

– Бұл қашу емес, жай өз табиғатыңды түсіну, ішкі болмысыңның үніне құлақ асу. Ал мен жайлап, тыңдап көрсем, «сөйле, баулы, жаз, тарат» деді. Одан қалса, қайта-қайта сырқаттанып, ұзақ ауыра бердім. Өзім мұны «көргенім, білгенім, ішіме жиналып қалды, енді мұны сыртқа шығару керек» деп түйіндедім. Ал менің ақпараттық-идеологиялық саланың айналасында өрілген өмірлік жолым, жұмыс өтілім, мәдениетанушы және лингвист ретіндегі дипломдық мамандықтарым да осы діни журналистика, этникалық тақырыптарды қозғау мәселесіне бейімдеп тұр екен.

Содан соң, мен кәсіпкерлікті біржолата тастағалы да жатқан жоқпын, қоса қабатында жүргізе беретін тірліктер емес пе!

 

 

Мұны «нақты бір бағытқа мамандану» десек бола ма?

– Үстінен түстіңіз. Менің айтпағымды сіз айтып қойдыңыз. Бұл бір жағынан өз бейімділігімді іске асыру болса, екінші жағынан өз замандастарымнан қалыспай бір атқа бәс тігу де. Байқап отырсам, нарық тілімен айтқанда, бұл тауаша (ниша) бос. Оған қоса қазақша әдебиеттері жағынан да ойсырап тұр екен. Тарихта қалу үшін бұл маған берілген шанс іспетті. Яғни Қазақстан үшін көкейкесті үлкен бір саланың негізіне қаланып кетсем, өмірімнің текке өтпегені ғой.

Бір қаз арықта жүзіп жүріп, өзіне-өзі: «Мен қандай ғажап құспын. Құрлықта да жүремін, суда да жүземін, әуеде де ұшамын. Мендей құс бар ма екен?», – деп тәкаппарланыпты.

Бұл сөзді әтеш естіп, оған: «Бекер сен мақтанасың, сен аттай шаба алмайсың, балықтай жүзе алмайсың, бүркіттей ұша алмайсың, әр істің басын шалғанша, бір істі терең білген жақсы емес пе?» деген екен. Шамамен менің транцедентті әлемнен сигнал алып, түйсінгендегі ахуалым осы енді.

Түсінікті! Әлгі жазып жатқан кітабыңыздың жалпы мазмұны қандай?

– Діни журналистика және оның бір бөлімі диаспоралық журналистика экономикалық немесе саяси журналистикалардан несімен ерекшеленеді? Жалпы, олардың бір-бірінен ерекшеліктері бар ма? Айырмашылықтары бар десе де, жоқ десе де болады. Әрине, діни-этникалық тақырыпты ақпараттандыратын журналист өмірдің басқа салаларын жариялауға маманданған әріптестері сияқты кәсіби этика мен ережелерді ұстануға тиіс. Өзінің тақырыбын жақсы білуі, не туралы жазғанын, сөйлегенін немесе түсіріп жатқанын түсінуі керек. Рас, бұл мағынада айырмашылықтар жоқ. Бірақ бұл саланы қозғайтындардың білместікпен жіберген қателіктерінің салдары ауыр да қайғылы болуы мүмкін. Біреулердің діни немесе ұлттық сезімдеріне сызат түсіруі ықтимал. Осыдан-ақ, оның нәзік тұстарын да білудің маңыздылығын көреміз, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», екі басын тең ұстап жариялау – шеберлік әрі терең білімді қажет етеді. Өз кезегінде, менің еңбегім осындай дүрдараздықтарды болғызбай, алдын алуға арналған.

Кешегі Қордай оқиғасына орай qamshy.kz порталына білдірген пікіріңізде де осы ойлардың бірпарасын айтқан екенсіз. Әсіресе «Ұлтаралық тақырыпты жариялаудағы құқықтық-моральдық принцптер, әдептілік ұстанымдары сақталмай жатыр» дегеніңіз көкейден шықты.

– Ол жерде мен БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділеріне сенсация мен рейтинг қуалап, беталды ақпарат таратпау керектігін баса жеткізгім келді. Қоғамның ақпарат алуға құқығы даусыз жайт. Бірақ оның да шегі бар емес пе?! Адамдардың өмірі мен бостандығына, мүлкіне, абыройына залал келмеуін де ескерген жөн ғой, заң аясында шешілу керек екеніне ықпалы болғаны абзал-ды. Кейбір мәліметтердің қауіпсіздікті сақтау мақсатында жабық екендігі де ескерілмеді. Сосын халық арасында үрей тудыру емес, ақпараттандыру бірінші кезекті мәселе еді. Бірақ куә болғанымыздай, бәрі басқаша болды. Бұл оқиға да менің кітабым үшін көптеген фактілер мен тұжырымдар көзі болды десем, артық айтқандық емес.

Жарияшылар қолданыстағы БАҚ және Терроризммен күрес заңнамаларын қатаң сақтауға тиіс. Барлығын реттеп отыратын заң-закон бар! Журналистің этикалық кодексінде «Кәсіби парыз» ретінде аталған конфессияаралық, этносаралық келісімді сақтау, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық адамгершілік ахуал мүддесі үшін қызмет жасау сынды тұжырымдарды басшылыққа алу да керек-ақ. Онсыз өзіне де, қоғамға да зиян келтіреді. Мұны мен білгішсінгеннен айтып отырғаным жоқ. Бар болғаны «мән-жайдан хабардар болып, арандап қалмайық» деген бір ізгі ниет!

 

 

Ғайыптан тайып, ақпаратқа жауапты саланың тетігін ұстағандай болсаңыз, бұқаралық ақпарат құралдарына діни-этникалық бағыттар бойынша қандай идеологемалар ұсынған болар едіңіз?

– 2016 жылы сол кездегі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің жетекшілігімен «Діни экстремизм мен терроризмге қатысты мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік ұсынымдар» атты нұсқаулық жарық көрді. Оның шығуына Мейрам Иманбаев, Серікбол Біләлов секілді менің бір кездегі әріптестерім күш салған. Мен көп жағдайда осы кітапты басшылыққа аламын.

Бұл орайда «велосипедті қайта ойлап тапқым» келмейді. Ел ақпаратшылары қандай ұстанымдарды басшылыққа алу керектігі сонда қадап тұрып айтылған. Ол брошюрада: «Ақпараттық жұмыстар аясында қоғамға дұрыс идеологиялық басымдықтар берілуі керек» деп, ұсынымдық формада мынадай мазмұндағы тармақтар аталып өткен:

Біріншіден, «Зайырлы мемлекет және жоғары руханилық». Бұл бағыттағы жұмыстарда ел өмірінің барлық салаларында зайырлылық қағидаттарын дамытуға басымдық беру қажет. Ал рухани құндылықтардың елдің жалпы гүлденуіне жағдай жасайтынын қоғам санасына сыналап сіңдіру кезек күттірмейді. Осының аясында зайырлылықты – қарқынды дамуға, адам құқықтарының сақталуына және елдің демократиялық болашағына бағдар деп түсінген ләзім.

Екіншіден, «Бірлік пен келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі». Ал бұған бағдарланған іс-қимылды ел тәуелсіздігінің арқасында орныққан конфессиялық-этникалық келісім арқылы қол жеткізген жетістіктерді сақтау мен дамытуға аудару қажет.

Үшіншіден, «Патриотизм, ұлттық дәстүрлер мен мәдениет – ұлтымыздың рухани іргетасы». Осы тұрғыда бұқара санасына отансүйгіштік пен тарихи сананы, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтау мен дамыту қажеттілігін жүйелі түрде сіңіре беру аса маңызды.

Төртіншіден, «Радикализммен және экстремизммен күрес – бүкіл қоғамның міндеті». Бұл ретте қоғам радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің барлық көріністеріне біртұтас шепте қарсы тұруы қажет. Сондықтан, халықтың құқықтық және дінтанулық сауаттылығын қамтамасыз ету маңызды. Өз кезегінде бұл деструктивті және экстремистік идеологияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырудың кепіліне айналуы керек.

Ақпараттық соғыс маманы ретіндегі пікіріңізді білдік. Ал осы елдің азаматы ретінде біздің қоғамның басты проблемасы деп нені айтар едіңіз?

– Біздің қоғамның проблемасы көп қой. Бірақ соның ішінде көп проблеманың бірегейі, тіптен қоғамымыздың үлкен трагедиясы – баршамыз бір қазақ бола тұра қазақ және орыс тілді болып тарамдалып қалғанымыз дер едім. Бұл КСРО-дан қалған «мұра». Бір ұлт өкілі бола отырып, осының кесірінен түсінісе алмай жататынымыз бар емес пе?! Тіл деген байланысу құралы ғана емес, тіл деген – сана, діл, дүниетаным, мәдениет, керек десең, тағдыр. Ал әр тілде сөйлейтін адамның таным-түсінігінің, мақсат-мұратының түрлі болуы да заңды. Бізге тез арада осы кедергіні еңсеру керек. Онсыз ұрпақтарымыз көп залал шегеді деген ойдамын. Меніңше, бұл мәселені тарқатуға мықты менеджерлер мен маркетологтарды, пиаршыларды тартпай, «баяғы жартас, сол жартас» болып қала беретін түрі бар. Мемлекеттік тілді тұғырына қондыру, ең алдымен тұтастық үшін керек. Мұны түсінетін кез келді.

Қарапайым мысал, жуырда үлкен бір мемлекеттік холдингтің дөй басшыларының бірімен жоба талқылауға кездеспек болып, қабылдауына бардым. Бір сағат отырдым, әлі жиналыс, екі сағат отырадым, әлі отырыс. Кіріп-шығып жатқан қызметкерлерінде есеп жоқ. Күтіп, күтіп, әбден зерігіп кеткесін, өзім сияқты күтісте отырғандарға қарап:

– Жастық шағымыз мына жерде өтетін болды ғой, – дедім кейіп.

Менің орындығыма сыймай отырғанымды әуелден жақтырмаған орыс тілді хатшы қыз сонда маған:

– А может вам и корпешку принести, – дегені ашу шақырып.

Отырғандар сол жерде ішек-сілеміз қатып, домалап қалдық.

Адам баласы «пиғылы жағынан екіге бөлінеді» дейді. Бір тобы «бәрін білем» дейтіндер, екінші тобы «білмейтіндігін білетіндер». Сіз қайсысына жатасыз?

– Мен әфсана, мысал, тәмсіл оқығанды және айтқанды жақсы көремін. Әркімнің өз стилі болады десек, бұл менің ерекшелігім. Бұған қатысты да сол ғұламалар тілімен жауап берсем:

Бір күні Иран патшасы Хосрау тағына отырып, өзімен бәсекелес елден елші қабылдапты дейді. Сәті түскенде дөң-айбат көрсетіп қалмақ ниетпен, уәзірі Абузуржмеһрдің асқан дана екенін білдіргісі келіп: «Ей, уәзірім, дүниеде не нәрсе болса, сен бәрін де білесің ғой?!» деп сұрайды.

Падишаның мақсаты «иә, білемін» деген жауапты есту екен. Уәзірі керісінше, «білмеймін» деп жауап береді. Хосрау Абузуржмеһрдің жауабынан қысылып, елшінің алдында жерге кіргендей болып қатты ұялады.

Хосрау қайтадан сұрақ беруге мәжбүр болып: «Дүниедегі барлық нәрсені кім біледі?» дейді. Абузуржмеһр сонда: «Барлық нәрсені халық біледі, халықтың білгенін білетін жан анадан әлі туған жоқ» депті.

Сол айтпақшы, менің де білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз.

 

 

Дәстүрлі сұрағымызды ұмытып барады екенбіз. Жол ережесін бұзып көрдіңіз бе?

Шопырлардың «ұшқыш» (летчик) деген типі болады. Яғни мініп түсетіндер, бірақ моторына жоламайтындар. Мен соған жатамын. Жол көлік оқиғасы, соғысу, патруль шақыру, басқа жүргізушімен соттасу дегеннің қандай болатынын жақсы білемін. Сондықтан да, «аузы күйген үріп ішеді» демекші, күні ертең көлік жөндеп, сабылып кетпес үшін барынша сақтанып машина айдаймын. Бір сөзбен айтқанда, түзу жүріп, түзу тұрамын. Алдымда қандай алтын тұрса да періштелігімді сақтап, жолдан таймаймын. (күледі)

– Сөз соңында газетімізге айтар тілегіңіз бар ма?

Менің ең алғашқы жұмыс орным осы «Сақшы» газетінен басталған. Ол кезде газеттің редакциясы Алматыда еді. Бас редакторы Гүлмира деген апайымыз болатын. Ол кезде студентпіз, Сәкен Көкенов есімді жолдасымызбен бірге жұмысқа қабылданған едік. Кейіннен Сәкен – Қазақ радиосына, ал мен – «Ана тілі» газетіне ауысып кеттік. Сондықтан да алғашқы ұстаханам болған асыл ортамның сіздей өкіліне сұхбат беру – мен үшін зор мәртебе. Басылымның оқырманы көп болсын, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыратын мазмұнды да мағыналы газетке айнала беруіне тілектеспіз. Бастысы – өркениетке жеткен, аспаны ашық, бірлігі жарасқан халқымыздың мерейлі іс-шараларын ақпараттандыру басында жүздесе берейік. Еліміздің үдемелі дамуының кепілі мен басты байлығы – ынтымақ пен бірлік, мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Ендеше, баршамызды сол жолда жұмыстануға жазсын!

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Индира Ахметова

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер