"Соңғы жолдасым "маған қатын керек, тамақ істеу керек, кір жуу керек", - деді. Мен отыра алмаймын, қайтемін? Үй шаруасынан қашқан жоқпын, өзім қарапайым отбасында өскенмін. Бірақ өз жұмысымды тастай алмаймын ғой. Мені көтерген - осы жұмыс. Үлкен инабаттылықпен, үлкен құрметпен алдымен өз кәсібіме қарадым. Ер адам "Гастрольде жүргенде не істеп жүргенін кім білсін?" деп ойлайды. Үстімнен талай-талай сынап та келген кезі болды. Ер адам үйде жалғыз қалса, балаға да қарамай өзімен-өзі жүре береді екен. Қазіргі заманда білімді қыздар жігіттерге көп бой бермейді деп ойлаймын. Біз қонаққа барғанда күйеуімді "бұл - Бибігүл Төлегенованың күйеуі", - деп таныстырады, содан ол ыза болады: "Қалай ол Бибігүл Төлегенованың күйеуі деген? Ол менің қатыным", - деп маған ұрсатын. Мен "Елдің аузына қақпақ бола алмаймын ғой, ел айтып отыр", - дейтінмін. Шынымен біздің еркектер әйелдің өзінен жоғары болғанын көтере алмайды", - деді Бибігүл Төлегенова.
Бибігүл Ахметқызы бірінші күйеуінен көп қиындық көргенін жасырмады.
"Көркемөнерпаздар ұйымына қатысып жүргенде қалалық мәдениет басқармасында бірінші күйеуім бастық болып істеген. Сол жерде таныстық. Ол кісі менен бұрын екі рет отбасын құрған, бірінші әйелінен баласы бар екен. Мен енді ол кезде он сегіз жастағы қызбын. Шешем қарсы болды. Алматыға кеттім, артынша ол келді, бәрінен ажырасып келген. Сөйтіп екеуміз қол ұстасып, пәтер жалдап тұрдық. Содан оның шешесі келді. Той да, ештеңе де болған жоқ. Әйел адам тұрмысқа шыққанда, алдымен бала табады. Меніңше әйелдің ең бірінші жолдасы - баласы. Ер адам отбасын құрған соң бәрін әйелдің мойнына асады, ол кір жуу керек, тамақ істеп, қонақ күту керек, күйеуін күту керек, бала-шағасын бағу керек. Күйеуім менен он төрт жас үлкен еді, өте ұлағатты, сұлу адам болды. Кейін жолдастарымен арақ іше бастады. Мені бала деп санап, маған пысқырып та қарамайтын. Мен үй тірлігін істеп отырдым. Консерватория бітіріп, театрға жұмысқа тұрған соң маған кедергі келтіре бастады. Басында "Мен саған сахнаға шығуға рұқсат бермеймін, өйткені сахнаға шығып басқа адамдармен құшақтасып тұрғаныңды көре алмаймын", - деді, кейін күш көрсете бастады. Ішіп алып театрға барып, театрда айғайлайтын болды. "Менің әйелім мұнда біреумен бұзықтық жасап жатыр, қайда менің әйелім?" - деп айғайлайтын. Мен ол кезде басым қатып репетицияда жүретінмін. Үлкен қызым бесте, қайтыс болған Мәриям деген қызым екіде болды. Анама телефон шалып едім, шешем ештеңе айтпастан екі баламды алып кетті. Содан мен ол күйеуімнен кеттім. Басым кішкене босап, емін-еркін жүріп-тұрып, сахнаға шыға бастадым. Күйеуім қиындықты көп көрсетті", - деді 88 жасқа келген әнші.
Бибігүл Ахметқызының сөзінше, үш күйеуінің бірде-бірі өзіне жан серік бола алмаған.
"Шын түсінетін ер адам маған кездескен жоқ. Қай күйеуім келсе де, менің мойныма отырып алатын. Бірақ өзімді өте бақытты санаймын. Немере, шөберелерім бар. Қайда барсам да, халық мені тік тұрып қарсы алады", - деді Бибігүл Төлегенова.