Ұлылардың жұмбақ өлімі
20.04.2018, 15:52

Ұлылардың жұмбақ өлімі

Бергенінен берері көп адамдар еді. Қапыда қаза таппаса, қазақтың қамы үшін көбірек жұмыс тындырар ма еді?! Алаш жұртының маңдайына біткен кейбір ұлылардың өлімі әлі күнге дейін жұмбақ. Qamshy.kz ақпарат агенттігі түсініксіз жағдайда қайтыс болған тұлғалар тізімін оқырман назарына ұсынады.

Әлемді тамсандырған Әміре

Жуырда Алматыда қазақты Еуропаға танытқан әнші Әміре Қашаубаев жайында «Әміре» атты фильм көрсетілді. Фильмде күміс көмей әншінің Париждегі ЭКСПО көрмесінде өнер көрсеткен мерейлі мезеттері бейнеленген. Кинозалда отырғандардың кеудесін мақтаныш сезімі кернегені сөзсіз. Себебі дәл сондай талант қазақ даласынан шыққан, қазақ топырағына аунап өскен.

Алайда Әміре Қашаубаев небәрі 46 жасында белгісіз жағдайда қаза тапты. Қазақ халқы бір сәтте ән падишасынан айрылды, дұрысы, қазақты одан айырды деуге болады.

Әміренің жансыз денесі 1934 жылы қарашаның 5-нен 6-сына қараған түні Алматы көшелерінің бірінде табылды. Оның өліміне қатысы бар адамдар бүгінге дейін белгісіз.

Әншінің қайтыс болу себебі айтылғанда, әңгіменің түбі 1925 жылы Әміренің Парижде Мұстафа Шоқаймен кездесуіне тіреледі. Сол кездесуден кейін Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары Әмірені үзбей қадағалауға алады, өміріне қауіп төндіреді. Әнші сахнаға шығарылмайды, мәдени іс-шаралардан шеттетіледі. Отбасын асырайтын қаражаттан айырылып, жұмыссыз қалады. Киер киімге, ішер асқа жарымайтын күйге түсіп, аянышты күн кешеді. Онымен ешкім араласпайды, маңына жоламайды, жалғыз қалады, соған қатты қамығады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Әмірені жан-жақты зерттеген Жарқын Шәкәрімнің пікірінше, бұған кінәлі – әншіден құтылуды ойлап, оны бәрінен мезі қылғандар.

— Жалғыздықтың күйін кешіп, қиналумен, құсалықпен күй кешкен қайран Әміре басы тасқа тиген қалпы өз-өзіне қайырылмай кетеді. ОГПУ тыңшыларынан сескенгендіктен қиын-қыстау кезеңдерде достары да әншінің айналасына жуи қоймаған. 1925 жылы Парижден келген соң тоғыз жыл өмір сүріп, 1934 жылы дүниеден өтті, — дейді әміретанушы.

Жарқын Шәкәрім Әміренің кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, ол кеткен соң артындағы ел күңіреніп сала берді.

Әміренің көзін көрген жазушы Николай Анов «Выдающийся певец» деген мақаласында: «Әмірені улаған халық жаулары халық әншісінің атақ-даңқын марқұмның өзімен бірге жерлеуге тырысты», — деп жазды.

— Олай болса Әміреге у беріп өлтіріп, түн ортасында денесін Алматы көшелерінің біріне, далаға тастап кеткен болып шығуы әбден мүмкін, — деп жорамалдайды Жарқын Шәкәрім.

Не де болса, бұл өлімнің жұмбағы ашылмады.

 

Мұстафа Шоқайды Гитлер өлтірген бе?

Фильмнен кейін тағы бірнеше есім ойыма оралды. Соның бірі – Әміремен Парижде жылап қауышқан Мұстафа Шоқай.

Исі түркінің азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысымына шыдамай, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те күресін жалғастыра берді. Грузия, Түркия, Францияны басып өтіп, ақыры Берлиннен бірақ шығады. Совет одағына қарсы «Түркістан легионын» құруға қатысқан Мұстафа Шоқай тұтқындағы қандастарына жаны ашиды. Фашистерден бауырларының мүшкіл халін жеңілдетуді сұрай береді. Бір күні Гитлердің қаһарына ұшырайды. Германия билігі оның көзін жоюды жөн көреді.

Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Құжаттарда ол «жұқпалы сүзек ауруынан қайтыс болды» деп жазылған. Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна күйеуін біреулер әдейі улап өлтіргеніне сенімді болды.

Ал тарихшы Әбдуақап Қара мұның тек болжам екенін ғана ескертеді. «Бұл сұрақтың жауабын ғалымдар мен тарихшылардан емес, дәрігерлерден сұрау керек», - дейді ол.

Мұстафа Шоқайдың бейіті Берлиндегі «Шәһидтік» мешітінің маңында орналасқан.

 

Мағжан Жұмабаев Магаданда қайтыс болған ба?

Қазақтың ұлы ақыны Мағжанның өмірбаянымен мектеп кезінен таныспыз. Әйгілі ақын 1937 жылы 30 желтоқсанда «жапон тыңшысы» деген айыппен тұтқындалған. Ресми дерек бойынша 1938 жылы атылған.

Бірер жыл бұрын «Мағжанның атылмағаны, тірі қалғаны» жайлы қауесет ел арасында гулеп кетті. Оған сенсек, Мағжан Жұмабаев біз оқығандай 1938 жылы атылмаған. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Мен Мағжанды көрдім», — деген сөзі бар. Ол өз әңгімесін былай өрбіткен еді:

«1948 жылы Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып жүргенімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көрдім. Киген киімдері біртүрлі, сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Жанына барып сәлемдесіп едіп, ол ернін жыбырлатып қана қабылдап, үндемей отыра берді. Теріс қарап отырған күйі:

-Маған жақындама, бәлем жұғады, - деді. Сол кезде есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа оқи бастадым. Ол жібіп:

-Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, - деді. Мен оның Мағжан екенін біліп, көмектескім келді де, он күннен кейін келетінімді айттым. Бірақ қолым босамай, сәл бір айдан кейін келгенімде түрме бастығы оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты», - дейді Баукең. Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов Бауыржан Момышұлының өтірік айтуы мүмкін емес деп мәлімдеген.

Кей деректерде «Мағжан 1951 жылы лагерьде Магаданда қайтыс болды» делінеді. Мағжан Жұмабаевпен соғыстан кейін Колыма лагерінде бірге болған Абдулла Әбдірахманов 1951 жылы ақынның аштық пен аурудан көз жұмғанын көргенін айтқан.

«Ол азапты көп көргендіктен, денсаулығы нашар еді. Жұмысқа шықпай ауырып жатқандарға 400 грамм ғана нан беретін. Біз оған артылған нанымызды, шайымызды апарып беретінбіз. Шифер қайнатып ішетін. Өлер алдында ісініп-кебініп, төрт тағандап жүре алмай қалды. Тістерінің бәрі босап, иектері ас жегізбейтін. Цингамен ауырды. Өмірден солай өтті», - деген еді Абдулла ақсақал.

Ал «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым Шериздан Елеукенов ол әңгіменің бәрін теріске шығарды.

«Ешкімнің ешқандай дерегі жоқ, бірінен бірі естіген, «анау айтыпты», «мынау айтыпты» деген лақап әңгіме әншейін. Бізде оның атылғаны туралы нақты құжат бар. Мағжан 1938 жылы атылған», - дейді ғалым.

Тарихшы Талас Омарбеков бұл ақпараттарды дәлелдеу мүмкін емес дейді. Яғни ақынның өлімі жұмбақ күйінде қала бермек.

Түркияның ескі ауданына сыйған Мұстафа Қазақстанның кең даласына сыймады

«Барлығының елі бар, менің елім қайда?» - деп өкініштен аһ ұрған Мұстафа Өзтүріктің де өмірі шырғалаңға толы. Қазақстандағы таэквандо федерациясының негізін қалаушы, аты аңызға айналған спортшы 1954 жылы Стамбул қаласында дүниеге келген. 1990 жылы биліктің шақыртуымен өзінің тарихи отаны Қазақстанға оралады. Алайда елге оралған бетте Мұстафа Қазақстандағы қазақ тілінің аянышты халіне қынжылған деседі.

1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Парламенті депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ тиісті дауысты жинай алмайды. Бір жыл өткен соң Алматы ауруханаларының бірінде көз жұмады.

Журналист Несіп Жүнісбайұлы: «Ер жігіт жылады да, басты тасқа соқты да. Мұстафаның өмірден ерте өтуіне себеп болған кезеңнің бірі ме деп ойлаймын», - деді.

1995 жылы 11 наурызда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбоксингтен жарыс өткен. Мұстафа Өзтүрік жарыстан кейін өзін нашар сезінгенін айтып, ауруханаға жатқызылады. 15 наурызда жағдайы күрт нашарлап, таңға жуық бақилық болады.

Достарының айтуынша, Өзтүрікті улаған. Себебі 1995 жылы елде рэкеттердің дәурені жүріп тұрған еді. Ал Мұстафаның елге оралуы солардың біріне ұнамапты-мыс. Алайда бұл дерек ресми деңгейде мойындалмады. Өлімінің нақты себебі әлі күнге жұмбақ.

Жаңа ғасырға 20 минут қалғанда бақилық болған Бекзат

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Олимпиада ойындарында тұңғыш алтын медаль алған қазақ – Бекзат Саттарханов. Сидней Олимпиадасынан соң оның аты аңызға айналды. Бірақ аңыздың ғұмыры қысқа болды. 2000 жылы 31 желтоқсанда халық «Бекзат Темірланның тас жолында жол апатына ұшырады» деген қаралы хабар естиді. Көп ұзамай «чемпионның өлімі қолдан ұйымдастырылды» деген сыбыс тарайды.

Еске түсіріп көрейікші. Бекзат 31 желтоқсанда сағат 22:00 шамасында туған жері Түркістанның Орталық алаңында «Жыл адамы» атағымен марапатталады. Содан кейін Жаңа жылды достарымен бірге қарсы алу үшін Шымкентке асығады. Түнгі сағат 23:40-та Бекзат отырған көлік апатқа түседі.

Әкесі Сейілхан: «Бекзат XX ғасырда дүниеге келді, жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанды. Жиырма жыл ғұмыр кешті. Жаңа ғасырға жиырма минут қалғанда бақилық болды», — деп толғанып еді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер