"Тауық сойса да қасапшы сойсын" деген оймен осы саланың маманына жолықтық. Жанаргүл Байбурақызы – қыз жасауын жасаумен айналысатын еліміздегі алғашқы кәсіпкерлердің бірі, "Хан қызы" брендінің негізін салушы. Осы уақытқа дейін жаңа босағаны аттаған мыңдаған қыздың жасауын хан қызының жасауындай етіп дайындауға күш салған кәсіпкер әйелдің бірі.
Бірден қаражатты есептеуге кірістік. Жасаудың негізі болып саналатын көрпе-жастықтың өзіне ең аз дегенде 312 мың теңге, қымбат матадан тігілген оюлы көрпеге 483 мың теңге, ал құрақ көрпеге 537 мың керек екен.
Бұл соммаға 6 көрпе мен 6 жастық, 1 шай көрпеше, 1 жігіт көрпеше, 1 құдағи көрпеше, 4 жамылғыш пен жас-жұбайларға арналған махаббат көрпесі кіреді.
Бұдан бөлек ыдыс-аяққа сапасына қарай 400 бен 600 жүз мың аралығында ақша жұмсайсыз. Қыздың түрлі киімі, мезгілдік киімдері мен сырт киімдерінің өзі қомақты қаражатты құрайды.
"Негізі жасауды қыздың анасының өзі дайындағы дұрыс. Қазақта дәстүр бойынша "бас құралсын, тезірек жанұя болсын" деген ниетпен әжесі немересіне немесе анасы қызына дайындайды. Тіккенде адам жан-дүниесін беріп істейді. Содан кейін онда энергетика болады да, ол жас-жұбайларға беріледі. Бірақ қазір уақыт тапшы ғой. Сондықтан біздің жұмысымызды қыз ұзататын отбасыға көмектесу, уақытын үнемдеу деп есептейміз", – дейді Жанаргүл Байбурақызы.
Қыз жасауын өзіңіз тіксеңіз біз көрсеткен соммадан аз қаржы шығуы ықтимал. Матаны көтерме бағамен алып, тігіншінің қол ақысына қаржы жұмсамай, өзіңіз дайындасаңыз қалтаңызға ауыр соқпауы мүмкін. Бірақ осы саланың маманы Жанаргүл Байбурақызы мұндай қадамға көп жылдан бері көрпе құрап, киім тігіп жүрген әйелдер ғана барғаны дұрыс дейді. Өйткені дұрыс тігілмеген көрпе қыз жасауының өңін бұзады.
"Көбісінің тіккендері стандартқа сай келмейді. Өйткені нақтылап отырып, өлшеп, геометриялық сызықтарын сәйкестендіріп істеу көбісінің қолынан келе бермейді. Сондықтан ол әдемі шықпайды. Барлығы симметриялы орналасса ғана көздің жауын алады", – дейді ол.
Иә, әдемі нәрсені барлығымыз қалаймыз. Бірақ алмақтың да, салмағы болатынын ұмытпаған жөн. Сапалы, әдемі, сәнді дүние ешқашан арзан болмайды. Қыз жасауын әдемі етіп жасап әрі сол дүниеге қаражатты қалай жеткізуге болады? Бұл сұрақты Жанаргүл ханымға қойдық.
"Қыз жасауын алдын-ала дайындай беру керек. Бәрін бірден дайындамай, бірнеше жыл бұрын керек дүниелерді алып қоя беруге болады. Мысалы, көрпе-жастықты жайлап жинай беру керек. Неше жыл өтсе де олардың сапасы төмендемейді әрі ою ешқашан сәннен шықпайды. Сол сияқты ай сайын бөліп, жасауға салатын ыдыс-аяқтарды да ала беру керек. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын сатып алынған, қолданылмаған қазанның сапасы қандай болса, бүгін сатып алған қазанның да сапасы дәл сондай болады. Осылай жасауға салатын дүниені алдын ала сатып алып, жинай берсе қаржылай қысым көрмеуге болады", – дейді маман.
Кейде қыз жасауы ел арасында салт-дәстүр емес, бәсекеге айналып кетпеді ме деген ой келеді. Алайда, бір рет шаңырақ көтеріп, үй болатын балаңның жасауын мүмкіндігінше әдемі етіп жасау қашан ерсі болыпты? Сөзімізді Жанаргүл ханымның ойымен аяқтауды жөн көрдік: "Бақыт деген бақытты сәттерден ғана тұрады, ал ақшаға сатып алатын нәрсенің бәрі арзан".
Дереккөз: today.kz