Адамдарға бизнеспен айналысуды үйрету керек – Нұрсұлтан Назарбаев
16.05.2018, 09:11

Адамдарға бизнеспен айналысуды үйрету керек – Нұрсұлтан Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Today.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.

"Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған "Бес әлеуметтік бастаманың" іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді", – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы "Қазақстан-2050" стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағыттылған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

"Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жәйт. "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

"Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды", – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.  

Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту проблемасына тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

"Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 пайызын өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 пайыз тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.  

Соңында Қазақстан Президенті өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.  

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер