Қазыбек би туралы бір тарихи әңгімеде қалмақ ханы Қонтажының қазақтардың талабын орындауы бала Қазыбек сөзінің ықпалы екені туралы айтылады: «Сөзді өңменімнен сұғып айтқан кезде, екі иығымнан екі аю аузынан от шашып «тыпыр» етші, «көрейін» деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп алдына салып беріңдер», – деген шешімге келіпті қалмақ ханы. Қонтажы бітімге қаймыққаннан келген жоқ, елшілердің айтқанын істемеймін десе, оның әскери қуаты да, өзінің айбары мен ақылы да жетіп тұрған болатын. Өзінің сөзінен байқап тұрғанымыздай, бұл – сөз күшінің әсері, ықпалы. Сөздің мұндай қасиетін психолингвистиканың сөз қабылдау (восприятие речи) саласында сөз суггестиясы дейтін тармағы зерттейді. Суггестия негізінен психология ғылымына тән термин болғандықтан жалпы тіл білімінде суггестияға қатысты әрі тілдік, әрі психикалық жағынан байланыстыра зерттеген біршама еңбектер бар. Жалпы, тіл білімінде психолингвистика аясында кейінгі кезде зерттеле бастаған «суггестия» термині қазақ ұғымында сену, илану дегенді білдіреді. Қазақ дүниетанымындағы сөзге сенім ұғымын ауыз әдебиеті шығармаларынан көп кездестіруге болады. Оған айқын бір көрсеткішті «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар», «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», «Сөз тастан өтеді», «Айтылған сөз – атылған оқ» т.т., т.с.с. мақалдардан табуға болады. Бұл – ғылыми тілде «суггестия» деп атап жүрген құбылыстың халық санасында да, тілдік құбылыстарда да бар екенін көрсетеді. Шешендік сөздерінің суггестиясын зерделегенде олардың магиялық күшімен қатар прагматикалық әсерін де қарастыру қажеттілігі туындайды. Өйткені ауызша сөйлеу үлгісі болып саналатын мәтіннің қолданысын, екі жақты қарым-қатынастың субъектіге бағытталу аясын танытуда прагматикалық әсері оның суггестиясынан пайда болады. И.Ю.Черепанова шығармашылық бейсаналыққа арналған еңбегінде суггестивтік лингвистиканың тілдің сана түбіне (подсознание) әсер етуін түсіндіретін тілтанулық сапалы теория және күнделікті жүзе екендігін айтады. Дүниежүзінде өмір сүретін халықтардың барлығы әлемді өздерінің ұлттық көзқарастарымен таниды, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріне негіздейді және әртүрлі сенім-мен қабылдайды. Суггестия – сенім. Суггестия ұғымы – кез келген мәдениетте бар әмбебап құбылыс. Ол – халықтың дүниені түсінуінен хабар беретін қойма, яғни суггестиялық көрініс ғаламның негізгі бөлшегі ретінде ұлттың эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлқын, салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухын сенім тұрғысынан тіл арқылы жан-жақты бейнелейді, жеке адам санасымен бірге өмір сүреді. Сол арқылы халықтың дүние туралы түсінігін айғақтайды, ұлттық танымын білдіреді. Кез келген тіл факторының астарында, шығу төркінінде негіз бар екендігі рас болса, көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын, сана мен болмысқа қатысты құбылыстардың бейнеленуі тілдік суггестия арқылы жүзеге асады. Бұған бір айқын дәлел ретінде Қаздауысты Қазыбек бидің бітімгерлік сөзінің мына кіріспесін келтірсек те жетеді: Біз қазақ деген мал баққан елміз, Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден кұт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз! Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, Дәмі, тұзын ақтай білген елміз, Асқақтаған хан болса, Хан ордасын таптай білген елміз! Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз! Сөз күшін қазіргі зерттеу барысы басқаша деңгейге, яғни, тілдегі суггестиялық фактілерді тіл білімінің жаңа жетістіктерімен, көзқарастарымен көрсету, тиімді қатынас моделін өңдеуге көшуде. Мұндағы негізгі мәселе – адам жанына үңілу, сырттай ғана емес іштей бақылау жасау. Бұл жағдайда не айту керектігі ғана емес, қалай айту керектігі де маңызды болады. Осыған орай Қаздауысты Қазыбектің қолданатын «тиімді қатынас» моделін адамның ішкі сырын, шындығын білу үшін «сынақ» жасауы деп түсінуге болады. Оған оның билік айтқан екі оқиғасын дәлел етуге болады. Біріншісі: Қазыбек жеті жасында-ақ шешендігімен, алғырлығымен көзге түсе бастапты. Ертеде ас беріліп, бәйге болып жатқанда бір құла қасқа жүздеген аттан озып келеді. Қаймана жүрген бір жігіт: – Мынау менің тай күнінде жоғалтқан бәсірем, – деп оның шылауына орала кетеді. Бәйгеге қосып тұрған адам: – Өзімнің құла биемнен туған атым, – деп жеңістік бермейді. ... Құла қасқаны бәйгеге қосқан кісі: – Енесін бір көрсем, одан туған төлді дәл айта аламын, – десе, «тай күнінде жоғалтқан бәсірем» деген жігіт: – ... Енесін көріп төлін, төлін көріп енесін айнытпай табамын, – дейді. – Олай болса, – дейді Қазыбек бала, – анау көгендеулі тұрған қозы-лақтан екеуің екі қозы ағытып әкеліңдер. Екі жігіт екі қозы жетектеп алып келеді. – Енді, – дейді Қазыбек, – екеуің өріске барып осы екі қозының енесін тауып әкеліңдер. Екеуі екі саулық алып келеді. – Қозыларды енесіне салыңдар, – дейді бала. Ат қосқан жігіт қозысын енесіне салса, әлгі әкелген саулығы алмайды, қозы да жеріп қашады. Ал «тайында жоғалтқан бәсірем» деген жігіт қозысын саулыққа салса, иіскелеп қозыны емізіп тұра қалады. Сонда Қазыбек атқа иелік етіп жүрген кісіге: – Ал, ағайын, мына жігіттің мал тапқыштық қаметіне күмәніңіз бар ма? – деп сұрайды. Ол төмен қарап үндемей қалады. Қазыбек көпшілікке қарап: – Қане, жұртшылық, бұған сіздер қалай қарайсыздар? – дегенде, айнала төңіректеп тұрғандар: – Бала дәл шешім айтты, атасына рахмет, бәйге құла тай күнінде жоғалтқан жігіттікі, – десіп тарасыпты. Қазыбек атына «Би» атағы осы билігінен кейін қосылыпты. Екіншісі – ел аузындағы мына бір оқиға: Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде екі әйел балаға таласып дауласып, алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің біреуі: «Мынау баламды есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді. Екінші әйел тұрып: – Бала өзімдікі, өзім таптым, мынау босқа жармасып тұр. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін: – Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мұнда мынадай билік еткім келеді, – дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп: «екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» – дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел: – Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал, баланы таныған әйел: – Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек: – Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, – деп билік айтады. Мұның лингвистикалық бір сипаттамасын А. Машимбаева беріпті: «Ықпал етуге бағытталған үрдісті қатынас теориясы аясында қарастыру заңды. Бұл жағдайда ықпал етуші тұлғаны суггестор (ықпал ету субъектісі), ал қабылдаушы тұлғаны (автор), ықпал объектісін суггестант деп атауға болады. Олар бір-бірімен вербалды, вербалды емес тәсілдермен жүргізілген сендіру механизмі арқылы бірлесіп әрекет етеді». Суггестия – сананы билеуші, болмыстағы сенімді қалыптастыратын, реттейтін ұғым, адамның алдына мақсат қою жолына жетер биігі. Ал тілдік суггестия осы сенім көздерін сөз арқылы бейнелеп, адамның өзін-өзі сендіруін, сөз құдіретіне табынуын білдіреді. Суггестиялық лингвистика адам сенімін тілдің түрлі мағыналық қабаттары арқылы бейнелейтін, сенімге ие болудың, сенім қалыптастырудың жолдарын сөйлеу арқылы танытатын тіл білімінің жаңа саласы. Ол тілдегі сөйлеу түрлері арқылы халықтың дүниеге көзқарасын, ұлттық ерекшелігін сенім тұрғысынан жан-жақты талдап, суггес-тия атрибутына таным тұрғысынан мән үстейді. Қаздауысты Қазыбек биден қалған мұралардың бір саласы – тілек баталар. Ой-санаға, ақылға негізделген бата-тілектер адам ақыл-ойының күштілігін білдіреді, әрқайсысының беретін астарлы мағынасы, тыңдаушыға берер әсері бар. Қаздауысты Қазыбек би батасынан бір мысал: Өркенім өссін десең, Кекшіл болма – Кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең, Өршіл болма, Өскеніңді өшірерсің. Басына іс түскен пақырға Қастық қылма, Қайғысы көшер басыңа. Жанашыры жоқ жарлыға Жәрдемші бол асыға. Қиын-қыстау күндерде Өзі келер қасыңа. Бүгін сағы сынды деп, Жақыныңды басынба! Баталарды лингвистикалық фактор деп қараған профессор Г.Смағұлова: «..тілек бата сөздерінің, әсіресе тыңдаушы үшін тілдік ықпалы ерекше. Тілек-бата сөздері алдымен субъектіге қаратылып ауызша айтылатындықтан, мәтін мазмұны көпшілік қауымның құлағына сіңіп, жадында сақталады. Ал ұзақ уақыт бойы санадан өшпей, керісінше әр тақырып, мазмұн аясында қайталана отырып, тыңдаушының ой-сезімінде жаңғыра түсуі осы аталған сөздердің адам психикасына қатты әсер етіп, сендіруі мен иландыруынан», – деп дұрыс жазған екен. Мұнда айта кететін жайт – қазақ халқы жаратылысынан сөзге тоқтаған халық болғандықтан, сөз қадірін білгендіктен бата мен тілекті адамның болашақ жолын ашуға, көгеріп көктеуге тікелей әсер ететін сөздің ең асылы, қасиеттісі деп білгендігінен оның құдіретіне иланған. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген халық нақылы да осыны меңзесе керек. А.Машимбаева бата беру үдерісіндегі психолингвистикалық сәттерді жақсы баяндайды: «Бата беру әрқашан субъективті тұрғыдан баяндалады, бата беруші суггестор белсенді көрінеді. Оның өзіне тән сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, әуен-сазы бар. Және суггерендтің сеніміне кіріп сөйлейді, өзін психологиялық тұрғыдан еркін ұстайды, тыңдаушыны сөзге ұйытады. Сол арқылы суггеренд жан дүниесі өзіне қарата айтылған батаны қабылдайды. Автордың сипаттауынша, «Бата беруге қатысушы коммуниканттардың арасындағы түрлі әлеуметтік қарым-қатынас (суггестор-суггеренд) психологиялық бейнесі ашылады. Атап айтқанда: қатысушылардың білім және мәдениет деңгейі нақты көрініс табады; әлеуметтік мәртебелері танылады; туысқандық жағынан байланыс болады; жас ерекшелігіне қарай бөлінбейді; жынысына қарай ескеріледі. Қаздауыс-ты Қазыбек бидің бата сөздерінен бұл факторлардың бәрін де табамыз. Сөз суггестиясындағы бір ықпал – айтушының әлеуметтік-қоғамдық мәртебесі. Қаздауысты Қазыбек би сөзінің бір күші осында жатыр. Тарихшы Ж.Омари бидің «Қаздауысты» аталуына орай бір жақсы айғақ келтіреді: «... қазақтың ... қалың ортасында мемлекет пен қоғам өмірінің маңызды деген мәселелері бүкіл ел басшылары мен қарулы азаматтар қатысқан жиын-да шешіледі. Осы ұлы нөпір жиынды «Қаз» деп атайды. Оның өткізілу салты да, шешетін мәселесі де кеңес пен жүгіністен бөлек. ... Міне, осындай жерде би-шешеннің шеберлігі, даусының күштілігі жарысқа түседі. Бүкіл қазақтың жиынын меңгеріп кету оңай емес. Сол себептен Бұқар жырау Абылай ханды тоқтатқысы келсе: «Ашуланба, Абылай, Ашулансаң, Абылай, Көтерермін, көрермін, Көтеріп қазға салармын», – дейді. Бабамыздың «Қаздауысты» атануына ең алдымен оның бүкіл қазақ қауымы жиналған ұлы дүбірлі жиындарды өзіне бағындырған шешендік қасиеті, ақылмандығы себеп. Зор дауыстың ар жағында ғажайып табиғи қасиет, өнер мен білім, ересен интеллектуалды тәрбие жатыр». Сөз суггестиясының қазақтың коммуникативтік мәдениеті үшін бір ерекшелігі ұлттық дүниетанымнан, тіпті ұлттық әлем картинасынан байқалады. Қазақ халқы – ғаламды метафорамен бейнелеуге, метафоралық мағынада қабылдауға өте бейім халық. Кәдімгі қарабайыр әлем қазаққа әсер ете қоймайды, біз қарабайыр дүниені де метафоралап қабылдағанды жөн көреміз. Бұл метафораны әлдебір сөздің ауыспалы мағынада қолданылуымен шектеуге болмайды. Мәселе когнитивтік, концептуалдық метафорада. Қаздауысты Қазыбек би сөздерінің құдыретті күші де осы метафоралығында. Бірер айғақтар келтіре кетейік: Сен темір де, біз көмір, Еріткелі келгенбіз, Екі еліктің лағын Теліткелі келгенбіз.
* * *
Сен қабылан да, біз арыстан, Алысқалы келгенбіз, Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбіз, Тұтқыр сары желімбіз Жабысқалы келгенбіз. ....
* * *
Қазыбек сонда жұлып алғандай: – Тісі сынса – ауыз ішінде, қолы сынса – жең ішінде жүре беру керек деген не сөз! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене? Аузындағы отыз тіс болат емей немене? Астындағы жалғыз ат қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай бітіскендігі рас болатын болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай алғанын қайыру керек, қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес. Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл азат болып қайтуы керек, – депті. Сонда Қоңтажы Қазыбек сөйлесе, аруағы асып кетіп, аузына сөз түспейді екен: – «Мә, жанатыңа жанатым», – деп жанат ішігін шешіп береді, «Мә, болатыңа болатым» деп болат семсерін береді: «Мә, қанатыңа қанатым» деп астындағы қарақасқа тұлпарын түсіп береді. Байқалып тұрғандай, осы ниеттерін би қарабайыр сөзбен жеткізсе, мақсатына жетер ме еді?! Біз бұл жолы сөздің, оның ішінде Қаздауысты Қазыбек сияқты би-шешендердің сөзінің күші (ықпалы, әсері) сияқты суггестиялық құбылыстың бірер ғана жағдайына назар аудардық. Ал мәселе өте көп, мұндай шағын еңбек ауқымына сыймайды. Бұл мәселе арнайы зерттеуді, терең де кең зерттеуді қажет етеді.
Жантас ЖАҚЫПОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор
Дерек көзі: egemen.kz