Асыл мұратымыз – өнердің қасиетті туын құлатпай өту – 16 аспапты жетік меңгерген музыкант
25.07.2019, 17:05

Асыл мұратымыз – өнердің қасиетті туын құлатпай өту – 16 аспапты жетік меңгерген музыкант

«Мәдениет саласының үздігі», Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, «SNECC entertainment» этникалық мәдениет орталығының негізін қалаушысы, әрі директоры, продюсер, музыкант, композитор Серік Нұрмолдаев «Іскер Talks» жобасы аясында порталымызға берген диалогты-сұхбатында осылай деді.

Оның айтуынша, бұл үшін ынта-жігер, ықылас, тіптен, мотивация да ернеуінен асып тасығандай жеткілікті. Өйткені, өмірдің өзі – мотивация.

– Армысыз, Серік мырза! Атамыз Міржақып Дулатұлы бір жырында: «Дариға, жігіт қайда өнер тапқан, Жан қиып, қызмет қылып, халыққа жаққан?», – депті. Мен білсем, сіз осы сөздің үдесінен шығуға санаулы қадамы ғана қалған жансыз. Тағдыр – құдайдан. Бұл анық. Десе де, бұл жолға қалай түсіп жүрсіз? 2 жасында домбыра ұстаған деген аңызға бергісіз дерек те естідік. Әлхисса, әңгіме басын осыдан бастасақ.

– Міржақып атамыздың мына сөзінен кәдімгідей тұщындым. Сөз-ақ екен!

– Дүр-жауһар!

– Иә, өнер деген асқаралы – киелі ұғым ғой. Киеге кие ғана жетелеп алып келсе керек. Қастерлі, қасиетті деп айтатынымыз да сол себептен болар.

Жалпы, өзім үш жасымнан бастап өнерге келдім. Ал осынау «ұлы» салада қызмет етіп жүргеніме 15 жылдан асты.

«Ұлы» дейтінім, ұлылардың ізі қалған, ұлағаттылардың оты жанған сала болғандығынан. Мен де сол арнада шоқтана тұтанып, жалындап келемін. Қызуым мен жарығым әлі жетпесе, енді жетеді, аз шыдасын, қауым!

Өнер таптық, қызметін жасап жүрміз, халыққа жағамыз ба, білмеймін. Ең бастысы, Құдай бойға дарытқан дарын құты жастайымнан буды. Енді соны әлемге, айналама, жұртқа дарытып үлгеруім керек.

– Музыкалық біліміңізге күмәніміз жоқ...

Кәсібім де, нәсібім де осында: 2010 жылы консерваторияда бакалавриатты, 2012 жылы магистратураны аяқтап, қазір доктарантурада оқып жатырмын.

Сіз десек, ойға бірден «Тұран» этно-фольклорлық тобы оралады. Бұл символдық мәнге толы брендтеріңіз десек те, артық емес-ау. Өнерге жақын адам ретінде айтып отырмын. Сізді танымағандар топты таниды, топты танымағандар сізді таниды. «Халыққа жағудың» басы осы болар, бәлкім?! Осы екі түсінік ел санасында біріккен кезде, бір деп танылғанда, бәлки, сіздің де жұлдызыңыз бүгінгіден де жарқырай түсер, жоғарылай түсер. Тым көп пәлсафа соқсам, кешірім өтінемін!

– Мен емес, сізден сұхбат алу керек сияқты ғой (күледі). Дегенмен, сөз саптасыңыз да, мына ой ауаныңыз да ұнап отыр. Біздікі журналист пен сұхбатгердің жай ғана әңгімесі деңгейінен басқа биіктікке көтеріліп кеткен тәрізді. Планкі жоғары (күледі).

– Сізден ұшқын алып отырмын!

– «Ұшқын» демекші, біз де кезінде намыстан от алып, «Тұран» тобын құрып едік. Сіздікі де соған мысал болғалы тұрғандай. Қалай десе де, халық ұғымында бір ұғым болу үшін тер төгудеміз. Сіздің сөзіңізден ұққаным, біз мұның жартысына жеткенбіз, межелі жолдың 50 пайызы еңсерілген екен. Алайда, «мен» дегім келмейді, «біз» дегім келеді. «Сіз» дегеннен гөрі, «Тұран» дегенде «сіздер» ойға ораласыздар» десеңіз, жүрегіме жылы тиер еді. Иншалла!

– Топ болып ұйымдасу тарихтарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

Бұл ретте, ең алдымен мынаны айтқым келеді: Жаңағы «біздің» әңгімесі: Негізі мені көп жерде «Тұранның» негізін қалаушы деп жалғыз-жарымдап айтады. БАҚ-та да солай біржақты жарияланып жүр. Бірақ, әділдігіне келсек, мен – мүшесімін, ондағы көптің бірімін. Яғни біздегі 5 жігіттің барлығы да топтың негізін қалаушылар. Менен басқасы: Ержігіт Әлиев, Бауыржан Бекмұханбетов, Мақсат Медеубек, Абзал Арықбаев. Осыны шегелеп тұрып, көрсетіп берсеңіз. Әйтпесе, әріптестерімнің еңбегі мен есім-сойларына қиянат болмақ.

– Есеп нүктесі ретінде қай жылды алсақ болады?

– Топ болып жаңа-жаңа құрылып жатқан кезімізде, 2008 жылы біз екінші курстың студенттері болатынбыз. Бастапқыда қандай бағытта, қалай боламыз деген қандай да бір ой да, бағдар да болмаған. Дегенмен, уақыт өте келе, ата-аналарымыздың сілтеуі, ұстаздарымыздың үйреткені бар, оның үстіне достық кеңесуіміз бар, барлық жағдай қазіргі күнгі нәтижеге алып келді. Себебі 11 жылдың ішінде әлемнің 40 мемлекетінде, 70 қаласында 600-дей концерт беріп қайттық. Яғни осы өнердің арқасында, оның ұлық шарапатымен әлемді армансыз араладық десек те болады. Мың шүкір! Қасиетті ұлттық өнер құдіретіне тағзым.

 

 

– Күні ертең фанклуб құрылып жатса, таң қалмайтындай екенбіз!

– Димаштай бола қоймаспыз (күледі). Дейтұрғанмен, ол күн де алыс емес деп сенемін. Шетелде өте көп жанкүйеріміз бар. Жыл сайын ең азы, кем дегенде 7 мемлекетке барып, жеке концертімізді береміз. Ал Қазақсан аумағындағы «фанаттар», жаңа көктеген жауқазындардай, енді ғана көбейіп, қылаң беріп келе жатыр. Тіпті, өзіміздің артымыздан өкшелей қуып келе жатқан ізбасарларымыз да бар. Өкінішке қарай, сыртқа көп елтіп, бүгінде ішке – қарапайым халыққа енді-енді музыкамызды жеткізіп жатырмыз.

– Жаңағысын: «Бір жылда ең азы – 7 елді аралап, концерт береміз» деп айтып қалдыңыз. Ал өз байтағымыздың облыс-аудандары, ауылдарды аралап, коцерт беру ойда бар ма?

Бізді көбіне мемлекет тарапына ұйымдастырылған концерттерге жиі шақырады. Оның арасында өзіміздің шағын концерттерімізді де беріп жатамыз. Әзірше Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының «Иран бағынан» шыға алмай жатырмыз. Елге шығып, төл ұлттық өнерімізбен сусындатуға қалайша «жоқ» дей аламыз?! Сән болған үш тілде де айтайын: «Иә, ок, конечно!». Бұл да болса көкейде жүрген ой еді. Ендеше, үстемеге үстеме! Бұқара тілегін трансляциялаған төртінші билік өкілінен қаперімізге алып, күн тәртібіне қойды деп есептеңіз.

– «Ат тұяғын тай басар». Демесеңіз де, дегендей болдыңыз. Әлгінде ғана бұлай демесеңіз де құлағыма тап осылай мақалдатқандай болып естілдіңіз. Мүмкін мен антеннамды ұлттық толқында ұстап, қарапайым сөзіңіздің өзін осылай қазақы нақышта аулап отырмын ба, қызық. Өкшебасарларыңыз немесе «өкшелеп келе жатқандар» туралы айта кетсеңіз?

Биліктегі бір ағамыз айта бермекші, «Өте орынды сұрақ. Өте орынды!» (күледі). Этникалық ән-күй мәдени мұрамызды насихаттауда азды-көпті тәжірибе жинағаннан кейін біз жоқ жерде тап өзіміздей, ұзақ перспективада көзіміздей боларлық жаңа топтар құрып, ізбасарларымызды дайындауды жөн көрдік. Яғни жастардың ішінен де «өз ұлттық мәдениетін дамытамын» деген талантты да талапты бөлігін жинап, бағыт-бағдар алуына, шығармашылық тұрғысынан өсіп-өнуіне жол аштық. Өкінбейміз, онымыз жеміс берді де. Бір сөзбен айтқанда, осындай сындарлы салада күні ертең мыңдар жүретін дара жол қалыптастыра білсек, сол біздің өмірлік миссиямыз болмақ. Жұмсалған ерік-жігер, ресурстарымыздың да текке кетпегені. Қазақ айтады ғой, «Он жүрген жер соқпақ, жүз жерген жер жол, мың жүрген жер даңғыл» деп. Қазір соқпақ болып қалды, білем!

– Олар кімдер?

Көзге түсіп жүргендерден атар болсам, өзіміз тәрбиелеп келе жатқан «Stepре sons», «Асыл тас» сияқты топтар бар. Әр облыстарда да бізге бой түзеп құрылған ұжымдар баршылық. Тіптен, «Тұранмен» қатар әйгілі болып келе жатқан көптеген ұжымдар да бар. Олардың ішінде «Хассақ» тобын атап өткен жөн. Кейде шетелден алған жолдамаларымызды соларға беріп, олардың бұдан әрі дамуына мұрындық болып жүрміз десем, «мақтандың» дейсіздер-ау. Мейлі! Бастысы, сең жүрді. Қозғау бердік. Қозғалды.

Біздің шығармаларымызды жаттап, сонымен шығатын, немесе соған ұқсатып басқаша қалыпқа келтіріп алып, түрлендірген мықтылар да бар. Бұл жерде мен тек «бар» деймін. Бар.

«Тұран» енді құрылып жатқан таңда өзіміз оңаша отырғанда: «Шіркін, қазақтың төл музыкалық мирасын тыңдап, тұщынып, оны әрмен қарай дамыту жүгін мойынына алатын тағы да өнерпаздар шоғыры болса» деп аңсайтынбыз. Енді қараңыз!

Міне, бүгінгі таңдағы осы топтардың барлығының құрылуына біз түрткі болдық деп батыл айта аламыз.

 

 

 

– Жуық арада концерттері болатыны бар ма? «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық». Яғни, естіген... Қысқасы, түсінген шығарсыз. Тыңдайық дегенім ғой...

– Жақында ғана Алматыда «Stepре sons» тобының шағын ғана концерті болып өтті. Оған барғандар олардың өнеріне тәнті болды. Солай деуге толық негіз бар. Мен мұны көрермендердің жүзінен оқыдым. Келер жолы сізді қонаққа шақырайық! «Жүз рет естігеннен бір рет...» «тыңдаған» һәм «тамашалаған» артық емес пе?! (Күледі)

– Біз дайын. Әрине. Ақыры аттың басын бұлай бұрған екенбіз, бұл туралы да тереңірек біле отырайық. Сөйлеңіз!

Бұл топ жаңа заман тілімен айтқанда, өте «балғын» топ. Күні кеше, 2018 жылы құрылды. Дегенмен, оларды жанымызға алғанымызға бес жылдай болды. Осы аралықта кәсіби шыңдалуына жұмыстандық. Әрнеге уақыт керек. Әбден қайнауын келтірдік деп ойлаймын. Өйткені, олар тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар, композитор болуы да қажет еді. Қазір сайма-сай, сақадай сайланған!

– Стильдері қай бағытта?

Топ құрылған бетте бағыттарын «заманауи этно-джаз» деп бірден «бата» бердім. Екі түрлі мүлдем бір-біріне ұқсамайтын бағыттар: джаздың өзіндік қағидалары бар, тиісінше, этноның да өзіндік қағидаттары бар. Соған қарамастан арасында ұқсастықтар да бар. Яғни оларды үйлестіре отырып, жаңа бір дыбыс шығаруды міндет деп таныған-ды. Қысқасы, бұл «музыкалық химия» болды (күледі).

– Бірді айтып, бірге кеттік. Жеке репертуарларыңыздағы шығармалар қандай?

Соңғы 10 жыл ішінде қырыққа жуық шығарма жаздық. 3 альбомымыз бар. Және өте мықты, көпшілік мойындаған шығармашыл мамандармен жұмыс істедік және істеп келеміз. Яғни тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойыншы қас профилерге жүгіндік. Мысалы, бүгінгі күні ұлыбританиялық Карл Дженкинс деген азаматпен өзара ынтымақтасып отырмыз. Ол кісі әйгілі композитор. Одан бөлек, қытайлық ансамбльдермен, жапондық дәстүрлі Но театрының өкілі Нобору Кацумимен, жапондық «Цуру то Камэ» тобымен де жұмыс жасаудамыз. Тіпті, Америка елімен тығыз әріптесіп, ондағы өнерсүйерлер өздерінің 5 қаласында гастрольдық тур ұйымдастырып берді (Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес, Бостон, Сан-Франциско). Қала берді, Ресей, оның ішінде Татарстандық «La Primavera» камералық оркестрімен, Таяу Шығыста Израиль мемлекеттік камералық оркестрімен де тығыз жұмыс жасадық. Жапондық «BS Asahi» телеарнасына біздің шығармашылығымыз жайында арнайы фильм түсірілді, түріктің әйгілі «Ер Тұғрыл», «Isimsizler» топтамаларына музыка жаздық. Кез келген музыканттың арманына айналған әлемге аты шулы концерттік сахналарында өнерімізді көрсеттік. Солардың ішінде: «Carnegie Hall» (Нью-Йорк, АҚШ), «Kennedy center» (Вашингтон, АҚШ), «Konzert haus» (Берлин, Германия), «Salle Cortot» (Париж, Франция), «Palais des festivals et des congres» (Канны, Франция), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), «Лужники» стадионы (Мәскеу, Ресей) және тағы басқа. Бұл орайда этникалық мәдениеттің маңыздылығы баса рөл ойнап тұр. Мүмкін соның киесінің арқасында шығар, әлемді аралап, өзімізді танытып та жүргеніміз...

– Олай демесеңіз екен. «Еңбек бәрін жеңбек» демеуші ме еді?! Бұл жерде ол да, бұл да болса керек. Сіздің өз табыстарыңызды төл мәдениет ерекшелігіне аударып тұрғаныңыздан дегдарлық көргендей болдым. Бәрекелді! Тіптен, өнердің қасиетін сезіндіріп жібердіңіз ғой...

Енді сұрайын дегенім, Серік мырза, өзіңіздің кәсіпкерлік қырыңызға қатысты аз-кем айта кетсеңіз. Өз ортаңызда «мықты ұйымдастырушы» деген де имиджіңіз қалыптасыпты. Негізі бұл шығармашыл жандарда сирек кездесетін қасиет емес пе?

Енді өнер саласында жүргесін одан асып қайда барамыз. 2019 жылдың ақпан айынан бастап «SNECC entertainment» Этникалық мәдениет орталығын аштым. Негізгі мақсат-міндетіміз – мықты музыканттарды тәрбиелеп, баулып, қанаттандырып шығарып, шетелдің кез келген жобасында ұялмай қатыса алатындай дәрежеге жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, сапаға жұмыс жасау.

– Бұл біздің дәстүрлі сауалымыз! Іскер де шығармашыл адам ретінде егер құпия болмаса, алдағы басты жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Жоспарлар өте көп. Бүгінгі таңға дейін біз көптеген мемлекеттер өкілдерімен меморандумға отырдық. Айталық, олардың бірсыпырасы 2021 жылға дейін бізбен біріге отырып бірнеше жобаны ұйымдастыратын болды. Құрылғанына бір-ақ жыл болған «Steppe sons» қанатқақтысын жаңа айттым, әрісі Австрияға дейін барып, өнер көрсетіп келді. Ал «Тұран» блогы бойынша айтатын болсам, Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастық аясын бұдан да кеңейте береміз. Адамның дегені емес, құдайдың қалағаны болады. Алдын ала жол кескім келмей отыр. Бәрін өз уақытында көретін боласыздар.

– Ұмытып барады екенмін, тағы бір дәстүрлі сұрақ: Тұлға ретінде өзіңізді қалай дамытып отырасыз? Әрі мотивацияны қайдан аласыз?

Шыны керек, қазір психология мен бизнеске байланысты семинар-тренингтер көп қой. Мен оларға аса қатты сене бермеймін. Тіпті бармайды екенмін. Менің өмірімнің өзі мотивация. Мүмкін қиындықты көп көргендіктен бе, іштей алаулап, жүзім қайралып тұрады. Шаппасаң саған сын, өтпесем маған сын. Зұлпыһар қылыштай тасты да қақ бөлемін! Ең бастысы, асыл мұратымыз – өнер стихиясына адал болып, қасиетті туын құлатпай өтсем болғаны. Осы жолда барым да, нарым да құрмалдық деп білемін. Шыным сол!

– Уақыт бөліп, назар аударғаныңыз үшін көп рахмет! Өнеріңіз өрлей берсін, шығармашылығыңыз арта берсін! Қазақ атын әлемге танытар сіздей азаматтарға Алла жар болсын!

– Сізге де сол тілек!

 

Сұхбаттасып, диалогқа түскен Ардақ Серік

Silteme.kz порталы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер