Ал сегізінші сыныпта «Жетісу» газетінде бірнеше өлеңім шығып, сегіз теңге қаламақы алғаным есімде. Жұрттың бәрі «журналист болады» десетін. Ал өзім заңгер болғым келетін. Бірақ, біз мектеп бітірген уақытта заң мамандығына түсу өте қиын болды да, аздап жазып-сызатынымды есепке алып, ата-анам журфакқа барасың деп шешті. Бірақ, сөздің шыны керек, өлең жазу, әңгіме құрастыру мен журналистика екеуі мүлдем екі басқа нәрсе екенін мен ол кезде білген жоқпын. Оқуға алғаш түскенде біздің курста өлең жазбайтындар кемде-кем болатын. Сол елуден қазір екі ақын қалмады десем, ешкім сенбейтін шығар. Басқалар үшін жауап бере алмаймын, ал өзім курстасым Нұрлан Окаұлының өлеңдерін оқығаннан кейін ешқандай да ақын емес екенімді түсіндім, сол сәттен бастап ешқашан өлең жазған жоқпын. Есесіне, шикілі-пісілі мақала жаза бастадым…
Бұл мақаланы жазуыма «Ақ желкеннің» поштасына келген 11-сынып оқушысыМадина Жүсіптің хаты себепкер болды. Мадина болашақта журналист болуды армандайды екен.
«…Көпшіліктің айтуы бойынша, журналист болатын адам пысық, тез тіл табысқыш болуы керек екен. Байқасам, менде ондай қасиет білінбейді», – депті Мадина. «Журналист қандай болуы керек?» деген сауал тастапты. Бұл тек Мадинаны ғана емес, біздің жас тілшілерімізді, басқа да балаларды ойландырып жүрген сұрақ болса керек.
«Журналист – бір нәрсені түбегейлі білмейтін, әр нәрседен аздап хабары бар адам» деседі. Әзіл емес, зіл іспетті. Олай болса, журналистке ең алдымен білім керек. Белгілі бір салаға мамандануды ойластыру керек. Яғни, журналист болу үшін міндетті түрде және тек қана журналистика факультетінде оқу керек деген – қате түсінік. Экономиканы, заңды, тарихты, әдебиетті оқып та журналист болуға болады. Мысалы, еліміздің тұңғыш Конституциясын жазған, басқа да көптеген негізгі заңдардың қабылдануына атсалысқан академик Салық Зиманов мақаланы «мен» деген кейбір журналистерден жақсы жазатын. Медицина ғылымдарының докторы, академик Камал Ормантаевтың жазған мақаласынан, берген сұхбаттарынан басы артық бір сөз таба алмайсың. Яғни, жазуға төселу керек деген сөз.
Сәуірбек Бақбергенов ағамыздан қалды десетін бір әңгіме бар. Газеттің қорғасынмен құйылатын кезі болса керек. Сәуірбек ағамыз «Социалистік Қазақстанда» істейді екен. Мақалалар сыймай, қысқартып беруді өтінсе, Сәуірбек ағамыз ойланбастан, мақаланы оқымастан, «бірінші абзацты толығымен алып тастаңдар» дейді екен. «Ойбай, неге?» дегендерге берер жауабы – «бірінші абзац әманда су болады». Оған да сыя қоймаса, дәл осы тәсілмен соңғы абзацты алып тастауды ұсынады екен. Бүгінгі күні де көптеген мақалаларды осы тәсілмен өңдесек, ештеңенің кетеуі кетпес еді. Яғни, айтар ойымызды дәл айтып, дәл жазып үйренуге тиіспіз. Алыстан орағытып, әрненің басын бір шалып жазар болсақ, негізгі ой тасада қалып қояды. Сосын әрлеп, әдемі сөздерді ретті-ретсіз пайдалана берудің де қажеті жоқ. Қарапайым, түсінікті әрі жатық тілмен жазсақ, жетіп жатыр.
Авторлардың хаттарына қарап отырсақ, еліміздің әр түкпірінен келетініне қарамастан, негізгі тақырыптар саусақпен санарлық екен. Соның ішіндегі негізгілері туған өлке, тіл және дін тақырыптары. Әркімге өзінің туған жері ыстық болатыны заңдылық. Алайда, біздің туған топыраққа деген махаббатымыз көлдей мақала жазуға себеп бола алмайды. Ал тіл мен дін өте терең білімді, үлкен жауапкершілікті қажет ететіндіктен, жас тілшілеріміз бұл екі тақырыпқа аса әуес болмаса екен дейміз. Әсіресе, алаулатқан сөздер, арзан ақыл мен жеңіл пафос, жалаулатқан ұран жастарға жараса бермейтінін ескерсек екен. Мүйізі қарағайдай газеттерден бастап, бүгінгі жаңашыл дейтін басылымдарға дейінгі қазақ басылымдарын қарап отырсақ, тіл туралы мақаланың шамамен былай басталатынын байқамау мүмкін емес: «Патшалық Ресейдің езгісінде болып, одан жетпіс жыл кеңестік биліктің бодауында болып, туған тіліміздің тоз-тозы шықты. Тоқсаныншы жылдың басында ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті, егемен ел болдық. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Алайда, ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған қасиетті жерімізде туған тіліміз өзінің тиісті тұғырына қона алмай отыр»… Бұл – он мақаланың тоғызында кездесетін сөздер. Дәл осы сөздерді жазбасақ, мақаланың құны түсіп қалмайды, сондықтан, ең алдымен, бос сөзден абай болайық!
Жап-жас қыз-жігіттердің дәстүр туралы жаза келіп, өздерінің қатарластарын жазғыруы да көңілге қона бермейді. Яғни, ақыл айтуға әуестенбесек, ақылмансып сөйлеуді қойсақ деген тілек бар. Мысалы, «жастар бұзылып кетті», «жаман әдеттерге әуестеніп барады» дегендей сөздерді үлкен адамдар айтса, бәлкім, жарасар да. Ал бізге олай айтуға әлі ерте болса керек.
Жастық дегеннің өзі оптимизм дегенмен үндес. Олай болса, қара аспанды төндіріп, көптің қамын жеген кейіптен арылсақ, пессимизмнен аулақ болсақ. Түйедей кемшілікті емес, түймедей жақсылықты көре білсек. Жылт еткен жаңалықтың жаршысы болсақ. Оқысақ, «оқығанды көңілге ықыласпен тоқысақ». Жанымызда жүрген жақсы адамдардың жақсылығын айтып, нұрын тасытсақ. Сегіз қырлы, бір сырлы құрбы-құрдастарымызды көпке таныстырсақ. Яғни, жазамын деген адамға тақырып толып жатыр.
Тағы бір байқайтыным, қаламы төселіп қалған журналистер ғана емес, жас тілшілер де сұхбат алуға әуес. Бірақ, бәрі бірдей көңілден шығады дей алмаймыз. Арзанқол, көр-жерді сөз ететін сұхбаттар көп. Біреудің ішкен-жегені, кигені мен мінгені, қыл аяғы себетін әтіріне дейін сұхбатқа себеп болып жатады. Тіпті, қысқа ғана бере салуға болатын анкеталық деректер кейде көлдей сұхбатқа ұласатыны бар. Кейде тоқсан төртінші рет сұхбат беріп отырған белгілі бір тұлғаға айдан жаңа түскендей сауал қоятын әріптестер болады. Жас тілшілеріміз осындайдан аулақ болса екен дейміз.
Үнемі сұхбат беріп жүрген адамдардан интервью алған уақытта үлкен дайындықпен барған жөн. Ең алдымен, ол адамның жеке басына қатысты мәліметтерді толық білу керек. Атқаратын қызметі, қол жеткізген табыстары, жіберген кемшіліктері, өзі қызмет етіп жүрген салаға қосқан үлесі, тағысын тағылар. Тіпті, қай қызметі үшін қандай сыйлық алғанын, қандай ұйымдардың мүшесі екенін, қандай ұжымдық хаттарға қол қойғанына дейін білген дұрыс. Бұл сауатты сұхбат жасауға, салиқалы әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік береді.
Сұхбатқа дайындықсыз баруға болмайды. Сұхбат беруші ақын не жазушы болса, оның қандай да бір шығарма не автор туралы үстірт пікірін біліп қана қоймай, тереңнен талдаған жөн. Өнер адамы болса, тек өнерге қалай келгенін, қандай жетістікке жеткенін сұраумен шектелмей, бүгінгі күннің талабы, сол заман талабына қалай ілесіп отырғаны, өнердегі жаңалықтар мен ағымдар, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы сұраған жөн. Өнер адамының сомдап жүрген рөлін, шығарған туындысын білу де басты шарт. Онда да оның артық-кем тұстарын білгені жөн. Бір журналист Болат Аюхановқа сұхбат алуға барыпты. Балет туралы ешқандай түсінігі жоқ журналистен балетмейстер ананы-мынаны сұраса, журналист иығын қиқаңдатудан өзге жауап таппапты. «Жизельді» көрмепсің, «Щелкунчикті» білмейсің, менің немен айналысатынымнан хабарың жоқ, сонда екеуміз не туралы сөйлесеміз?» деген екен Аюханов сонда. Бұл – дайындықсыз барудың салдары.
Егер саясаткермен сұхбаттассақ, оның қандай да бір саяси оқиғаларға қатысты ұстанымын білген жөн. Қарама-қайшы пікірлері болса, ондай тұстарынан да хабардар болған абзал. Әйтпесе, «тіл туралы не дейсіз, дін туралы не дейсіз?» деген нұсқадағы сұхбаттардың ешкімге ешқандай берері де, керегі де жоқ.
Біз жас тілшілерден жағымды жаңалық күтеміз! Өнегелі тәлімі бар дүние күтеміз! Сіздерге қал-қадерімізше бағыт беруге, жөн сілтеуге біз әрқашан дайынбыз. Хат жазып, хабарласып тұрайық!
Жұлдыз Әбділда
Дереккөз: zhasorken.kz