Компьютерлік дәуір өркендеген сайын балаларға арналған компьютерлік ойындар да кеңінен қанат жаюда. Тіпті балаларды қойып, үлкендердің өзі компьютерлік ойындарға телміретінін көргенде жағаңды ұстайсың. Компьютерлік ойындардың бала денсаулығына теріс әсері туралы дәрігер мамандар жиі айтып келеді. Бірақ оған құлақ асып жатқандар жоқ тәрізді. Қайта қызылды-жасылды әртүрлі түстермен көмкерілген мұндай ойын түрлері сәт сайын ойнаушыларды өздеріне ынтықтырып бара жатқандай.
Компьютерлік ойындар зиян ба?
Мына қызыққа қараңыз, кейбір мамандар компьютерлік ойындардың адамның логикасын дамытуға оң әсер ететінін де жазып жүр. Өйткені мұндай ойындардың арасында кәдімгідей ойлануды, стратегиялық шешімдер қабылдауды қажет ететіндері бар. Тіпті «Киберспорт» деген жаңа спорт түрінің өріс алып жатқанын айтуға болады.
Жалпы балалардың компьютерлік ойындарға қызығушылығы 3-4 жасынан басталады екен. Ғалымдардың айтуынша, мұндай кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлде болмайды. Өйткені баланың ағзасы әлі кішкентай болғандықтан техникалық салмақты көтере алмай қалуы мүмкін. Бала 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Ал бесінші сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалатын көрінеді.
Әсіресе осы уақытта өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы мүмкін. Себебі тым қатты әуестеніп кетуі ғажап емес. Әуестіктің салдары осындай теріс әсерлерге бастайды. Олар достарымен жақын араласпағандықтан бар уақытын компьютер алдында өткізеді. Ұзақ уақыт компьютермен жұмыс істегендіктен, оның адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі. Бұл енді мәселенің психологиялық жағы.
Қазір қала, аудан орталықтарында компьютерлік клубтар жұмыс істейтіні белгілі.Ондай клубтарға жиі баратын балалар сабағын да ұмытып, ата-ана қаржысын текке жұмсайды. Компьютерлік клубтағы ойын үйдегі жалғыз отырып ойнаған ойыннан әлдеқайда қызық көрінеді. Арнайы желі арқылы ойын қызығына түскен олар бірін-бірі жеңіп шыққанша тапжылмайды. Тіпті ойынға белгілі бір ұтыс тігіп «пайдаға» кенелетіндер бар. Ал бұндай ойынқұмар баланың сабаққа құлшынысы болмайтыны анық.
Тель-Авив университеті медицина факультетінің психиатры Пинас Даннонның айтуынша, ғаламтор пайдаланушыларының 10 пайызына нақты ғаламторға тәуелділер деп медициналық диагноз қоюға болатынын алға тартады. Ғалымдар ғаламторға тәуелділерді дәстүрлі психологиялық ауытқуларды қалай топтап зерттесе, дәл солай бөліп қарағанды жөн санайды. Сонымен қоса бұл мәселеге үстіртін қарағанды доғару керектігіне, әсіресе жасөспірімдер мен балалардың құмартуына жол бермеудің маңыздылығына тоқталады.Компьютерлік ойындардың зияны туралы айтылып-ақ келеді. Алайда бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше, күн өткен сайын балалардың аталған ойындарға деген тәуелділігі көбейіп барады. Не істеу керек? Қандай шаралар қолданған жөн. Ең басты мәселе – балалар денсаулығын қорғауымыз керек. Өйткені тапжылмай ұзақ уақыт көгілдір экран алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне әсер етеді екен.
©Өмірбек Қуанышұлы
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13