ЭКСПО-2017: Қазақстан Президенті Монако Князі ІІ Альбермен бірге Монако Княздігінің ұлттық павильонын аралап көрді
25.06.2017, 19:52

ЭКСПО-2017: Қазақстан Президенті Монако Князі ІІ Альбермен бірге Монако Княздігінің ұлттық павильонын аралап көрді

Нұрсұлтан Назарбаевқа Монаконың ұлттық павильонында  энергетикалық тұрғыда «жасыл экономикаға» өтудің проблемаларына арналған экспозициялар және Княздікте қолданылатын үздік тәжірибелер көрсетілді, деп хабарлайды akorda.kz порталына сілтеме жасай отырып silteme.kz.

Мемлекет басшысы «Болашақтың бейнесі» атты инсталляциямен, Монаконың аумағын кеңейту жөніндегі жобаның макетімен, «Жасыл зертхана» секциясымен және күн энергиясымен жүретін велосипед сияқты басқа да экспозициялармен танысты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Монако Княздігі ұлттық павильонының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, ІІ Альберге Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық павильонын көрсетті. Онда екі елдің көшбасшылары уранды жерасты ұңғымалы тазарту әдісін, «Токамак» термоядролық реакторының интерактивті макетін және Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған басқа да экспозицияларды көрді.

***

Монако Княздігі ұлттық павильонының тақырыбы – «Болашақтың бейнесі». Онда 2025 жылға қарай теңіздің 6 гектарында құрылыс жүргізу арқылы Княздік аумағын кеңейту жөніндегі шешімдерге арналған экспозициялар, экологиялық орнықтылық пен экологиялық мобильділік саласындағы жобалар қойылған. 

***

Монако княздығы — Оңтүстік Еуропада, Жерорта теңізінің жағалауына орналасқан шағын мемлекет. Жер аумағы 1950 км2. Халқы 33 мың (2001). Этностық құрамының 47%-ын француздар, 16%-ын италиялықтар, 16%-ын монаколықтар (байырғы тұрғындары), т.б. құрайды. Монако 4 шағын қала-округтерден: Монако-Виль (астана), Ля Кондамин, Монте-Карло мен Фонтвелльден құралады. Ресми тілі – француз тілі. Халқының 96%-ы христиан-католиктер. Ұлттық мейрамы – ұлт күні – 19 қараша. Монако — конституциялық монархия. Конституциясы бойынша мемлекет басшысы — княз. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент – ұлттық Кеңес. Жоғарғы атқарушы орган – Үкімет кеңесін мемлекеттік министр басқарады. Монако 1993 жылдан БҰҰ-ға мүше. Климаты – жерортатеңіздік, субтропиктік.

***

Монако — Еуропадағы туризмнің негізгі орттарының бірі. Елде халықараралық деңгейде танымал курорттар орналасқан. Мемлекеттік кірістің негізгі көздері – шетелдік туристерге қызмет көрсету мен ойын-сауық үйлері. Тамақ, жеңіл өнеркәсіп орындары бар. Сыртқа дәл өлшегіш аспаптар, дәрі-дәрмектер шығарады. ұлттық жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 26170 АҚШ доллорына тең (1995).

***

Ежелгі заманда Монако аумағын кельт тайпалары мекендеген. Б.з.б. 10 – 1 ғасырларда бастапқыда финикиялық, соңынан грек иеліктерінің құрамында болды. Б.з.б. 1 ғасырда Монако Римнің қол астына өтсе, 8 – 10 ғасырларда арабтардың билігі орнады. 11 ғасырдың 2-жартысында Монаконы генуялықтар басып алды. 1215 жылы олар қазіргі Монако жеріне қамал салды. 1419 жылы Гримальдилер әулеті түпкілікті орнығып, Генуяның қамқорлығындағы жеке князьдікке айналды. Монако 1524 жылдан бастап қағаз жүзінде өз дербестігін сақтаған, іс жүзінде испан билігіне тәуелді ел болды. 1641 жылы Францияның қамқорлығына өтті. 1814 жылы Вена Конгресінің шешімімен Сардиния корольдігіне қарады. 1848 жылғы төңкеріс Монакодағы князь өкіметін жойғанымен, келесі жылы қайта қалпына келтірілді. 1865 жылы Франциямен кедендік одақ жасалды. 1868 жылы Франция мен Монако арасындағы темір жол құрылысы аяқталған соң, Монте-Карлодағы кешен даңқы дүние жүзіне жайылып, Монаконың негізгі табыс көзіне айналды. 1899 жылы Монакода мұхиттық зерттеулердің халықаралақ орталығына айналған мұражай ашылды. 1911 жылы Монаконың бірінші Конституциясы өз күшіне енді. 1951 жылы Монако мен Франция арасында кедендік алым-салық, пошта, телекоммуникация, т.б. салаларда өзара қарым-қатынас орнату жөніндегі конвенцияға қол қойылды. 1962 ылы 17 желтоқсанда Конституциясы қабылданды. Монакода Еуропадағы орта толқынды ең қуатты радиостансалардың бірі – “Монте-Карло” орналасқан. Монако көптеген халықаралық ұйымдардың орталығы болып саналады.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер