Қазыналы ғұмыр, ұрпаққа өнеге: Таразда Тәліпбек Сапарбекұлының 100 жылдығы атап өтіледі
30.09.2026, 21:27

Қазыналы ғұмыр, ұрпаққа өнеге: Таразда Тәліпбек Сапарбекұлының 100 жылдығы атап өтіледі

Тараз. Silteme.kz – 3 қазанда Тараз қаласында ұстаз, филолог-тарихшы, шежіреші Тәліпбек Сапарбекұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция және еске алу асы өтеді. Бағдарламаға шежіре кітабының тұсаукесері, бата беру байқауы, дәстүрлі садақ ату жарысы мен мәдени шаралар енгізілген. Бұл туралы тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы айтып берді.

Н.Сәдірбекұлының айтуынша, «Қазыналы Қаратаудай Тәліпбек ата» тақырыбымен өтетін іс-шара ұстаздың өнегелі өмірін таныстыруға, шежірелік мұрасын насихаттауға және ұлттық дәстүрлерді жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

Ұйымдастырушылар таратқан шақыруға сәйкес, ғылыми-мәдени бағдарлама 3 қазан күні сағат 09:00-13:00 аралығында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өтеді. Мекенжайы: Тараз қаласы, Абай даңғылы, 115.

Жиында «Шымыр атаның Шыңқожа ұрпақтары: Қобыланды, Марсым шежіресі» кітабының толықтырылған басылымы таныстырылады. Ғылыми-танымдық конференцияда Тәліпбек Сапарбекұлының ұстаздық қызметі мен шежірелік еңбектері сөз болады. Мәдени-концерттік бағдарламаға Еркін Нұржанов, Мөлдір Әуелбекова және өзге де өнерпаздардың қатысуы жоспарланған.

Мерейтой аясындағы шежірешілер сайысына 1 миллион теңге, бата беру байқауы мен дәстүрлі садақ ату сайысына әрқайсысына 500 мың теңгеден жүлде қоры белгіленген. Осылайша, үш бағыт бойынша жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды. Садақ ату жарыстарын ерлер мен жасөспірімдер арасында Жамбыл облыстық ашық турнирлері форматында өткізу көзделіп отыр.

Еске алу асы сол күні сағат 13:00-де Жамбыл даңғылы, 121а мекенжайындағы «Балташ» мейрамханасында беріледі. Шараны Тәліпбек Сапарбекұлының балалары ұйымдастырып отыр.

 

«Тәліпбек Сапарбеков 1926 жылы Жамбыл өңіріндегі Аса ауылында дүниеге келген. Жамбыл педагогикалық институтының тарих факультетін және Шымкенттегі Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп, екі жоғары білім алған. Қырық бес жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнаған.

Ұйымдастырушылық қабілетімен ерте танылған жас ұстаз 23 жасында мектеп директоры болып тағайындалған. Ол басқарған мектептер білім сапасы жөнінен өңірдегі алдыңғы қатарлы білім ұжымдарының қатарынан көрінген. Шәкірттері кейін еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп, ұстаз сенімін ақтаған», – деді генеолог.

 

Бұдан бөлек тарихшының айтуынша, Тәліпбек Сапарбекұлы педагогикалық қызметімен қатар ел ішіндегі тарихи әңгімелерді, ата-тек туралы мәліметтер мен шежірелерді жинаған. «Шымыр ата» шежіресіне қажетті деректерді жинақтап, жүйелеуге шамамен 45 жылын арнаған.

Сондай-ақ Н.Сәдірбекұлы бұл мұраның маңызы туыстық байланыстарды таратып көрсетумен шектелмейтінін атап өтті. Шежіреші ел жадындағы оқиғалар мен тұлғалар туралы мәліметтерді қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге күш салған. Бұл ретте Тәліпбек Сапарбекұлы қоғамдық жұмыстардан да шет қалмаған-ды. «Шымыр ата» қорын, «Асыл әже» халықтық ансамблін құруға ұйытқы болып, «Шоқай ата» қорына жетекшілік еткен. Тараз қаласындағы ардагерлер ұйымдарының жұмысына қатысып, жастар тәрбиесіне атсалысқан.

«Жалпы, ұстаздың еңбегі Қазақ КСР-і мен КСРО-ның оқу-ағарту саласындағы үздік белгілерімен бағаланған. Ол Тараз қаласының құрметті азаматы атанған.
Тәліпбек Сапарбекұлы жұбайы, «Батыр ана» Күлсін апамен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген. Ұстаз 2013 жылы өмірден озған», – деп ойын түйіндеді.

 

Айта кетейік, алдағы жиында оның өмір жолы туралы естеліктер айтылып, толықтырылған шежіре басылымы көпшілікке ұсынылады. Ұйымдастырушылар ғылыми-мәдени бағдарлама мен ұлттық сайыстар арқылы ұстаз мұрасын таныстырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды мақсат етіп отыр.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер