20.04.2026, 10:19
ШАХАНОВТЫҢ СОҢҒЫ АМАНАТЫ
"Құрметті Мұхтар Шахановты жоқтап, отбасына көңіл айтып жатқан барша қауым! Сіздерден Мұхтар атамыздың соңғы аманатын орындауға көмек сұраймыз".
Белгілі журналист Назерке Шәкірбаеваның фэйсбук желісіндегі жазбасы осылай басталады. Ол: "Өлгеннің артындағы тірінің парызы – оны арулап жер қойнына тапсыру. Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты – өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеу еді. Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына тілек аманаты.
Ақын хәл үстінде жатқан сәттен бастап, жары Ханшайым Шаханова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған.
Онда ақынның соңғы аманаты нақты жеткізілген.
Хат та, дәлел де алдарыңызда.
Енді міне, бүгін Мұхтар Шаханов дүниеден өтті. Бір дәуір келмеске кетті. Тірісінде «Шындық биігінде жолығайық» деуден танбаған қайраткер ақынның соңғы аманатын орындау – бізге парыз.
Арыстанбаб кесенесінің маңында Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым да бар. Мұхтар Шахановтың Өзбекәлінің қасына жерленетін жөні де жоқ емес. Өйткені Мұхтар Шаханов сол Өзбекәлі Жәнібековпен иықтас жүріп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлға. Олардың жолы бөлек болған жоқ. Оған дәлел ақын сөзін жазған «Арқалықтың ақ таңы» әні. Ән тарихы туралы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында да егжей-тегжейлі баяндалады. Торғай өңірінде жүріп, сол жақтың әнұранын жазуды Өзбекәлі Жәнібеков Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовқа сеніп тапсырған. Сол сенімді Мұхтар Шаханов ақтады. Сондықтан оның Өзбекәлі атамыздың қасына жерленуі – қисынды да, жарасымды да шешім болмақ.
Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков қайтыс болғанда, ақын жарының бір ауыз сөзін жерде қалдырмай, оны ел басшысына жеткізіп, мәселені шешуге ықпал еткен Қырымбек Көшербаев болыпты. Бүгін сондай жауапкершілікті мойнына алатын, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманатын жеткізетін адам табыла ма?!
Бұл – бір отбасының, зиялы қауымның ғана мәселесі емес, тұтас бір қазақ деген ұлттың өз тұлғасына деген құрметінің көрінісі болмақ!
@актуальное
P.S. Хат автордың рұқсатымен жарияланды. 15 сәуір 2026 ж. Е-Өтінішке тіркеліп, «ҚР Президент Әкімшілігіне» жолданған" деді.
Тегтер:
Пікір жазу
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13
