Іскерлік орта өкілдерінің кездесуіне 60-қа жуық компания қызметкерлері қатысты. Ломбардия өңірінің италиялық компаниялары өздерінің мұнай-газ, механика, тұрмыстық техника, косметология мен фармация, тоқыма, интерьер дизайны салаларындағы жобаларын таныстырды. Қазақстан өкілдері кездесуде құрылыс, мұнай-газ, атом, теміржол, фармацевтика, денсаулық сақтау, авиация, мерамхана және жиһаз салаларындағы ірі және шағын және орта компанияларын таныстырды. В2В форматындағы келіссөздер барысында екі елдің кәсіпкерлері өзара ынтымақтастықтың одан арғы қадамдарын талқыға салып, Қазақстанның инвестициялық жобаларымен танысты. Ломбардия өңірінің министрі Антонио Россидің айтуынша, Қазақстан мен Италия бизнесмендерінің өзара ықпалдастығы мен олардың бір-бірімен ынтымақтастықта қызмет етуге деген ұмтылысы екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту әлеуетінің зор екендігін көрсетті. «B2B форматындағы кездесулер тек серіктестер мен инвесторлар тауып қана қоймай, бизнесін әлемдік талаптар негізінде дамытқысы келетін компаниялар үшін өте тиімді»,- деді Росси өзінің сөзінде.
Айта кетейік, айтулы көрмені өткізудегі басты мақсаттың бірі де, осы - елімізге инвесторлар тарту болатын.
"Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» - деген еді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде.
Қалай десе де, сарапшылар атап өткендей, ЭКСПО-2017 көрмесі тек Астана үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа қадамы болады.