ЭКСПО-2017: Лапландиялық Санта-Клаус көрмеде жүр
22.06.2017, 00:59

ЭКСПО-2017: Лапландиялық Санта-Клаус көрмеде жүр

Кеше ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында Финляндия Республикасының ұлттық күні болып өтті. Финляндияның тәуелсіздік алғанына 100 жыл толу мерейлі мерекесіне орайластыра өткізілген ұлттық мерекеге «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арнайы келген Финляндия президенті Саули Ниинистё қатысты.

Финляндияның ұлттық күніне арналған салтанатты мереке екі елдің Әнұрандарын орындаумен ашылды. Содан кейін сахнаға еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев шығып, құттықтау сөз сөйледі. «Финляндия – жасыл технология жөнінде әлемде көш бастап келе жатқан елдердің бірі. Таза энергия саласындағы сіздердің қол жеткізген жаңа технологияларыңыз үлгі тұтуға тұрады. Финляндия саяси-әлеуметтік тұрғыдан берік тұрақтылығымен үлгі көрсетіп, Еуропалық одақ елдері ішінде халықтың тұрмыс деңгейінің жоғарылығымен танылып отыр. Біздің елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға алғашқылардың бірі болып ниет білдірген Финляндия Республикасына біз әрдайым құрметпен қараймыз. Көрме аясындағы сіздердің ұлттық күндеріңіз республиканың тәуелсіздік алғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келуінде де символикалық мән бар. Финляндия Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде жедел ынтымақтастық байланыстар орнатты. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық, әлеу­меттік, ынтымақтастық бай­ла­ныстар ең жоғары сапалық дең­гейге шықты. Жаңғырмалы энер­гетика саласында Қазақстанның бірқатар кәсіпорындары Финляндия технологиясы бойынша жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл бағыт­тағы ынтымақтастық байланысы­мыз кеңи түспек», деді өз сөзінде Қанат Бозымбаев.  Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистё қазақ­стан­дықтарды Орталық Азияда тұң­ғыш рет ЭКСПО көрмесін өткі­зіп отырған биік беделдерімен құт­тық­тады. Мұндай жаһандық жауап­кершілікті кез келген мемлекеттің атқара алмайтындығын айта келіп, ол ЭКСПО-2017 көрмесін өт­кізу­дің жоғары дәрежеде ұйым­дастырылғандығын атап көр­сетті. Одан әрі Саули Ниинистё екі ел арасындағы шынайы достық ынты­мақтастықты тілге тиек етіп, Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде Финляндияның ең басты сауда серіктесі екендігін айтты.  «Биыл біз өз еліміздің тәуелсіз­дік алғанына 100 жыл толған торқалы тойын тойлаймыз. Бүгінде Финляндия өзінің экономикалық, әлеуметтік әлеуеті жағынан, саяси тұрақтылығы жағынан Еуропада көш бастап отырған елдердің бірі. Біздің халқымыздың сапалы да жоғары тұрмыс жағдайы әлемге әйгілі. Финляндия мен Қазақстан Рес­пуб­ликасының арасында дипло­матиялық байланыстар орнаға­нына ширек ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде біз тәуелсіз Қазақстанның зор жетістіктеріне тәнті болып келеміз. Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде адамзат болашағы­ның шешуші мәселелеріне қатыс­ты біршама игі бастамаларға ұйыт­қы болып отыр. Сириядағы алаңда­тар­лық жағдайларға байланысты араағайындық танытып, қарсылас жақтардың келіссөз жүргізуіне Астана алаңын берудің өзі Қазақ­станның бейбітсүйгіш саясаты­ның қаншалықты жоғары екенді­гін көрсетеді. Осындай игі бастама­лар­дың ұйытқысы болып отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дәрежедегі беделінің ерекше зор екендігіне тәнті боламыз. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне Финляндияның ірі де танымал 72 компаниясы қатысуда. Олар жаңғырмалы энергетика саласын дамыту мақсатындағы қол жеткен жетістіктерін осы көрмеде паш етеді. Финляндия білім берудің әлемдегі ең озық үлгісін жасады. Осы көрме аясында біз бұл саладағы жетістіктерімізбен де бөлісеміз», деді Финляндия Республикасының президенті ұлттық күннің ашылу салтанатында.  Финляндия Республикасының ұлттық күнінің ашылуына орай­лас өткен салтанатты жиын Фин­лян­­диядан арнайы келген өнер шеберлерінің концертіне ұлас­ты. Содан кейін сахнаға Финлян­дия еліндегі ең белгілі адам Лаплан­диядан келген Санта-Клаус шықты. Финляндия халқы Йоулупукки деп атайтын Санта-Клаус ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы ат басын тіреп, үш күн бойы финдердің павильонына келген қонақтарды құрметпен қар­сы алатын болады. Санта-Клаус­тың бүгінгі құрметті қонақтары ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесіне арнайы келген Қазақстан және Финляндия Республикаларының президенттері болды.   

 

Асхат РАЙҚҰЛ, "Егемен Қазақстан


Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер