ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек соңғы 5 жылда республикалық маңызы бар 4,2 мың км автомобиль жолдары, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында - 1,3 мың км салынып, жөнделгенін баяндады.
Темір жол желілерінің ұзындығы 1 854 км-ге ұлғайды, «Арқалық – Шұбаркөл» және «Жезқазған – Бейнеу» учаскелері пайдалануға берілді, бұл Қазақстанның шығысынан батысына, әрі қарай «Өзен-Болашақ» темір жол желісі арқылы Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Боржақты - Ерсай» тармағы пайдалануға берілді және «Алматы - Шу» учаскесінің бірінші кезеңін салу аяқталды.
Құрық портындағы паром кешенінің темір жолдарын салу аяқталды. Қытаймен шекарада «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы құрғақ портының» инфрақұрылымы толық қалыптастырылды. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-інде жөндеу жүргізілді және ҰҚЖ мен 11 жолаушылар терминалы салынды.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Логистика тиімділігі индексі» рейтингісінде «Инфрақұрылым сапасы» көрсеткіші бойынша 106-дан 65-орынға жоғарылап, позициясын жақсартты. ҚР ИДМ мәліметі бойынша, көлік-логистика саласын дамыту, оның ішінде жобалық басқару аясындағы шаралар бұл көрсеткішті де жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан логистиканың (LPI) тиімділігі бойынша халықаралық рейтингте 88 орыннан 77 орынға көтерілді, ал 2020 жылы әлемдегі озық 40 елдің қатарына кіру жоспарланып отыр.
Ал көліктің барлық түрін есептегенде транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 2020 жылы 1,3 трлн. теңгеге жетеді (жылына 4 млрд. доллар).