Мемлекет басшысы осы жылғы 9 қыркүйекте өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында жаңа Үкіметтің алдына бірқатар міндеттер қойған болатын. Сол міндеттердің ішінде индустрияландырудың жаңа кезеңі есебінен елдің экспорттық әлеуетін әртараптандыру мәселесіне және Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударған еді. Бұл бағыттарды тиімді жүзеге асыруда министрліктің қызметіне басымдық беріледі.
Министрдің айтуынша, индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында өңдеу секторында 26 жаңа кәсіпорын құрылды. Қазақстанда бұрын шығарылмаған 500-ден астам жаңа өнім түрі өндірілді. Олардың қатарында жүк және жолаушы вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, дәрілік заттар және тағы басқа да өнімдер бар. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
«Жүйелі индустриалды саясатты жүзеге асырудың нәтижесінде өңдеу секторы тұрақтанып, өсім көрсетіп келеді», - деді министр.
2015 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторының өсімі 100,2%-ды құрады. Аталмыш тенденция биыл да сақталып, 8 айдағы көрсеткіш 100,7%-ды құрап отыр. Негізі бұл көрсеткішке индустрияландыру бағдарламасының басым салаларының арқасында (қара және түсті металлургия, химиялық өнеркәсіп) қол жеткізіліп отыр.
Анықтама. Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асқан кезден бастап енген жобалар жалпы сомасы 7 трлн. теңгенің өнімін өндірген. Ал, 2016 жылдың 8 айында 1,3 трлн. теңгенің өнімі шығарылған. Картаға енгізілген жобалар ай сайын 160 млрд. теңгеден астам соманың өнімін өндіреді. Биылғы 8 айда іске қосылған жобалар есебінен жалпы өңдеу өнеркәсібі көлемінің 17,5% шығарылды. 2010-2015 жылдары іске қосылған жобалар бойынша экспорттық өнім көлемі 1,5 трлн. теңгені құрады.
Жобалардың 93%-ы жеке бизнес есебінен жүзеге асырылса, жалпы сомасы 277 млрд. теңге болатын 26 жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды.
Негізгі капиталдың инвестициялық оң динамикасы сақталуда. Биылғы жылдың 8 айында инвестицияның негізгі капиталы 4,8%-ға өсті (4,3 трлн. теңге – 12,6 млрд. долл.).
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында таза тікелей шетелдік инвестиция ағыны ұлғайып, 5,7 млрд. долларға жетті.
Туристік саланы 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасын іске асырудың арқасында шкі туризмнің өсімі байқалды. Өткен жылдың баламалы кезеңімен салыстырғанда биылғы жарты жылдықта өсім 6%-ды құрады. Бұрынғыдай Бурабай, Алматы, Алакөл және Бұқтырма халық көп баратын негізгі бағыт ретінде қалып отыр.
2017 жылдың қаңтарынан бастап экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері мен 14 экономикалық дамыған және саяси тұрақты мемлекеттер үшін визасыз тәртіп енгізіледі (барлығы 48 мемлекет).
Ресей, Түркия, Италия, Германия Нидерланд, АҚШ және Ұлыбританиядан келетін қонақтар саны артып отыр.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңыздағы 8 автожолға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. (Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар-Семей, Бейнеу-Ақтау, Қапшағай-Талдықорған, Көкшетау-Петропавл, Орал-Каменка және Ақтөбе-Атырау). Қайта жаңғырту жұмыстарына 1,7 мың шақырым жол қамтылды.
Биылғы жылдың 8 айында жылдық жоспардағы жолды қайта жаңғырту жұмыстарының 70%-ы орындалды. Учаскелерде 415 шақырымға асфальтті және цемент бетонды жабындар төселді. (3 млн. тонна қиыршық тас, 250 мың тонна цемент, 125 мың тонна битум пайдаланылды. Бұлар отандық өнімдер. Бұл жұмыстарға 75 мың адам, 30 мердігер ұйым жұмылдырылды. Олардың 20-сы отандық компания).
Жыл соңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі қозғалысын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Бейнеу-Шетпе мен Көкшетау-Петропавл бағыттары да ашылады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткізу мүмкіндігін 2,5 есеге арттыратын Алматы-Шу (100 шақырым) учаскесінде екінші темір жол құрылысы жүріп жатыр (тәулігіне 40-тан 80 жұп пойызға дейін).
2016 жылдың соңына дейін Боржақты-Ерсай темір жол желісі мен паромдық терминалды қосатын Құрық портының алғашқы кешенін іске қосу жоспарлануда. Жоба толығымен 2018 жылы аяқталады, деп жоспарланған.
2016 жылдың 8 айында әуежелісі 4 млн. адамды тасыған. Әуежайлар 7,6 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Астана әуежайының жолаушылар терминалын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асуда және Петропавл қаласы әуежайының әуевокзалы мен ұшу-қону жолақтарын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. 2017 жылдың басында Семей әуежайындағы ұшу-қону жолақтарын қайта жаңғырту жоспарланып отыр.