Ғалым Дугалов баяндамасында 2004 жылы Қазақстанда «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданғанын атап өтті. Сол уақыттан бастап техникалық реттеудің екі деңгейлі жүйесі қолданылып келді. Онда мемлекет техникалық регламенттерде белгіленетін міндетті талаптар арқылы қауіпсіздікті реттейді, ал нарық стандарттар арқылы сапалы көрсеткіштерді жақсартады. Әділ бәсеке болады. Яғни, мемлекет кепілдік береді, нарық сапалық көрсеткіштерін жақсарта отырып, бәсекеге қабілетті болатынын атап өтті Комитет басшысы.
«Қазақстан ЕАЭО-на, ДСҰ-на кірді. Мүшеліктің шеңберінде халықаралық талаптарға көшу қажеттігі туындады. ЕАЭО-да техникалық реттеу – тек өнімге қойылатын міндетті талаптарды құқықтық реттеу. ДСҰ шеңберінде стандарттар ұсынымдық сипатта, ұлттық стандарттар халықаралық талаптарға сәйкес келуге тиіс. Ал, міндетті талаптар техникалық регламенттерде қамтылуы қажет. Осыған байланысты «Стандарттау туралы» жеке заңды әзірлеу арқылы ұлттық стандарттау жүйесі құрылады», - деді Ғ.Дугалов.
Сонымен бірге, енгізілген жаңалықтардың негізгі мақсаттары отандық өнімнің сапасын, бәсекеге қабілеттігін арттыру; саудадағы техкедергілерді жою, инновацияларды енгізу мен жоғары технологиялық өндірісті дамытуды қолдау.
Ғ.Дугаловтың айтуы бойынша, Заң жобасының негізгі жаңалығының бірі стандарттау жөніндегі ұлттық органды құру. Бұл орган стандарттау бойынша барлық процестерді үйлестіруі тиіс оператор ретінде анықталады.
Стандарттау жөніндегі ұлттық орган стандарттарды талдаудан бастап, әзірлеу процедурасы мен оларды қолдану мониторингіне дейін қызметті жүзеге асыратын болады. Бұл өзара байланыс ретінде техникалық регламенттер тізбелеріне ұлттық стандарттарды енгізу арқылы отандық бизнесті қорғауға мүмкіндік береді.
«Осының нәтижесі ретінде бәсекелесуге мүмкіндік беретін ішкі және сыртқы нарықтарда сенімге ие бола алатын стандарттарды көреміз. Осы мақсатта көрсетілген барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ДСҰ талаптарына сәйкес ұлттық стандарттарды әзірлеу процесі белгіленді», - деді Ғ. Дугалов.
Сонымен қатар, ұлттық стандарттар жобаларына техникалық талдауды енгізу арқылы стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің рөлі артады. Техникалық алаңда терминология талданады, стандартты енгізуге ҚР техникалық дайындығы айқындалады, қосарланған техникалық талаптар болмайды, ғылыми зерттеулерді іске асыру зерделенеді.
Сондай-ақ, спикер осы уақытта ұлттық экспорттық стратегия аясындағы іс-шараларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Комитет стандарттауды жоспарлау бойынша ұлттық стратегия тәсілдерін ескере отырып, жүзеге асырады. Онда экспортқа бағытталған өнім анықталады. ТМД елдеріне тауарларды кедергісіз шығару үшін мемлекетаралық сипаттағы стандарттар әзірленеді.
«Заң жобасында қарастырылған нормалар мемлекетаралық және халықаралық стандарттар әзірлеу кезінде уәкілетті органдарды ғана қатыстырмай, сонымен бірге стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер арқылы бизнесті тартуға мүмкіндік береді. Олар Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескере отырып, халықаралық стандарттарда белгіленген нормаларға ықпал ететін болады»,-деді Ғ. Дугалов.
Қорытындылай келе, спикер бұл механизм жалпы алғанда, индустриалды-инновациялық дамуға ықпал ететінін, Қазақстанда стандарттарды енгізу арқылы экономика саласындағы тиімділік көрсеткіштері жақсаратынын және стандарттау бизнесті қаржыландыруды ынталандыратынын атап өтті.
Анықтамалық: Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының жалпы саны - 7 703 бірлік, 2017 жылы 1000-нан астам ұлттық стандарт бекітілді.
Басым салалар бойынша нақты сектордағы ұлттық стандарттардың саны мынадай:
*мұнай газ саласы, аралас өндірістер 636;
*азық-түлік өнеркәсібі 501;
*жол-көлік және темір жол техникасы 558;
*құрылыс материалдары мен құрылыс саласында 625;
*металлургия және тау ісі саласында 451;
*ауыл шаруашылығы 194;
*энергетика және электр техникасы 349;
*жеңіл өнеркәсіп 245;
*машина жасау 409;
*химиялық технология және лак бояу өнеркәсібі 215.
2018 жылға арналған стандарттау жобасында, сондай-ақ басым бағыттар бойынша мүдделі тараптар өтінім еткен 1000 стандарт әзірлеу жоспарланған (ИИДМБ, ЕАЭО ТР іске асыру, ҚР ТР, экспорттық стратегия және т.б.). Мемлекетаралық стандарттардың саны 25 364.