«Балуан» сөзі қайдан шыққан? (І бөлім)
26.12.2019, 13:23

«Балуан» сөзі қайдан шыққан? (І бөлім)

«Балуан» сөзі қайдан шыққан? (І бөлім) Фото: clipartlogo.com

НЕМЕСЕ САҚТАРДЫҢ «ПАРН» (ДАХ/ДАЙ) ТАЙПАСЫ ТУРАЛЫ

 

Сөз қадірін білмеген –

өз қадірін білмейді.

Халық мақалы

Сөздің тарихы, елдің тарихы. Елдің тарихы, сөздің тарихы. Мұны тілші ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Кей-кейде тарих ғылымы, оның ішінде археология нәтиже бермеген тұстарда мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану ғылымдарымен шектесе отырып лингвистиканың да алып шығатын тұстары болады. Дәл бұған мысал жетерлік. Кей-кейде халықтардың тегін анықтай алмағанда, филология арқылы түстеп тануға болады. Шумерлермен де, кимерліктермен де, Атилланың ғұндарымен, америкалық үндістермен де солай болды. Сөздің бүккен сырын таба білсе, ата тарихын да білу қиын емес.

Біздің қазақта «балуан» деген әдемі сөз бар. Жазылуы да, айтылуы да, естілуі де көп-көрім сөз. Балуан Шолақ, Қажымұқан деген есімдерді естігенде де осы сөздің бірден ойға оралатыны белгілі. «Балуан жігіт», «атасы балуан болған», «балуан денелі» дегенді де көбіне комплимент ретінде айтып жатамыз. Әсіресе, бұл сөз соңғы кездері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан «Қазақстан Барысы» турнирінің танымалдылығы артқан сайын жаңғыра бастады. Аталған сайыс жеңімпаздарының халықтың зор ықыласына бөленіп, жұлдыздық тұлғаларға айналғаны да жасырын емес. Бүгінде Ұлан Рысқұл,  Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиевті білмейтіндер кемде-кем. Хош. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Осы аталып өткен алыптардың барлығының басты анықтауышы болып отырған әйдік сөздің шығу төркінін «концепт» ретінде шама-шарқымызша тарқатып көрмекпіз. 

Сіздің балуандар күресін тамашалаған сәттерде күресуші спортшылардың неге бұлай деп аталатынына ой жіберген кезіңіз болды ма? Балуан дегеннің кім екенін білеміз. Қазіргі түсінік бойынша Балуан/Палуан – қандай да болмасын, күрес өнеріне жетік, шебер спортшы. Яғни, балуандықтың айла-тәсілдерін жетік меңгерген күресуші адам.

Ескі қазақ түсінігінде ұлттық күреспен айналысатын, ас-тойларда, той-томалақта ел намысы үшін сайысқа түсетін зор күш иелерін ғана «балуан» деп атаған. Ата-бабаларымыздың заманында «балуан» атану да оңай болмаған. Қазіргідей бір-екі ай жаттығып, кілемге шығып, қарсыласыңды жығып оңай атақ алу емес. Кәдімгідей елдің абыройын асырып, қатерге бас тігіп, «не бел, не белбеу кетеді» деп соғысқа кіргендей балуанға түсу. Бабы мен бағы қатар келсе, түйе балуан, одан әрі ауыр салмақ дәрежесіндегі абсалютті чемпион – нар балуан атану. Былайша айтқанда, жапондардың өз ішінде «самурай» атану мәртебесі секілді мазмұны жағынан өте абыройлы ат болған.

Күнделікті тұрмыста бұған баламалар ретінде ағылшынның «wrestler» мен орыстың «борец» сөздерін қолданып жүрміз. Алайда, байқасаңыз, баламасыз лексикаға жатқызарлықтай-ақ салмағы бар ұлттық реңкі басым сөз.

Сауалымызға қайта оралсақ. Сонда да, неге нақ «балуан»?! Неге «салуан» емес, Неліктен «алуан» емес. Иә, бір қарағанға тамыры терең қазақ күресімен бірге халқымызбен ықылымнан жасасып келе жатқан жай ғана сұлу лексема сияқты. Десе де, бұл сөздің артында сақ-ғұн текті этносымыздың ежелгі дәуірлердегі айбаты мен айбынының бір кезеңін айшықтай түсетін шежірелі тұтас бір тарих жатыр. Солай, солай.

Міне, осы жерде бізге сөздердің шығу тегін түсіндірумен айналысатын тарихпен тамырлас тіл туралы ғылымның арнайы саласы — этимология әдістемелеріне жүгінген жөн. Ана тіліміздегі сөз байлығының басынан кешкен ұзақ тарихы бар. Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология тексереді. Ал оның бір саласы – этимология. Ол сөздердің шығу төркінін, олардың ең алғашқы түр-тұрпаты мен мағынасын анықтайды (Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы, Алматы, 1997 ж.). Терминнің атауы айтып тұрғандай, зерттеу нысанымызға айналған осынау сөздің нағыз, шын мән-мағынасы нені білдіреді екен?

 

 

Бұл ретте біздің ең әуелгі алға қоятын мақсатымыз – «балуан» сөзінің мағыналық, стильдік әрі грамматикалық табиғатына жан-жақты сипаттама беріп, оның қазіргі сөздік құрамдағы орынын анықтау болмақ. Оның мағыналық нормаларын, стильдік қолданыстарын саралай отырып, нормативтік сипатына нақты түсінік бермей жатып көне мағынасын да айыра алмаған болар едік. Сондай-ақ, бұл сөздің концептін лингвомәдениеттанулық бағыт тұрғысында қарастырамыз. Филологиядағы концепт  — бұл адам тіршілігінің ақыл-ой, рухани және материалдық сферасына жататын, халықтық-қоғамдық тәжірибеге негізделген, тарихи тамырлары терең, артында белгілі бір ұғымы бар сөздік белгінің мазмұндық жағы. Ол концептуальдық лингвистика теориясының басты ұғымдарының бірі.

Сонымен, қазіргі нормативтік-концептуальдық сипаты қандай?

 

 

Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігінде (Қазақ сөздігі, Алматы 2013 ж.) «балуан» сөзі былайша тармақталады:

Балуан – зат. 1. Күреске түсетін адам, күрес өнерімен айналысушы, жеңімпаз адам. 2. ауыс. Үлкен, алып.

Балуан балтыр. Күшті, қарулы аяқ. Балуан бармақ. Саусақтары салалы, жуан, қайратты. Балуан бәйге. Күресте жеңген балуанға берілетін бәйге. Балуан бел. Жалпақ, жуан бел. Балуан білек, Қайратты, жуан білек; алып күш иесі. Балуан бітімденді. Іріліне түсті, тұлғаланды. Балуанға түсті. Күреске шықты. Балуан /палуан/ денелі /тұлғалы/. Дене тұлғасы балуанға ұқсас, ірі. Балуан жауырынды. Кең, ірі жауырынды. Балуан жігіт. Ірі денелі жігіт. Балуан күрес. Балуандар күресетін спорт түрі. Балуан қабырға. Қой-ешкінің алтыншы қабырғасы. Балуан қол. Күшті, қайратты қол. Балуан сайыс. Күрес, балуандардың жарысы. Балуан тас. Күш сынау үшін арнайы таңдап алынған тас.

Балуандай - сын. Балуан сияқты, балуан тәрізді.

Балуандан - ет. Сомдалу, тұлғалану.

Балуандану - Балуандан етістігінің қимыл атауы.

Балуандық - зат. 1. Балуан болушылық. 2. Күштілік, қайраттылық.

Балуандыққа түсті. Күреске шықты.

Балуансын - ет. Мықтысыну, батырсыну.

Балуансыну - Балуансын етістігінің қимыл атауы.

Балуантас - зат. Бұлшық етті қатайту үшін көтеретін ауыр тас, кір тасы.

Көріп отырғанымыздай, «балуан» сөзі ұғым, логикалық та, тілдік те категориялар тұрғысынан нақ бір ғана түпкі қазық ұғымнан алшақ кетпей тұр. Яғни, сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымының арақатынасы ретінде көрініс берген. Дербес сөз ретінде сөздің атауыш мағынасы – тура мағынасында қолданылған және осы ұғымға жақын сөздердің қай-қайсысымен де еркін байланысқа түскен.

Бұл ретте филология терминдерінен алыс қауымды иірімі мол ережелер мен қағидаттар шырғалаңынан сақтай отырып, ол сөздің көне мағынасына қатысты деректер тізбесі не дейді, соған үңілелік.

Көрнекі қаламгеріміз І.Жансүгіровтің жазуынша, ежелгі Иран жұртында «палуан (палван, пехлеван)» деп тек қана ақсүйек ұландардан құралған әскерилерді атаған. Өз кезегінде, бұл сөз көне түркі тіліндегі «алып» сөзімен ішкі мағынасы бір, мәндес. Ортағасырлық шығыс елдерінде балуан жігіттер соғыс кезінде басы металдан кұйылған ауыр шоқпар күрзімен қаруланып, әскери қосындардың «күрзішілер» қосындарын құраған. (Шығармалар. Алматы: Қазмемкөркемәдеб, 1958 ж.).

 

 

Пехлеван – қазіргі Иран және бірқатар түркі тілдерінде қазақ тіліндегі секілді «батыр» мен «балуанды» білдіреді. Ең жақын синонимі «қаһарман» сөзі. Оның түркілік «баһадүр», «батыр» сөздерімен қатар қолданылатын зерттеушілер атап өткен. Яғни, этимологиялық-концептуальдық тұрғысынан талдағанда тағы да жоғарыдағы «әскерилер» деген ұғымға қайта келіп тірелеміз. Бұл турасында ежелгі парсы әлемі туралы ағылшын тілінде жазылған «Traditional Iranian Martial Arts» еңбегінде жан-жақты түсінік берілген. Ондағы тұжырымға сәйкес, «пехлеван» сөзі ең алдымен парфиялық сарбаздар – катафрактылар (бастан-аяқ темір құрсанған ауыр кавалерия) білдіретін сөз. Пехлеви тілінде «pаhlav» –  парфиялық, ал оның соңындағы «vаn» жалғауы қатыстылықты білдіреді. Өзіндік атауы «Pahlavan» немесе «Pahlavanig». Мұның мәні: «парфиялықтар арасынан шыққан/парфиялық тәрізді/парфиялық».

Нақ осы тұста атам қазақ айта беретін «Едігеден бастасам, ертегіге кетерміннің» кері болғалы тұр. Өйткені «пехлеван» сөзіне түпкі негіз болып отырған Парфия ұлысы яки патшалығы – Каспий теңізінің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында б.з.д. 250 ж. пайда болып, б.з. ІІІ ғасырдың ширегіне дейін, яғни 400 жылдан астам өмір сүрген ежелгі империя. Оның территориясы негізінен қазіргі Түрікменстан, Иран, Ирак, Сирия, Ауғанстан және Пәкістан аумағын алып жатты. Ал бір пұшпағы біздің батыс пен оңтүстік өлкелерімізбен өтті. Былайша айтқанда, Таяу Шығыстан бастап Орта Азия аумағын да қамтыды.

 

 

Тарихи хроникаларға қарағанда, б.з.д. ІІІ ғасырда Арал маңы, Маңғыстау және Түркмен-Хорасан тауларының бір тармағында скифтекті массагет (көне Иран деректерінде сақтар) тайпаларының бірнеше бөлімі дах/дай одағына бірігіп, ахеменидтер державасының сатрапиясы болған, кейіннен селевкидтер билігіне көшкен, сол шақта «Апартик» деп аталатын аймаққа басып кірді. Басқыншылардың ішінде «парн» тайпасы жетекші рөл атқарды және олардың бұл өлкеге Парфия патшалық династиясы мен империясының негізін салушылар – «Аршак» (Арсак) пен «Тиридат» есімді көсемдер бастап келді. Аталған аумақта бұған дейін эллиндік және парсылық мәдениеттер араласып, жергілікті халқы отырықшылыққа көшіп үлгерген болатын. Ендігіде, жаңадан шаңырақ көтерген Парфия патшалығының мемлекет құрылымы мен әскери өнерінде көшпелі өркениеттен нәр алған парндардың рулық таным-дәстүрлері (мысалы, рубасылар кеңесі өз қызметін жалғастыра берді) мен Апартиктің бұған дейінгі өзіндік басқару жүйесі үйлесім тапты. Бір айта кетерлік жайт, жаңа әулет өздерінің ұлыстық атауын жариялай отырып, ә дегеннен далалық дипломатияның үздік үлгісін паш етіп, сыртқы саясатта шекаралас көршілері әрі қарсыластары – батыста Селевкі әулеті және Риммен, шығыста Грек-Бактриямен және туыстас сақтармен қарым-қатынас орнатты.

 

 

Тарихшылар арасында «жаулаушы дах/дайлар тобы бұрыннан «Парфия» деп аталатын елдің үстіне кіріп, араласып, сіңіп кетті» деген пікір болғанымен, олардың басым көпшілігі бұл атаудың «парн» тайпасының атынан шыққанына бек сенімді. Яғни, парфиялық дәуірге дейінгі кезеңде мұндай атау еш кездеспейді. Ал парфиялықтардың өздері болса, өз-өздерін жоғарыда атап өткеніміздей, «Pahlavan» деп атаған. Ал қазіргі біздің тарихшылар ортасында ресми айналымда жүрген «Парфия» бірлігі осы атаудың грекше айтылу нұсқасы ғана.

Ал енді бәрінің түпкі көзі болып отырған «парн» этнонимінің мағынасына келсек, оның өзге де үнді-ирандық (автордан: егер ежелгі сақтар «таза иран тілді болды» деп есептер болсақ) тайпалардың атауларымен үндестігіне көз жеткіземіз. Белгілі түркітанушы Л.Н.Гумилёв оны «парсы», «пуштун» атауларымен түбірі бір деп санаған. Санскрит, үнді-иран тілдеріндегі parśu-parśṷ(a) - яғни, «бүйірлі», «кеуделі», яки «мығым денелі» деген мағынаны білдіреді. Айталық, «Персия» атауы осы түбірлік формалардың құбылып, түрленуінен шыққан.

 

 

Парндар туралы жазбаша деректер Герадот пен Страбонда және өзге де көне авторларда кездеседі. Олардың салт аттылары тіптен Гавгамелладағы Ескендір Зұлқарнайынға қарсы соғысқан парсы әскері құрамында болды деген дерек бар. Олар әлемдік тарихқа Аршакидттер династиясы, Парфия ұлылығының тұғыры және римдік легиондардың шығыстағы тәсілқой да қаһарлы қарсыластары ретінде енді (Л.Н.Гумелев).

 

 

 

«Парн» атауының синонимі тәрізді болып кеткен дах/дай (парс. داها‎, лат. daoi, daai және грек. Δάοι, Δάαι) туралы деректер ахеменид патшасы Ксеркстің империясына қарасты елдер мен облыстар тізбесінде кездеседі. Сайып келгенде, осы екі атаудың қатар қолданылғанына көз жеткізуге болады. Страбон олардың елін «Скифтік Дахия» деп те атайды. Ал аумағын шамамен басқа авторлардан аздап қиғаш кетіп, қазіргі Батыс Қазақстанға орналастырады. Геродоттың жазуынша, біз б.з.д. V ғасырда олар Каспий теңізінің оңтүстік-шығыстық беткейінде, яғни, қазіргі Иран мен Түркменстан шекарасындағы аймақта мекендепті. Осынау одақ туралы тағы бір мәліметтер І Дарийдің Накшерүстемдік жазбаларында да бар. Басы ашық жайт: б.з.д. VI-IV ғасырларда Яксарттың сағасында «парадарая» атты сақтардың қуатты тобы тіршілік еткен, ал дахтар солармен қанаттас жұрт болса керекті.

Сонымен, осы тақырыппен байланысты тұжырымдарды пайымдай келе, б.з.д. VI-IV ғасырларда Сырдың төменгі ағысындағы дай-дахтардың басым бөлігі ІІІ ғасырда оңтүстікке көшіп, атамекенінде жекелеген топтары ғана қалған деген тоқтамға келеміз. Дайлардың мұнан әрідегі тағдыр талайы Қаңлы одағының қанатының астында өтсе, онан соң Батыс Түрік қағанатының ықпалында, кейіннен оғыз тайпалары одағына қосылудан көрінеді. Түптеп келгенде, дайлардың басым бөлігінің Маңғыстау атырабына табан тіреуі де сол кезеңде, яғни, ІХ ғасырдың ширегінде жүзеге асуы әбден мүмкін. Бұл жағынан біз қазақстандық тарихшылардың жаттанды пайымдауларын қайталап қана бере аламыз. Айталық, Әбу Исхақ Әл-Истахридің «Китаб Месаликал Мемалик» атты оғыз халқы туралы кітабында келтірілген деректер назар аударарлық. Аталмыш еңбекте Маңғыстау аймағы «арал» деген атаумен көрсетілген. Кітаптағы ұғымға сәйкес оғыз бірлестігінен бөлініп кеткен «түрік тайпасының» осы дахтар болуы әбден ықтимал. Сондай-ақ, гуздердің өз лексикаларына сәйкес осы «арал» халқын «адайлар» деп атауы да қисынға келетіндей ме, қалай? Себебі, оғыз жұрты тілінде «арал» — «ада» деген қалыпта айтылады...

 

Жалғасы бар...

Мәдениеттанушы-лингвист

Абылайхан Қалназаров

Материалдың екінші бөлімі мына сілтемеде: http://silteme.kz/index.php/baska/netokratiya/item/4064-baluan-s-zi-ajdan-shy-an-ii-b-lim

Дерек көзі: kazislam.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер