Ақпарат көзінің дерегінше, Аяз Ата – ежелгі рух, қыстың, аяз бен ызғырықтың билеушісі. Оны кейде Трескун, Позвизд, Карачун деп те атайтын болған. Ал Санта Клаус – V ғасырда Грецияда өмір сүрген Николайдың прототипі болып табылатын ойдан шығарылған кейіпкер. Қысқасы, Аяз Атаның кім екендігін түсіну үшін Қыдыр атаны есіңізге түсірсеңіз жетіп жатыр.
Аяз Жаңа жыл мерекесін тойлау дәстүрі пайда болмас бұрын бар болған қаһарман. Бағзы замандарда жер бетін мекендеген барлық адамдар өлген адамдар өзінің тайпасын қорғап, жақсы ауа-райы мен мал-жанды қамтамасыз етеді деп сенген. Осы көмектеріне алғыс айтып және келер жылы да бізді ұмытпасын деген ниетпен Жаңа жыл түні оларға арнап сыйлықтар әзірлеген екен. Ауыл жастары осы түні әртүрлі бетперделер киіп көшеге шығып, Аяз Атаны күтетін болған. Үлкендер Аязға арнап тағамдар пісіріп, далаға шығарып қояды екен. Мұның себебі - ол бастапқыда өте қатал, жауыз, адамдарға үскірік борандар жіберіп, мұз етіп қатырып тастайтын жағымсыз кейіпкер болған.
Бір қызығы, біздің ұғымымыздағы Аяз Ата сыйлық алатын емес, керісінше сыйлық әкелетін тұлға. Ғалымдар осы түсініктің қашан, қалай пайда болғандығын нақты айта алмай отыр.