Кітапқа қазақ халқының көне түркі-ислам дәуірлерінен бастау алатын балуандары мен күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналары, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер, кейбір жекелеген тарихи деректер енгізілген. Басты мазмұнды аты аңызға айналған Балуан Шолақ, Қажымұқан, Жетпіс сынды алапат күш иелері мен олардың балуандық жолындағы тосын хикаялары мен оқиғалары, шешендік сөздерінің шоғыры құрайды. Мұнда қазақша күрес пен жекпе-жек дәстүрі көшпенді қоғамның азаматтық құндылықтары тұрғысынан қарастырылған.
Кітап жаңалығы – ұлттық спорт пен дегдарлық мәдениет туралы жаңа көзқарас қалыптастырады. Сонымен қатар баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы аса зор.
Кітап лентасын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, кітаптың автор-құрастырушысының әкесі Мамырайхан Қалназаров пен белгілі зерттеуші-өнертанушы Ерлан Төлеутай қиды.
«Ата дәуірден күрестің – екі адамның белдесіп, бірін-бірі кайрат пен айла-тәсіл қолданып жығуды мақсат еткен күш сынасу өнері екені мағұлым. Сондай-ақ қазақ халқының өте ертеден жалғастырып келе жатқан дəстүрлі спорттық-жауынгерлік ойындарының бірі болғаны есепті оның аңыздалған идеологиялық-персонаждық базасы біршама. Яғни бұл да қаһарман батырларды көпке насихаттау салтының аясына сыйып тұр. Осы тақырыпқа сырттан кимелей келіп қосылатын тарихи кейіпкерлер де жетерлік. Ал балуан кітап сол тұғырнаманың баяндамалық манифесті іспетті», – деп атап өтті автор-құрастырушы А.Қалназаров.
Оның айтуынша, мұнда бір күресу мен белдесу тақырыбы көтерілмейді. Ұлтқа тән дегдарлықпен астасқан ірілік, күштілік, елсүйерлік, батырлық пен алыптық та қамтылған. Қазақ күресінің спорттық-жауынгерлік бағытты ғана емес, әдеби-тарихи кезеңдерді де қамтитыны айшықталған. Шын оқырман мұнан талпынып ізденсе интеллектуальдық тізбекті де, Ұлы дала жұртының транцедентті-экзистенциялық ізденіс жолдарын да табары анық.
«Мұнан ел азаматтары бір кездері әкесі, немесе атасы, бәлки өзі жоғалтып алған жеңімпаз рухын табар-ды! Ұлт мәдениеті мен ділінен, ақлақ шеңберінен тыс кетпеуге барынша тырыстық. Бізде «Қажымұқандар арқылы тарихи тізбегімізге жалғанайық, cана сілкінсін, еркін рух қайта келсін, қазаққа болсын» деген ниет қана. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақтың қарнын емес, майрылған намысын қайрап, жұтаған руханиятын қуаттау». Зияткерлік мұрамызды былай жиып қойып, бір күш культін баса насихаттау ойымызда болған емес. Бәрінің балансы сақталған», – деп түйіндеді Абылайхан Мамырайханұлы.
Жиын барысында Астана халықаралық университетінің Дизайн және жоғары өнер мектебі деканы Саят Баймұратұлы арнайы тарихи-ретроспективалық баяндама жасап, жас жыршылар – Әлихан Дүйсенбай «Зарлықтың Қарадәумен алысқаны», Есхат Нұрәлі «Алпамыс» атты көне жырларды жырласа, кәсіпкер-продюсер, спортшы Арман Сүлеймен қабатталған кірпіштерді жалаң қолмен ұрып сындырып, шеге иіп, атлеттік ойынның бірнеше түрін көрсетті.
Шара соңында А.Қалназаров Ұлттық музей Ғылыми кітапханасы қызметкерлеріне кітапхана қорында сақтау үшін балуандық кітап томдарын салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, іс-шараға ондаған танымал тұлғалар, бірқатар эстрада жұлдыздары, білім-ғылым, БАҚ және спорт саласы өкілдері қатысты.
Кітап түркістандық «Балауса» шаруақожалығының басшылары Мамырайхан Қалназаров пен Мейірхан Қалназаровтың демеушілігімен жарық көріп отыр.
Екі томдық авторлық-жинақ – күрес өнеріне маманданған орта мен салалық мектептер мен үйірмелердің ұстаз-шәкірттеріне, ЖОО студенттері мен магистранттарға, жалпы қазақ халқының ерлік фольклоры, аңыздары мен мифтеріне, кейінгі заман әңгімелеріне қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Салтанатты шара фотолары: