Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әсел Өтегенова мен дүниежүзілік мәдени мұра орталығының өкілі, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секциясының бағдарламалық маманы Лин Роланд, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстандағы ЮНЕСКО-ның ресми өкілдері, облыс әкімдігінің ғылыми-әдістемелік кеңес мүшелері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты.
Қырымбек Көшербаев өз сөзінде Қазақстан бойынша ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген Жібек жолының Сырдария аумағындағы 16 объектінің 8-і Қызылорда аймағына тиесілі екендігін атап өтті. Олар - Сығанақ, Жанқала (Жент), Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш молла, Жетіасар оазисі ескерткіші және Баланды қонысы.
«Біздің облыста құрылған тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес тарихи мұраларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс нәтижелерінің ғылыми маңыздылығын арттыру бойынша жобаларды үйлестіреді және жүзеге асырады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне жоғарыда аталған Қызылорда облысы аумағындағы ескерткіштерді енгізу үшін 2014 жылдан бастап облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде»,- деді аймақ басшысы.
Сараптамалық кездесуге қатысушылар әлем мәдениеті үшін Сырдария-Ферғана дәлізінің маңыздылығын талқылап, бүкіләлемдік мұралар орталығына номинациялық құжаттарды жеткізу күнін белгіледі.
Автор: Елубай Әуезов
Дерек көзі: kazinform.kz
Пікір