Әркімнің қорқынышы әртүрлі болады. Әр адамның қорқуының әр түрлі себептері бар. Кейбіреулерде қорқыныш – қолдарынан бірнәрсе келмесе пайда болады. Ал басқаларын сырт келбеттері қатты алаңдатады: аяқтары, мұрындары өздеріне ұнамайды. Қорқыныш белгісіздіктен де туындайды. «Ары қарай не болады?» деген сұрақ мазалауы мүмкін.
Ал қазір жастардың бойында «ҰБТ-ны тапсыра алмай қалсам ше?» деген қорқыныш басым. Ата-аналар, мұғалімдер, сыныптастар психологиялық қысым жасайды. Көптеген түлектер осындай қысыммен жүреді. Енді не істеу керек?
Мен де биыл 11-сыныпты бітіріп жатырмын және алдағы емтихандар мені де алаңдатады.
Түлектерді жоғары балл жинай алмай қалу қаупі үрейге бөлейді. Сондықтан, бастағы күңгірт ой: «егер біз грантқа қол жеткізе алмасақ, өмір мүлдем сұрға айналады және біз қажетсіз болып қаламыз».
Емтиханнан керекті баллды жинай алмай қалуым – менің ең үлкен қорқынышым. Мен бұл күйді жылы жауып, осы ауыр оймен өмір сүрмеуге шешім қабылдадым.
Мысалы, бір түлек грантқа жеткілікті балл ала алмады делік? Не болуы мүмкін?
Мұңайудың қажеті жоқ. Біз осыдан пайда көруіміз керек. Қандай? Бұл сәтсіздіктің екінші жағын ойлау керек.
Мәселен, әлемге «Қорқыныштар Корольі» деген атпен танымал болған жазушы Стивен Кингтің өз мансабының басында сәтсіздіктермен қалай күрескені жайлы айтып берейін. Оның керемет кітаптарын әлемнің түкпір түкпіріндегі миллиондаған адамдар тұщына оқуда. Басында олай болмаған. Оның алғашқы кітабы «Кэрриді» баспагерлер 30 рет қабылдамаған кездер болыпты. Стивен Кинг қолжазбасын басқа баспаға жіберіп, соңғы рет мүмкіндігін сынап көруге бел буғанда, әлдеқандай редакторға бұл шимай ұнайды. Осыдан кейін оның кітабы жарық көріп, үлкен жетістікке жетті. Сонымен қатар, ұлы және әлемге әйгілі жазушының сәтті мансап жолы басталды.
Стивен Спилбергке қатысты оқиға да бар. Киноның болашақ данышпаны кинематографиялық өнер мектебіне жеткілікті ұпай жинай алмай қалады.
Бірақ, ол емтихандарды қайта тапсырып көруге бел буғанымен, қайтадан сәтсіздікке ұшырайды. Стивен үмітін үзбеді. Ол техникалық колледжге түсіп, бос уақытында алғашқы қысқа фильмдерінің бірін жарыққа шығарады және ол «Universal Pictures» студиясына ұнап қалады. Бұл жағдайдың соңы немен біткені баршаға аян.
Енді түсінікті болар, әр жағдайдан шығудың жолы бар және бұл сөзсіз мүмкін жайт. Біз оның тетігін табуымыз керек.
Айналаға қарағын? Мысалы, су. Ол әрдайым тастардың арасынан ағып шығатын жол табады. Немесе мінекей, қатты асфальтты жарып шығатын гүл.
Жақында мен психологқа қорқынышымды қалай жеңуге және тест үшін қалай уайымдамауға болатыны туралы ақпарлану үшін хабарластым. Осы саланың маманы маған өте маңызды мынадай сөздерді айтты: «Қорқынышты жеңу үшін, оған тіке қарауға үйрену керек. Өмір бір сәтсіздікке бола тоқтап қалмайтынын түсіну аса маңызды». Ол табиғатқа жиі шығып, таза ауамен тыныс алуға кеңес берді. Мен солай жасап жүрмін. Көмектеседі екен!
Біз, түлектер кез-келген сынаққа немесе сәтсіздікке қарамастан, бәрінің қайыры бар екендігін терең пайымдауымыз керек.
Біздің өмірімізде болып жатқан жағдайдың бәрі бізді шыңдап, күшейтеді және бұрынғыдан да тәжірибелі етеді.
Айгерім Бегім
@alemmediakz