Елімізде бұл әңгіменің көтеріліп келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Бірақ туризм бәрібір біз үміт артқандай деңгейге көтеріле алмай-ақ келеді. Әйтпесе, сырттан келген саяхатшылар үшін Алтайдан Атырауға, Арқадан Сыр бойына дейінгі байтақ атырапты алып жатқан республикамызда көріп-қызықтайтын, қарап-тамсанатын жерлер жетіп-артылады.
Қазақстанның қойын-қойнауы қазба байлықтарға қаншалықты бай болса, оның осы құнарлы топырағының беті де соншалықты қазынаға толы. Біз бұл қазынаның қатарынан ең алдымен Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл және Алакөл ұлттық қорықтарын, Алматы облысының Райымбек ауданындағы «Көлсай көлі» мемлекеттік табиғи паркі мен ірі экзотикалық мекен – Шарын шатқалын, Көкшетаудың Бурабайы мен Зерендісін, Павлодардың Баянауылын, Қарағандының Қарқаралысы мен Ұлытауын көрген болар едік. Мұның арғы жағында шырайлы Шымкенттің маңайы мен түркі жұртының қасиетті мекені – Түркістан, Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қостанайдың Науырзымы, Жайықтың жағалауы мен Каспийдің атырабы қалай дегенде де туристік инфрақұрылымды өркендетуге өте қолайлы өңірлер екеніне күмән жоқ. Ал айта берсек, республика аумағында мұндай табиғаты көркем, тарихы терең, шежіреге бай киелі жерлер көптеп табылады.
Ендеше, Қазақстанда туризмнің тосқауылға тап болып, кешеуілдеп жатуына не себеп? Біздіңше, мұның бірнеше нақты себеп-желеулері бар. Біріншіден, бізде әлі де болса, туристер шақыруға қолайлы қоныстарды өз дәрежесінде көрсетіп, насихаттай білу үрдісі дұрыс жолға қойылмаған. Екіншіден, сондай мәртебелі мекендерімізге алып баратын жолдарымыздың барлығының дерлік жағдайлары жақсы емес. Үшіншіден, мұндай жерлерде қонақтарға көрсететін сервистік қызметтің сапасы талап деңгейінен тым төмен жатыр. Бізде сырттан келетін туристерге патриоттық көзбен қарау жағы, осы арқылы келушілерге мәдениетті қызмет көрсете білу мәселесі әлі жетілдіре түсуді қажет етеді.
Осы орайда кейінгі кездері кейбір мамандар тарапынан «ішкі туризмді дамытуды Астанада отырып көзбен көрместен шеше салмай, тиісті демалыс орындарының ішкі ахуалын жақсы білетін жергілікті әкімдерге тапсыру керек» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Қазір тағы бірқатар аймақ бұрын дене шынықтыру және спорт басқармасы құзырында болып келген бөлімді дербес басқарма етіп құру үдерістері жүріп жатыр. Біз бұлардың бәрін іргелі істі ілгері жылжыту мақсатында қолға алынып жатқан шапағатты шаралардың бірі ретінде қабылдағымыз келеді, әрине. Егер әлемдік тәжірибеде туризмнің мұнай мен газдан кейін мол табыстың көзі саналып отырғанын ескерсек, бұл салаға назар салуды кешеуілдете беруге болмайды. Мамандардың пайымынша, туризм кез келген елдің экономикасына үш тиімді бағытпен тікелей ықпал етеді. Біріншіден, елге келіп құйылатын шетелдік валюта тасқыны нөпірін көбейтеді, екіншіден, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтиды, үшіншіден, мемлекеттік инфрақұрылымдарды дамытуға елеулі серпін береді.
Дүниежүзілік туристік ұйым мәліметіне қарағанда, бір турист барған жерінде кемінде 1 мың АҚШ долларын қалдырып кететін көрінеді. Бұл – сол елде қайтарымсыз қалатын ақша. Сонымен қатар, бір туристің ақшасы 9 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Сөйтіп, турист қаржысының 30 пайызын қонақ үйде, 20 пайызын көлікте, 35 пайызын қоғамдық тамақтандыру орнында және 15 пайызын музей, көрме сияқты орындарда қалдыратыны белгілі болып отыр.
Кез келген елдің туризмнен түсіретін табысы мемлекеттің бұл салаға қаншалықты көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырғанына тікелей байланысты. Сол себепті де туристік қызметті мемлекеттік деңгейде реттеу мен қолдау жүйесін дамыту бағытында көптеген нақтылы шараларды жүзеге асыруға тура келеді. Ал біздегі қазіргі күннің бір шындығы: шет елдерге шығатын отандастарымыз жыл сайын сол жақтардың бюджетіне 400 млн долларға жуық қаржы қалдырып кетеді екен. Мұның есесіне, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда туризмнің ішкі жалпы өнімде алатын үлесі 1,6 пайыздан аспайтын көрінеді. Статистика агенттігі дерегіне сәйкес, 2011-2013 жылдары елімізден сыртқа шыққандар 27 млн 200 мың адамды құраса, бізге келгендер 18 млн 600 мың адам болған. Ішкі туризмнің көрсеткіштері бұдан да төмен.
Бұдан шығатын қорытынды: салада оң баланс қалыптастыру үшін бізге ең алдымен туристік қызметтердің отандық сатып алушылары үшін күресу керек. Осы мақсатта туризм нысандарының ахуалын жақсартып қана қоймай, онда қызмет ететін персоналды арнайы дайындауды да қолға алатын мерзім жетті деп ойлаймыз.
Самат МҰСА
Дерек көзі: «Егемен Қазақстан»