Комиссия отырысына ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және әмірлік тарапынан БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Сұлтан аль-Джабер тең төрағалық етті.
Отырыс барысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігі арасында туризм саласы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ жерүсті және су көлігі федералдық агенттігі арасында жолаушылар мен жүктердің халықаралық автокөлік тасымалы туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, ауыл шаруашылық пен энергетика, транзит пен көлік, әскери саладағы ынтымақтастық, білім, денсаулық сақтау және дін, сонымен қатар, құқықтық-келісім базасын нығайту сияқты мәселелерді талқылады.
Отырыста БАӘ-не қазақстандық тауарларды және ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау мен Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасына жеке компаниялар мен әмірлік қорларының қатысуы мәселелері қаралды.
2005 жылдан 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы кезеңінде БАӘ-нен Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны 1,89 млрд. АҚШ долларын құрады.
2016 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Қазақстанда БАӘ өкілдіктері мен филиалдарының қатысуымен 192 заңды тұлға жұмыс істейді.