Құрама штаттан келген өнерпаздар қазақ тілінде ән шырқап, қамажай биін биледі. Сонымен қатар, әлемдік әнші Мая Азусена әдемі әнімен тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Осы күні есігін айқара ашқан АҚШ павильоны меймандарға Энергияға толы кеңістікте жүргендей күй сыйлады. Болашақ қуат көзін айқындайтын фильм көрсетілді. Артынша бір мезгілде үш үлкен экраннан «Өмір энергиясы» деп аталатын таңғажайып шоу ұсынылды. Мұнда Құрама Штаттар мен Қазақстан арасындағы достықтың дамуы жайлы толық мәлімет берілген.
Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
- Шексіз энергияның көзі - әрқайсысымызда бар. Бұл арманымызды асқақтатып, жетістікке жету жолында бәрімізді біріктіретін қуат. Сондықтан Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келген әр адам өзіне ерекше қуат алып қайтады деп айта аламын. Қазақ елінің төріндегі халықаралық шараға туристердің барлығы келіп, өз көзімен көруі керек. Сонда ғана, Қазақстанның болашақ энергиясын қалай жүзеге асыратынына куә болады.
Еске сала кетейік, соңғы бір апта ішінде EXPO-2017 қалашығын 218 мыңға жуық адам келіп тамашалады. Бұл орта есеппен алғанда күніне – 31 мың 104 адам көрме қонағы болды деген сөз. Ал EXPO-2017 басталған 10 маусымнан бергі көрсеткіш 592 мыңға жуықтады. Жұрт тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болған нысандардан «Нұр Әлем» көш бастап тұр. Онан әрі тематикалық павильон және «Дю Солей» циркі. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, көрме аумағында «Вокорд» жүйесі жұмыс істеп тұр. Соның көмегімен өткен аптада EXPO-2017 қалашығына билетсіз өтпек болған 12 адам анықталды. Мұнан бөлек дрон аппараттарын заңсыз ұшырмақ болған 4 адамның әрекетіне тосқауыл қойылды.
Дерек көзі: 24.kz