«KazUnionConsult» компаниясының креативті командасы түрлі логотиптер мен жарнама ұрандарын дайындаумен айналысады. Үш аптаның ішінде жас ұжым Астананың 20 жылдығына арналған жаңа брендбук ойлап тапты.
Жаңа логотипте Самұрық құстың шеңбер үлгісіндегі қанаты бейнеленген. Шеңбер барлық ежелгі діндерде аспанның бастауын білдірген. Кез келген табиғи жаратылыстың дөңгелек шеңбердегі орталығы – түпқазығы болады. Бұл алуан энергияның шоғырланған тұсы. Күн – әлемнің түйіскен орталығы, өмір мен мәңгіліктің бейнесі. Астана да – Қазақстанның қасиетті орталығы. Шеңберді айнала бейнелеген қанат, елдің барлық азаматының Астананың салынуы мен дамуына қатысқандығын білдіреді.
Мекеменің арт-директоры Ақмарал Еспенбетованың айтуынша, ұжымның конкурсқа қатысу идеясы аяқ астынан келген.
«Біз конкурс туралы естіген кезде, көп ойланбастан қатысуды ұйғардық. Ұжымымыздың жас болғанына қарамастан бізде осы тектес логотиптер жасаудан тәжірибеміз бар. Біз өз таңбамызды ЭКСПО-2017 жобасы мен Қысқы Универсиадаға қалдырып үлгердік. Сол себепті, біз қалай және немен жұмыс жасау керектігін білдік», - деді арт-директор.
Конкурстың басты мақсаты – қала имиджін жаңарта алатын, логотип пен ұран арқылы брендбук жасауда ең үздік концептуальді жобаны анықтау болатын.
Ең үздік деп танылған логотип пен ұран Астананың 20 жылдығын мерекелеу кезіндегі жарнама, маркетинг пен басқа да іс-шараларға қолданылады. Сонымен қатар, логотип қала ішінде, ғимараттардың сыртқы көрінісінде, жарнама тақтайшаларында да пайдаланылады.
Ең үздік брендбук конкурсының жеңімпазы – «KazUnionConsult» ЖШС 8 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Бұл қаржыны біз жас мекеменің дамуына жұмсаймыз. Алда жобамыз да, жоспарымыз да көп», - дейді Ақмарал Еспенбетова.
Айта кетейік, жұмыс тобына дауыс беру нәтижесі бойынша ең үздік 8-ТОП жұмысы іріктеліп алынған әрі бұл шығармашылық жұмыстар Астананың 20 жылдығын өткізу және дайындық бойынша Мемлекеттік комиссияның да қарауына жөнелтілді.
Мәтін: Мадина Нұрбекова
Суреттерді түсірген: Әділхан Ильясов