Бізде әлі Ұлттық бренд анықталған жоқ
05.11.2016, 18:41

Бізде әлі Ұлттық бренд анықталған жоқ

Қазір, Ұлттық бренд бар ма, болса не? – деген сауал қоғамды кезіп жүр. Былтыр елдегі үздік тауар белгісін анықтау мақсатында «Қазақстанда жасалған» деген акция басталды. Елбасына еліктеген бірқатар шенеунік, депутаттар, қала берді зиялы қауым өкілдері де, отандық костьюм кигендерін жарнамалап бақты. Бақсақ, бізде ұлттық шапандар ғана емес, бірсыпыра киім-кешек, азық-түлік шығарылып, тіпті кілемге дейін тоқылады екен. Бірақ, халық оны біле бермейді. Білгендері, біздің тауар шетелдік өнімнен неге қымбат? – деген сауал қояды. Бәсе, неге қымбат? Жоғарыдағы акцияның бір парасы ретінде былтыр «Халық маркасы» деген бірлестік те құрылды. Ол немен айналысалды? Бұл қандай бірлестік? Қазір жарнама жасаудың сан түрі бар, олай болса, тауар өндіруші үшін бұл бірлестіктің қажеті қанша? Бірлестік құрылтайшысы Римма Тәжібаеваның не көздегені бар? Халық маркасы арқылы Р.Тәжібаева қанша қаржы тапты? Жуырда Халық маркасының авторымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Римма ханым, Қазақстандағы өнеркәсіп өнімі деген мәселені біраз уақыттан бері зерттеп жүр екенсіз. Дәл қазір, «мына тауар Қазақстанның Ұлттық брендіне айнала алады» деп қай өнімді айта аласыз? Бізде сондай бренд дейтіндей өнім бар ма?

- Бұл сұрағыңызға мен әзірше жауап бере алмаймын. Өйткені, дәл бүгінгі таңда мен елімізде шығатын барлық өнімдерді қарап, зерттеп, сараптама жасап үлгермедім. Әлі де зерттеу үстіндемін. Қазір, біздің «Самғау» СҮ алаңына 100-ден астам марка 10 000 астам тауар қойылды. Соны жылдың соңына дейін 500 маркыге 100 000 астам өнімге жеткізуді көздеп отырмыз. Сосын, келесі жылдың ақпан айынан бастап, мамыр айына дейін әлемнің 12 елін аралап, қазақстандық тауарларды көрсететін жылжымалы көрме ұйымдастырмақпын. Оны «Қош келдіңіз!» деп атамақпын. Өйткені, біз шетелге барып, ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында қонақтар шақырамыз. Олар сол жердегі біздің көрмелерімізге келсе де, «Қош келдіңіз!» деп қарсы аламыз, олар кейін осы Астанаға ЭКСПО-ға келсе де, «Қош келдіңіз!» деп қарсы аламыз. Яғни, осындай ықылас таныта отырып, шетелдіктерді ЭКСПО-ға шақыра келмекпіз. Сол жерде өз өнімдерімізді, көрсетеміз, ұсынамыз. Міне, сол көрмелердің нәтижесі бойынша, бәлки, сіздің осы сұрағыңызға шамамен келесі жылдың мамыр айына қарай, нақты жауап беруге болатын шығар.

- «Халық маркасы» қандай қажеттіліктен туды? Бұл өзі не жоба, атқаратын қызметі қандай?

- Өздеріңіз білесіздер, осыдан 1 жарым жылдай бұрын Елбасымыз «Қазақстанда жасалған» деген акцияға жол ашып берді. Бұл дер кезінде көтерілген және өте қажетті акция болды. Біздің ел Тәуелсіздік алғалы бері, өндірісімізде не бар, не жоқ, не шығарып жатырмыз, не тұтынып жүрміз дегенді саралайтын кез келіп еді. Бұл қазақстандық тауар өндірушілерге ғана емес, маған да үлкен мүмкіндік берді. Сол кезде мен «EXPO-2017» Ұлттық компаниясында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Іс сапармен шетелге барып, ЭКСПО-ның не екенін, оның мақсаты не екенін түсіндім. Өйткені, бұл мәселе менің өзімді де қызықтырған еді. Халықтың арасында сол ЭКСПО-ның қажеті қанша? Бізге не керегі бар? – деген сияқты әңгімелер айтылып қалады. Өзім үшін бұл сауалдарға жауап таптым. Енді оны елге көрсету үшін, елде шығатын барлық өнімдерді бір жерге жинайтын орын болуы керек, ол қысы-жазы жұмыс істеп тұратын көрме әрі жәрмеңке түрінде болуы керек деген ой келді... Былтыр қаңтардан бастап қазан айына дейін, Миланда ЭКСПО-2015 көрмесі өтіп жатты. Оның тақырыбы, «адамзатты тамақтандыру». Осы көрмеде әлемнің 144 елі тамақтандыруға байланысты өздерінің ұсыныстарын жасады. Соның ішінде Қазақстан да болды. Біздегі бар азық-түліктердің барлық түрі сол көрмеге қойылды. Міне, мен сол көрменің жалпы тақырыбын алдым да, оны біздің елде жүзеге асырып көруге тәуекел етті. Ол үшін отандық тауар өндірушілермен етене тасыну керек болды. Біртіндеп тауарөндірушілермен танысып, осы Халық маркасын жүзеге асыруды қолға алдым.

- Халық маркасы деген атау мына көрші Ресейде де бар ғой, қайталау емес пе?

- Қайталауда тұрған не бар? Иә Ресейде «Народная марка», Белорусьта да дәл солай аталады екен. Нақты жұмыс істеп тұрға жоба. Олай болса, одан неге қашуымыз керек? Мен де дәл солай «Халық маркасы» деп атадым. Солай тіркедім. Арнайы «Халық маркасы» деген белгісін бекіттірдім. Осындай атаумен арнайы сайт аштық. Сол сайт арқылы электронды байқау жарияладым.

- Ол не байқау? Кімдердің арасында өткен байқау?

- Бұл қазақстандық тауарөндірушілер арасында өткен байқау болды. Сайтқа өзімізде шығатын 30 түрлі азық-түлікті тіркеп, ашық дауыс беруге қойдық. Осы арқылы танылмай жатқан өнімдерді халыққа танытамыз деген ой болды. Мен басында ойлағам ары кеткенде 30-40 тауар өндіруші ғана қатысатын шығар, деп, сөйтсем, дауыс беруге 70 қазақстандық марка қатысты. Сол онлайн-тіркеуде отырып ақ, бәрімен таныстым. Бәрін бірдей аралап шығудың мүмкіндігі болмады. Менің осы идеямның оларға қозғау салғаны сондай, өздерінің аймақтарында, дистрибюторлары арқылы халықпен жұмыс істей бастады. Біз үшін осындай сайт арқылы дауыс беріңіздер деп, өздерінің өнімдерін жарнамалай бастады, көбірек дауыс жинау үшін. Яғни, өндірушінің өзі өз тауарын жарнамалай бастады. Бұрын олар тек өндіріске кіріп кеткен да, халықтың арасында өз тауарларын жарнамаламайтын. Жарнамаласа, қыруар қаржы төлеп, жылына 2-3 рет телеарналарға шығып қояды, сомен бітті. Ал мынау, оларға халықпен тығыз жұмыс істеуге итермеледі, соған үйретті. Бұл тауар өндірушілер үшін ғана емес, тұтынушылар үшін де серпіліс болды. Қалай дейсіз ғой? Мәселен, тұтынушы бұрын өзі үйреніп қалған бір ғана сүтті алып кете беретін. Қай дүкенге барса да, соны сұрайтын. Енді біздің байқау арқылы олар басқа өнімдердің де дәмін татып көрді, өзге тауарлардың да еш кем емесіне көз жеткізді. Міне, бұл екі жақа да тиімді шара болды. Осы байқаудың қорытындысы бойынша, жеңімпаз болған 17 компанияны өзімнің қаражатыма Миланға ЭКСПО-2015 көрмесіне апардым. Оларға халықаралық көрменің қандай болатынын көрсеттім. Сол жерге апарып, Халық маркасы белгісін оларға бердім. Осы жұмыс барысында менің көзімнің жеткені қазақстандық өнімдердің ешқайсысы да, шетелдік өнімдерден бір мысқал да кем емес екен.

- Бұл сонда сізге не үшін керек? Жаңағы тауар өндірушілерден қомақты қаржы алып отырсыз ба? Жеке басыңызды жарнамалап жүрсіз бе?

- Бұл бірінші кезекте жасыратыны жоқ, коммерциялық жоба. Осы конкурс барысында шамамен 3 млн теңгедей ақша түсетін шығар, деп ойлаған едім. Жоқ, 7 млн теңге қаражат түсті. Өйткені, жаңағы сайтқа тіркеліп, конкурсқа қатысып, Халық маркасы белгісін алу үшін, 100 мың теңге жарна төледі, әр компания. Сол түскен 7 млн теңгенің 5 млн-ын жеңімпаздарды Миланға апарып, әкелуге жұмсадым. Яғни, бірінші кезекте коммерциялық жоба деп отырғаным сол. Екіншіден, әркім өз елінің патриоты болуы керек. Өмір бойы «өкімет маған не береді?» деп ауыз ашып отыра беруге болмайды. Яғни, өз еліңді, өз еліңде болып жатқан әрбір жақсылықты көрсете, айта білуіміз керек. Бұл тұрғыда мені патриоттық сезім де жетеледі деп мақтанышпен айта аламын. Және бұнымды ешкім жоққа шығара алмайды. Үшіншіден – мен қазақстандық тауар өндірушілерге де, тұтынушыларға да бір бірін танып, біліп, жақынырақ сапаға жұмыс істеуге мүмкіндік бердім. Былайша айтсақ, тұтынушының «көзін аштым», өндірушіге өндірістен бөлік өз өнімін жарнамалап, халықпен, тұтынушымен санасу керек екенін үйреттім.

- Қазір, әр компания өз өнімін қалайда жарнамалауға толық мүмкіндігі бар. Телеарналар, газет, журнал, радио дегендер жетіп жатыр. Тіпті, әлеуметтік желілер арқылы да жарнамалап жатыр. Халық маркасы басы артық, кезекті бір «ауыз» болмай ма? Неге олар сізге сенуі керек?

- Дұрыс айтасыз. Қазір әркімнің өз еркі, қалай, қай жерде жарнамалаймын десе де. Бірақ, мына бір мәселеге қараңыз. Мен өзім де осы саланы зерттеп көрдім. Компаниялар өздерінің 1 ғана өнімін жарнамалау үшін, жылына кемінде 15 миллион теңгеге дейін жұмсайды екен. Сондағысы, бірнеше газетке, 1 ғана телеарнаға жылына 2-3 рет қана жарнама шығару. Бітті! Жарнама шығады, ал оның тұтынушыға әсері, одан шыққан нәтиже сол күйі айтылмайды. Оның тиімділігін зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ. Есесіне, бұл 15 млн теңге тұтынушының қалтасын қағады. Қалай дейсіз ғой... Айтайын. Өнімнің құнына не кіреді? Өнімді өндіру процессіне, оны тасымалдауға, дистрибюторлық қызметке, қосымша құн, аяғында оны саудалайтын дүкеннің қызметі түгел кіреді. Енді бұның үстіне, осы өнімді жарнамалауға кеткен шығын да қосылады. Сонда ол әуелгі өзіндік құннан 3 есеге өсіп шыға келеді. Ыстық цехтан шыққан пірәндік 100 теңге тұрса, дүкеннің сөресіне келгенде 300 теңге болады. Міне, тұтынушының қалтасын қағады деп отырғаным осы. Ал біздің Халық маркасының артықшылығы неде? Біз кәсіпкерлердің бәріне Астананың қақ төрінен 6 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейін алаң ұсындық. Осында келіңдер, бір жыл бойы өнімдеріңді қойып, әрі жарнамалаңдар, әрі сатыңдар дедік. Бұл жерде кәсіпкерлер жылына 300 мың теңге ғана төлеп, өз өнімін қояды. Сатушыны да, кеңесшіні де біз өзіміз беріп отырмыз. Қайсысы тиімді, өзіңіз айтыңызшы? 15 млн теңге төлеп, жарты минут жарнамалаған жөн бе, 1 жыл бойы көрмеге қойып, әрі сатып пайда тапқан дұрыс па? Сондықтан, Халық маркасы сіз айтқандай артық ауыз емес. Сұхбаттың дәл осы жерін кесіп тастамай дұрыстап беріңіз, егер шынымен журналист болсаңыз.

- Ия, бұдан басқа осы жылы Халық маркасы тағы не істеді?

- Жаңа айттым, әр кәсіпкерге 6 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейін алаң тегін берілді.

- Тегін емес қой, 300 мың теңге төледі ғой...

- 15 млн теңгенің қасында, 1 жылға 300 мың теңге деген су тегін емес пе?.. Қазір бізде 5 мың шаршы метр алаң бар. Олардың сала салаға бөліп тастадық. шеберлер паркіне – 1000 шаршы, үй жабдықтарына – 2000 шаршы, жеңіл өнеркәсіпке - 1,500 шаршы және азық-түлікке – 1000 шаршыдан астам алаң бердік. Яғни, мен кәсіпкер ретінде өзімнің әріптестерімді сендіре белдім, олармен тығыз қарым-қатынас орната алдым деп ойлаймын. Бұл маған да, оларға да өте тиімді жоба болды. Біздің биылғы атқарған жұмысымыз өте ауқымды. Осы жұмыстарымызды қорытындылап, әрі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып, журналистердің арасында Самғау деген байқау ұйымдастырып жатырмыз. Бұл конкурстың басты мақсаты – Халық маркасы белгісін алған, таңдаулы отандық тауар өндірушілерді елге таныту, халыққа отандық өнімді насихаттау. Бұл байқаудың қоры қомақты – 10 млн теңге. Оның 5 млн 7 номинация бойынша жүлдеге қол жеткізгендерге сыйлық алынады, 5 млн теңгеге отандық өндірістегі автомобиль сыйламақпыз. Бұл өте үлкен бәйге. Қазір осы бағытта Бас редакторлар клубының басшысы, белгілі журналист Бибігүл Жексенбаймен жұмыс істеп жатырмыз. Ол кісілердің көмегі көп.

- «Халық маркасы» осы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясындағы шаралармен бітті ме, әлде алдағы жылдары да жұмыс істей беретін ұзақ мерзімді жоба ма?

- Бұл расында ұзақ бермізді жоба. Келесі жылы ЭКСПО-ға ұлттық брэндімізбен кіреміз деп отырмыз. Яғни, соған дейін өзіміздің ең озық тауарымызды айқындаймыз. Шетелдіктерге ұялмай ұсынатын өнімімізді белгілейміз. Сосын, аймақтардың халық маркасы белгісін шығармақпыз. Яғни, әр өңірдің өзінің ерекше өнімдері бар. Олар да қажет. Яғни, «Павлодар маркасы», «Шымкент маркасы», «Тараз маркасы» деген сияқты өңірлердің өнімін насихаттауға кіріспекпіз.

- Халық маркасы деп отандық өнімнің жүгін өрге сүйреп жатырсыз ғой... Ал осы отандық өнімді өзіңіз тұтынасыз ба, отбасыңыз тұтына ма?

- Әрине. Сенбесеңіздер барып көрулеріңізге болады. Менің және менің отбасымның тұтынатын азық-түліктерінен бастап, киім-кешек, жиһаз бәрі де отандық. Биыл мысалы үйімізге шағын жөндеу жасадық. Сонда бояуларды, түсқағаздарды, линолуем, цемент, кірпіш тағы басқа қажеттінің бәрін өзіміздің тауар өндірушілерден алдық. Бұндай үлкен, ауқымды шараларға кіріскенде бірінші кезекте адам өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Әуелі өзіңді, өзіңнің айналаңдағыларды соған сендіріп, көндіріп алу керек. Содан кейін, халықпен жұмыс істеуге болады. Қазір мен осы қағида бойынша айналамды түгелдей қазақстандық өнімге үгіттеп болдым, енді отандық өнімді жарнамалаудамын.

- Сұрақтарыма ашуланбай, ашық жауап бергеніңізге, көп рахмет!

Д.Жиенқұлов

Дерек көзі: baq.kz

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер