Бірыңғай деректер базасын жүйелеп жатырмыз - Олжас Әбішев
15.05.2018, 15:05

Бірыңғай деректер базасын жүйелеп жатырмыз - Олжас Әбішев

Цифрлы  технологияларды өмірдің барлық саласына енгізіп, ел азаматтарына жедел, сапалы әрі ашық қызмет көрсету туралы ұстаным   көп мемлекеттің негізгі бағдарына айналды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласын ақпараттық технологияларға көшіру – мамандардың айтуынша, медициналық қызмет түрлеріне деген қолжетімділікті арттырып, қағаз толтырудан қолы босамайтын дәрігерлерге көп уақытын науқасқа арнауға мүмкіндік беруі керек. Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін санамалап, кемшін тұстарына көз жүгіртіп көру үшін Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішевпен әңгіме құрған едік. 

– Олжас Амангелдіұлы, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру қалай жүріп жатыр?
– Бұл саладағы жобалар 2008 жылдан бас­тап кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бізде бар 22 ақпараттық жүйе негізінен, меди­ци­на­лық статистика деректерін жинауға жұмыс істейді. Атап айтсақ, медициналық мекемелер атқарған қызметі туралы цифр­л­ы, сапалық мәліметтерді жүктейтін плат­фор­маларда халыққа бағытталған электрон­ды қызмет түрлері жоқтың қасы. 2016 жылдан бастап «Денсаулық» бағдар­ла­ма­сының аясында аталған ақпараттық жүйе­лерді науқастарға бағытталған жобаға айналдыру жолында бірқатар жұмыс қолға алынды. Яғни, енді порталдағы деректерге министрлік қызметкерлері және дәрі­гер­лер­мен қатар науқастар да қол жеткізе алады. Мақсатты жобалардың бірі – элек­тронды медициналық төлқұжатты жаппай қолданысқа енгізу. Ол ауруханаға барған сайын бұрын қабылдаған емнің тарихын көрсету үшін, амбулаторлы картаны жанынан тастамау қажеттілігінен айырады. Өйткені төлқұжаттағы штрих-код науқас денсаулығына қатысты барлық деректі жүйеден қарауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жоғалудың алдын алады, қағаз­бас­ты­лықтан құтқарады және медициналық шешімдер қабылдау процесін жеделдетеді.
Цифрлы технологияларға көшу – сатылай жүретін процесс. Қазір бірыңғай классификатор мен деректер базасын жүйелеп жатырмыз. Осыдан кейінгі кезеңде жиналған деректер өңделетін болады. Ол кезде қолда бар мәліметтерге қарап, ауру­дың алдын алуға, профилактикалық шараларды кешенді жүргізуге жол ашылады.
– Медициналық мекемелердің компьютер және жоғары жылдамдықтағы интернет желісі­­мен қамтылу мәселесі қашан толық шешіледі? 
– Қазір осы ақпараттық технологияға негізделген шешімдерді қолданысқа енгізу үшін бізге дайын инфрақұрылым керек. Оның қатарына компьютермен қамтылу деңгейі, интернетке қосылу мүмкіндігі, медициналық ақпаратттық жүйенің және білікті IT мамандардың болуы жатады. Жыл басында 16 жергілікті басқару органы Денсаулық сақтау министрлігімен іс-шаралар жоспарын бекітіп, жыл соңына дейін барлық қалалар мен аудандарды компьютерлік жабдықтау және өңірлерде интернет желісін қосу туралы міндеттеме алды. Ал шалғай ауылдар мен тұрғын саны аз елдімекендерге интернет тарту 2021 жылға қарай мүмкін болады.
– Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой медициналық қызмет көрсету саласын цифрландыру жылына 640 млн теңге бюджет қаржысын үнемдейтінін мәлімдеген болатын. Ақпараттық жүйелерге көшудің уақыт пен ресурс тапшылығын тудырмайтын тиімділігі түсінікті. Сіздің ойыңызша, цифрлан­дыру қазір қалыптасқан тағы қандай мәселелерді шешеді? 
– Цифрландыру біріншіден, халықпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазір мемлекет медициналық қызметтердің сапасын арттыруға күш салып жатыр. Бірақ біз бұл бастаманың халыққа жеткен- жетпегенін, қызмет көрсету сапасының жоғарылағанын не өзгеріссіз қалғанын біле алмаймыз. Цифрлы технологиялар – халықпен байланысу олардың пікірін ескеріп, қызмет көрсету сапасын үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Қазір біз SMS хабарлама арқылы халықтың ойын білуге болатын жобаларды жүзеге асыруды бастадық. Мәселен, мемлекеттен кепілдендірілген дәрі-дәрмек алуы керек азамат тиісті көмектен құр қалса, келеңсіз оқиға жөнінде хабарлама арқылы айта алады. Екіншіден, цифрландыру медици­на­лық қызметті жоспарлаудың жалпы әдіс­те­рі­нен жалқыға қарай ойысып, әр науқастың жағдайын жіті талдауға көмектеседі.
– Смартфондар қолданысының артуымен бірге туған жаңа ұғымдардың бірі – мобильді денсаулық сақтау. ДСҰ жүргізген зерттеулер 125 мемлекеттің 80 пайызында мобильді денсаулық сақтау жобалары медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырғанын анықтаған. Қазақстанда жаңа жүйенің жетістігі қандай?
– 14 мамыр күні «Денсаулығыңды гаджеттердің көмегімен қадағала» атты жоба басталды. Негізгі мақсат – сіздің ұялы телефоныңыз не фитнес білезігіңіздің көмегімен дәрігердің денсаулық жағдайы­ңыз туралы мәлімет алып отыруына мүмкін­дік беру. Мәселен, сіздің күніне қанша қадам жүргеніңіз, қан қысымыңыз бен ұйықтау режиміңіз бойынша тіркелген көр­сет­кіштер дәрігердің қарауына түсіп оты­рады. Осы арқылы дәрігер науқас ағза­сын­дағы қауіптерді алдын ала анықтап, оның жалпы денсаулығы бойынша ұсыныс­тар айтуы мүмкін. Алматы және Астанада 20 адам пилоттық жобаға қатыса­ды. Бір ай көле­мінде біз халықтың гаджет құрылғы­лары арқылы дәрігерлердің қадағалауында болуды қалай қабылдайтынын бақылаймыз. Кейінірек жоба бұқаралық сипат алса, арнайы құрылғысы бар адамдарға бұл қыз­мет тегін түрде қосылатын болады. Гад­жет­­тері мен спорттық құрылғысы жоқ аза­мат­тарды да аталған жобаға тегін қосу мақ­­са­­­тында Дүние­жүзі­лік банкпен келіс­сөз­­дер жүргізіп жатыр­мыз. Жоба мақұл­дан­са, бірін­ші кезекте дәрігер­дің қашықтықтан бақы­лау құрылғысы қыз­меті «тәуекелді топқа» кіретін азаматтарға ұсынылатын болады.
– Денсаулық сақтау министрлігі мен Ericsson Nicola Tesla компаниясы арасында жасалған келісім негізінде, елімізде интегра­ция­лық платформа құрылады. Жобаның артықшылығы мен жұмыс істеу принципін түсіндіріп бересіз бе?
– Медициналық ақпараттық жүйелер нарығында 30-ға жуық отандық компания жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – 30 түрлі шешім, бір-біріне ұқсамайтын модельдегі жұмыс істеу ерекшелігі. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру реформасының мағынасы мәліметтер сақтаудың бірыңғай базасын құруға негізделеді. Жаңа жоба әртүр­лі порталдан алуан түрлі мәлімет ала отырып, оларды бір жерде жүйелеп, сақтау­ға, қажет жағдайда осы платформа арқылы кез келген деректі жылдам табуға көмектеседі.
– Қазір халық қандай медициналық қызмет түрлерін электронды ала алады?
– Бүгінде Электронды үкімет порта­лында үйге дәрігер шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, емханаға тіркелу сияқты қызмет түрлері бар. Болашақта олар­дың қатарын клиникалық-диагности­ка­лық, отадан кейінгі кезеңде науқастың жағдайын бақылау, онлайн кеңес беру сияқты қызмет түрлерімен толықтырғымыз келеді. Қазір Алматыда «Ауруларды басқару бағдарламасы» енгізілген. Оған сәйкес, науқас адамдар денсаулық жағдайы туралы күнделік жүргізеді. Енді осы күнделіктерді электронды форматқа ауыстыру керек. Сонда дәрігермен кеңесіп, оның пікірін қашықтықтан білуге болады.
– Денсаулық саласында цифрландыру бағдарламасын жүргізуде қай елдердің тәжірибесін басшылыққа алған дұрыс?
– Көбіне Америка мен Еуропа мемле­кет­­терін мысал ететін азаматтарды түсін­бей­мін. Өйткені бізде бұл елдерден өзге жүйе қалыптасқанын ескеру керек. Мәсе­лен, жоғарыда аталған дамыған елдерде барлық медициналық қызметтер азамат­тар­дың есебінен көрсетілсе, Қазақстан тегін көмек түрін ұсынады. Шетел тәжірибесін алған кезде, оны толықтай көшіруден аулақ болып, өз ерекшеліктерімізді ескеріп, жұмыс істеу қажет. Бұл тұрғыда жері үлкен, халық саны аз болуы жөнінен Қазақстанға ұқсас Австралия, Канада, Словения, Эстония сияқты мемлекеттердің үлгісін назарға алуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Динара ТІЛЕУБЕК

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер