– Сергей, қайырлы күн! Әлеуметтік желідегі видеоны көрдік. Еліміздегі ғылым туралы мұндай пікір білдіріп, азаматтарды ойлануға шақыруыңызға не себеп болды?
– Қайырлы күн! Жүрекке тиетіні – атқа мінер ағаларымыздың қылығы. Facebook әлеуметтік желісіне кіре қалсаңыз, қазақ ғылымы туралы тек қана негатив ақпарат пен пікірлерді оқисыз. Бір-бірінің жағасынан алып, быт-шытын шығарып жатқан ағаларымыз. Ұят емес пе? Оларға қарап жастар өседі ғой. Ғалым ағаларымыздың тек ғылымды емес, ақшаны ойлауы және сол үшін жаға жыртысуы көңіліңе тиеді. Ал қазақстандық ғалымдар туралы шет елдік басылымдар жаман нәрсе жазып жатыр дегенім, маған WhatsApp-тан сол ақпараттың скринін жіберді. Ресейлік басылымдар біздің ақсақалдарымыз туралы жазып жатыр екен. Менің намысыма тиіп кетті. Бірақ оған қазақ ғылымындағылар назар аударып отырған жоқ.
– Жалпы қазіргі қазақ ғылымының даму бағытына қандай баға бересіз?
– Біздің елдегі ғылым үкіметтің арқасында ғана күн көріп отыр. Бірақ бұл Кеңестік жүйе баяғыда қалды емес пе? Шет елдерде бұл тіпті ұят нәрсе. Біз әлеуметтік Big Data-мен айналысамыз. Big Data-ның өзі де ғылымның бір бөлігі. Сондықтан осы мәселеге назар аудардым. Шет елдің ғалымдары ондай нәрсенің баяғыда қалғанын айтып отыр. "Келсең, ұсынсаң ақша береді" дейді. Жапония ғалымдары оны "жабайылық" деп есептейді. Біз өзіміз ешқашан ғылыми жұмыс үшін мемлекеттен ақша алған емеспіз. Бізге Ресейдің компаниялары ақша бөледі. Негізі елімізде ғылым өте жақсы дамып келе жатыр. Бізде үлкен ғалымдар бар, жас ғалымдар бар. Бір "әттеген-айы" үлкен ағаларымыз өз тәжірибелерімен бөліспейді, ал жастар мүлдем басқаша ойлайды. Менің Диас деген химик досым бар. Қолданылған қағазды қайтадан өңдейтін технология ойлап тапқан. Жобасы үшін инвестордан ақша алды, үкіметтен емес. "Неге үкіметтен алмайсың?" десем, "үкіметтің ақшасы расымен де керек салаларға бөлінсін" дейді. Негізі қазір ғылыммен айналысып, оны жүзеге асыру үшін жастардың көбісі жеке кәсіпкерлерге барады.
– Ел дамуы үшін мемлекет ғылымның қай саласына ақшаны көбірек бөлуі керек?
– Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жаңа технологиялар саласына бөлу керек. Бізде көп ақшаны IT-ге бөлмейді. Сол үшін біз артта қалып бара жатырмыз. Бізде енді рухани жаңғыру болып жатса, Илон Маск адамдары Марсқа апарғысы келеді. Өзім IT маманы болғандықтан, осы салаға көп көңіл бөлінгенін қалаймын. Бірақ медицина, мәдениетке бәсекелестігім төмендеу шығар. Алайда әлемдегі ең бай адамдардың бірі Microsoft-тың иесі Билл Гейтс түрлі қоғамдық істерге қолдау көрсетіп жатқанын ұмытпау керек.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында жаңа технологияларды игеруге басымдық беріп, бір бөлім арнады. Бұл еліміздегі жаңа технологиялардың дамуына сеп бола ала ма?
– Иә, сеп болуы мүмкін. 2017 жылы көп өзгерістер болды. Мысалы біз smart city-ді енгіздік. Одан кейін көптеген цифрландыруды жүргізіп жатырмыз. Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан IT-ге көп көңіл аударып жатыр. Бірақ одан да көп көңіл аудару керек. Бізге көп тәжірибе алмасу керек. Мысалы, ресейлік программистер 1 айда жазатын кодты біздікілер 8 ай бойы жазады. Неге? Себебі бізде үлкен жобаларға келгенде тәжірибе аз. Бәрі кішігірім стартаптармен ғана айналысады.
– Елімізде жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасалған деп ойлайсыз ба?
– Жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Мысалы, Назарбаев университетінде лабораториялар ашылды. Ондай зертханалар көп жоғары оқу орындарында бар. Біздегі мәселе – бірдеңе болса барлығы үкіметті кінәлау. Үкімет жағдай жасап жатыр, керісінше, біздің кейбір жастарымызда талпыныс жоқ. Ол қазақ ғылымын көп жамандаудың кесірінен. Менің әлеуметтік желідегі видеомнан кейін мені қазақ ғылымына қарсы екен деп ойлап жүргендер де табылып жатыр. Бірақ олай емес. Қазақ ғылымын жамандауды қою керек. Жамандаумен күресудің мынадай жолын ұсынамын. Мысалы, Жапония суицид бойынша әлемдегі алғашқы бестікке кірген. Осы жағдаймен күресу үшін олар суицид туралы айтуды қойды. Бір жылдың ішінде өз-өзіне қол жұмсау 23 пайызға төмендеді. Түріктерде де осындай жағдай болды. Кезінде "Bu Akşam Ölürüm" деген өлең шықты ғой. Содан кейін жастар өлімі көбейе түсті. Ол өлеңге тосқауыл қойып тастады. Бізде де ғылымды дамыту үшін жамандауды қою керек.
– Жастар ғылыммен айналысар болса, қаржыны қайдан алған тиімді?
– Менің тәжірибеме сүйенсек, инверсорлардан алған дұрыс. Біз тек қана инвесторлардан аламыз. Бірақ ол да үлкен жұмыс. Кез келген инвестор жай қағазға қарап ақша бере салмайды. Бұл жерде финансист, маркетолог керек. Алдымен мықты команда жиналуы керек. IT жобалар боынша жеке инвестор іздеуді ұсынамын. Біз мемлекеттен ешқашан ақша сұрамаймыз. Мемлекеттен ақша алудың ең үлкен кемшілігі – тек мемлекет көлемінде қалып қоясыз. Біз өз жобамызды шет елдерге саттық. Иә, ғылымға міндетті түрде ақша бөлу керек деген жағдайлар болады. Бірақ ғалымдар ақшаны шеттен іздесе тіпті жақсы болады. Өйткені инвестордан келетін қаражат шектелмеген және көп жағдайды мәселені талқылауға болады. Инвесторларға барсаң қалаған ақшаңды сұрай аласың. Ал мемлекет шектеулі ақша береді. Мемлекет, шыны керек, ақшаны аз береді. Бірақ бұл мемлекетке бармаңдар деген сөз емес. Мысалы, мемлекетке қажет жобалар да болады. Расул Болатханұлы деген досымның "KAZAGRO" деген жобасы бар. Олар спутниктен жерді түсіреді де, бидай өсетін алқаптарды қарап, қай жерлерге күшейткіштер себу керек екенін айтады. Ондай жоба мемлекетке қызық әрі керек. Сол кезде мемлекетке барса болады. Инвесторға барудың керегі жоқ. Бізде көп адам мемлекетке керек емес жобамен барады, мемлекет ақша бермейді, сосын қолын бір сілтеп кетіп қалады.
– Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?
– Жастар арасында ғылыми жаңалық ашуға бейім жастар көп, бірақ оларды жұртқа үлгі етіп көрсетпейді. Мысалы, Мәулен Бектұрғанов деген жігіт бар. Қолы жоқ адамдарға қол жасайды. Ол сала бионика деп аталады. Бионика жалпы қиын сала. Оның ішіне механика, термех, бағдарламалау бәрі кіреді. Иә, ол жас ғылым, небәрі 20 жыл болып қалған шығар. Осындай ғылымы жаңалық ашып, табыс тауып, үкіметке де көмектесіп жүрген жандардың жарнамасы аз жасалады.
Сонымен қоса арнайы бір ұйым, платформа жоқ. Бір жақта стратраптар, екінші жағында инвесторлар бар платформа жоқ. Жастарда ғылымға деген қызығушылық аз. Себебі ғылымның популяризациясы жоқ. Мысалы, Чехияда бір музей бар. Онда түрлі бөлімдер бар. Мысалы, физикадан Ньютонның заңдарын бәрін қолмен істеп көрсетеді. Содан жастардың қызығушылығы оянады. Мысалы бізде Тоқтар Әубәкіров ағамыз келіп ғарыш саласы туралы айтып берсе қызық болады. Себебі ол бұны жанымен біледі ғой. Сол кезде адамдардың қызығушылығы оянады. Бұл бағыт бойынша жұмыстар енді ғана басталып жатқандай көрінеді. Мысалы, ерекше ойлайтын жігіттерден құралған "Q100" тобы ғылымның танымалдылығын арттыру үшін еңбектеніп жатыр десек болады.
Ұшқан ракета бұрын қайтып келмейтін болса, Илон Маск қайтып келетін етіп жасады. Оның ендігі арманы адамдарды Марсқа апару. Бізде арман десе, күледі адамдар. Мен де армандаған кезде адамдар маған да "сен қиялсың ғой" дейтін. Бізде адамдар қиялдай алмайды. Шет елде оған қатты қарайды. Сосын бізде адам әдебиетті жақсы көрсе де, финансистқа жібереді. Таныс бар жаққа тығады. Содан біліксіз кадр шығады. Кореялықтар отбасылық бюджеттің 40 пайызын тренигтерге жұмсайды екен. Мысалы, сізге математика ұнасы сол бағытқа көбірек ақша жұмсайды. Бізде қалай? Футболист болғың келсе "Қайдағы футболист? Қайрат ағаң сияқты бол, отыр ғой финансист болып" дейді. Жастық шақтан бастап қиялды өлтіреді. Осының бәрі жастардың ғылымға деген сүйіспеншілігін төмендетеді.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Редакциядан: Сұхбат толықтай қазақ тілінде өрбіді. Сергейдің оралымды ойын қазақтың бай тілімен жеткізе білгеніне сүйсіндік.