– Эстрада артистерінің ішінде жүргізушілік міндетті ұзақ жыл жанына серік еткендер аса көп емес. Көпшілігі сахнада төселіп, елге танылғаннан кейін, басқа салаға ауысып кетіп жатады. Сіз жиырма жыл бойы тұрақты түрде конферансье қызметін мүлтіксіз атқарып келесіз. Соған қарағанда, мамандығыңыз мақтанышыңыз сияқты...
– Жер жәннаты – Жетісу өңірінде, нақтырақ айтсам Талдықорған облысы, Сарқанд ауданы, Көкжиде деген жидесі мол кішкентай ауылда дүниеге келгенмін. Балалық шақ, өмірдегі қимастық пен бақытқа толы сәттер, өнерге деген қызығушылық сол қасиетті мекеннен бастау алды. Мектеп қабырғасында мерекелік іс-шаралар мен түрлі жарыстарға атсалысып, кеш жүргізетінмін. Бір күні ауданды Кеңес Одағының халық артисі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланова аралады. Клубта кішкентайларға орын жетпей, тізерлеп отырып концерт тамашалағаным есімде. Ол кісінің сыңғырлаған үні, ғажайып сұлулығы, сахна костюмі әлі күнге көз алдымда. Осы кездесуден кейін «ел еркелерімен бір сахнаға шықсам» деген тәтті қиялға берілетін болдым. Сөйтіп жүргенде, қазақ өнерінде өзіндік орны бар әнші, сахна майталманы Сара Тыныштығұлова гастрольдік сапармен келіп, қызығушылығымды одан әрі оятты. «Алматыға оқуға кетемін» деп алдыма нақты мақсат қойдым.
1994 жылы әкемнің рұқсатын алып, анам екеуміз арман қалаға жол тарттық. Сәтін салып, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің «Көркем сөз оқу шебері» мамандығына түсіп кеттім. Бар болғаны 14-15 жастамын, ойдағы жоспар орындалу үшін жақсы оқуға бар күш-жігерімді салдым. ІІ курста қара шаңырақ «Қазақконцерт» гастрольдік бірлестігінде концерт жүргізушілерге байқау жарияланды. Мекеме басшысының орынбасары Глазбай Алшынбайұлының таңдауымен сынақтан өтіп кеттім. Оқу бітірместен жұмысқа қабылданып, Роза Бағланова, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова сынды әншілердің ортасына топ ете қалдым. Сөйтіп, кеудемді кернеп, жүрегімді толқытқан аяулы арманның алғашқы сатысына қадам бастым. Сахнаға төселіп, шеберлігімді арттыруға Бағдат апай үлкен үлес қосты. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Өнер адамдарымен бірге гастрольдік сапарға жиі жіберетін. Аға-әпкелерімнің әр сөзіне мән беріп, әр іс-қимылынан үлгі алып, жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым.
Дегенмен өнер жолы – қиын жол. Өмір жалғасқан сайын қиындықтар көбейеді екен. Менің сағымды сындырмақ болған талай кедергі алдымнан шықты. Сол уақыттары басқа салаға ауысып кету туралы ой пайда болды. Алайда өз ісімді сүйетіндіктен, күресуіме тура келді. Білімімді шыңдайын деп Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Кино және ТВ факультетінің продюсер-режиссер мамандығына оқуға түстім. Ойдағыдай аяқтап, магистрлік диссертация да қорғап алдым. 20 жыл ішінде жеткен жетістігіме, көрген қуанышыма, сүйіншілеріме жететін еш бақыт жоқ. Оралхан Бөкейхан атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауы мен халықаралық «Шабыт» фестивалінде бақ сынап, лауреат атандым. Мәдениет қайраткерімін.
Отбасын құрып, ана атанып, дүниеге үш ұрпақ әкелдім. Құдайға шүкір, бір қыз, екі ұлым бар.
– Конферансьелер арасынан алғаш поэтикалық кеш өткізген өзіңіз десем қателеспейтін болармын...
– Өнер шыңына көз жүгірте жүріп, поэзия әлемінің орны ерек екенін байқадым. Ақындардың шығармашылық кешінен қалмаймын. Өкінішке қарай, кеш иесі концерттің ортасында оншақты өлең оқиды да, ары қарай әнмен өріледі. Поэзия тыңдағың келген құмарың басылмай қалады. Оның үстіне, жас әншілердің әннің мәтініне мән бермейтіні ой салып, өсіп келе жатқан жас ұрпақ мағыналы ой мен көркем сөздің Отаны қайда екенін ұғындыру үшін поэзия кешін өткізуді қолға алдым.
Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Бір күндік сәуле» атты жобаны режиссер, Мәдениет қайраткері Гүлнар Бекенқызының басқаруымен жүзеге асырдық. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқайтын өнер иелері әрине, көп, бірақ біз таңдау жасадық. Композитор, ақын, әнші Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексенұлы, Айжан Нұрмағамбетова, «Ағайындылар» тобы, Шымкент қаласынан арнайы келген «Сәт» триосы және «La.Fiesta» би тобы кештің көркін кіргізді.
Бастапқыда халық қалай жиналар екен деген қорқыныш болды. Бірақ лық толған залды көріп, өлең аңсап, рухани шөлдеп жүрген көрермен бар екеніне көзім жетті.
– Халықтың алдында 20 жыл формада жүру үшін аз еңбектенбеген боларсыз...
– Көркемсөз оқу, конферансье мамандығын игеру оңай емес. Соған қарамастан, әншілердің басым бөлігі кеш жүргізуге құмартады. Алайда артикуляция, интонация деген ұғымдарды меңгермегендіктен, өздерінің қалай сөйлеп тұрғанына мән бермейді. Бұл мүмкін осы мамандықтың тізгінін ұстайтын бір жетекші мен «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның» жоқтығынан болар.
Біреуді қызғанудан аулақпын, қолынан келсе, қарсылық жоқ. Тек кәсіби дәріс алып, конферансье мамандығының қыр-сырын біліп жүрсе деген ой ғана. Бұл да – үлкен өнер, өнердің қай саласына болмасын салғырт қарауға болмайды. Әркез өзіңді қалыпта ұстап, шеберлігіңді шыңдап отыру міндетті.
– Неге өзіңізді Марал Мұхаметқалиева, кейде Марал Анарбек деп таныстырасыз?
– Иә, кешегі Марал Мұхаметқалиева – бүгін Марал Анарбек атанып жүр. Себебі көп жағдайда концерттің 30 секундтық жарнама ролигінде әншілердің аты аталып, менің атым сыймай қалады. Тегім ұзақ, сондықтан соңғы кездері әкемнің атына көштім.
– Педагогика ғылымдарының магистрі ретінде жұмыс істеу ойыңызда бар ма?
– Магистрлік диссертация қорғаудағы мақсатым – өзімнің жиған-терген тәжірибемді бөлісу болатын. Әзірге мектеп аша қойған жоқпын, оқу курсы бар. Шәкірттерімнің бірі Айнара жақында кеш жүргізуге кірісіп кетті.
– Ал той басқаруды қашаннан кәсіп етіп келесіз?
– Бүгінгі таңда шоу-бизнес пен той-бизнесте жүргізуші мен асаба көп. Кейде әнші де, биші де өздері болып жатады. Менің ойымша, әркім өз мамандығының майталманы болу керек. Саны көп, сапасы жоқ «артистер» қаптап кетті. Кейбір тойлардан қарның ашып қайтатын жағдайлар қайталанып тұрады. Жағымсыз қалжың, орынсыз әңгімеге жол беріледі. Тойды сахнаның төрін көрген жандар басқарса, орынды болмақ. Өйткені олар сахна мәдениеті, сөз саптау, орынды қимыл дегеннің не екенін біледі. Керісінше, той басқаратындар концерт жүргізуден қашады. Себебі, үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Менің осы бағытта жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жылдан асып барады екен. Кез келген тойға бара бермеймін. Әйел асаба басқаруға болатын шілдехана, бесікке салу, қыз ұзату тойларына арнайы ұсыныс түсіп жатады. Ал басқа тойларда қасымда қосымша жүргізушілер болады.
– Поэтикалық кешіңіз жалғасын таба ма?
– Елена апай айтқандай, «бұл жоба осы қалпында ұмыт қалмау керек». Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арнап жалғасын ұсынуды жоспарлап отырмын.
Дайындықтан бөлек, «Көшбасшы жолы», «Іңкәр жүрек» сериалдарына түсіп жатырмын. Басқа да жағымды жаңалықтарым мен қызықты жоспарларым бар. Уақыты келгенде, міндетті түрде өздеріңізбен бөлісетін боламын.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ