Солардың еңбегінің нәтижесінде, мүгедектердің құқы қорғалып, сырқат балалар дертіне шипа табуда, шалыс басқан азаматтарды қоғамға бейімделіп, диструктивті діни ағымдарға ілесіп кеткендер «қайта үйірін тауып» жатыр. Яғни, үкіметтік емес ұйымдар азды-көпті қызмет жасап келеді. Өткен жылдан бері осындай ұйымдарға мемлекет тарапынан қаржы бөлудің формасы өзгерген. Қазір оларға мемлекет тарапынан арнайы грант бөлінеді. Осы гранттарды бөлуді ұйымдастыратын «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ деген мекеме де құрылған. Яғни, азаматтық секторды дамыту жаңа бағытпен дамып келеді. Біз осы орталықтың департамент директоры, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғарамен тілдесіп, «үшінші сектор», грант бөлу, біздің кейбір мінездеріміз жайлы пікірін білген едік.
– «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысын бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осы орталық үкіметтік емес ұйымдардың, жалпы азаматтық сектордың дамуына қаншалықты ықпал ете алды? Өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?
– Рас, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ құрылып, жұмыс істей бастағанына бір жарым жыл уақыт қана өтті. Былтыр алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік гранттар байқауы жарияланып, азаматтық сектордың осынау институттарын гранттық негізде қаржыландыру басталды. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Атап айтқанда, 2017 жылы біздің орталық 11 бағыт бойынша
57 грант бөлді. Бұл гранттар үшін 618 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Аталған гранттарды жеңіп алған үкіметтік емес ұйымдар түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды. Мысал ретінде айтсақ, түрмеде жазасын өтеп келген азаматтарды қоғамға бейімдеу, түрлі сыртқатқа шалдыққан «ерекше балалармен» жұмыс, әйелдердің құқын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қолдау, бірнеше сараптамалық зерттеу жұмыстары тәрізді көптеген қызметтер атқарды. Жалпы, жоғарыда атап өткен
57 грантты 49 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырды. Бұл гранттарды ұтып алу үшін 500-ден астам өтініш беріпті.
Үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік грант бөлу бастамасы азаматтық секторды дамыту бағытында қолға алынды. Нақты айтсақ, ҮЕҰ-дың қызмет сапасын арттыру, бұрынғы үлгідегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істеуге балама ретінде жоспарланды. Жылды қорытындылай келгенде мемлекеттік грант бөлу әдісі тиімді екендігін байқау қиын емес. Себебі, демпинг жоқ. Оған азаматтық сектор өкілдерінің де көзі жеткен тәрізді.
– ҮЕҰ-ға бөлінген гранттарды игеруге бір-ақ жыл беріледі екен. Бұл тым қысқамерзім емес пе? Республикалық бюджет те үш жылға қарастырылады, ғылыми жобаларға бөлінетін қаржы да үш жылға есептеледі. ҮЕҰ бір жылда не тындыра қояды?
– Рас, мемлекеттік гранттар бір жылға беріліп жатыр. Әрине, оның мерзімін ұзарту мәселесін назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бірақ бұл бағытта бірқатар зерттеу жасадық. Содан түйгеніміз – көптеген елдерде, соның ішінде ТМД елдерінде ҮЕҰ-ға берілетін қаржы көбіне бір жылға есептеледі екен. Яғни, мемлекеттің әлеуметтік тапсырыстары бір жылға ғана арналады. Көрші Ресейде және басқа да бірқатар елде солай. Екі-үш жылға қаржы бөлетіндер – көбіне халықаралық ұйымдар. Біздің елде жұмыс істеп жүрген көптеген халықаралық ұйымдар да қаржыны солай бөліп келеді. Әрине, мемлекет әлеуметтік тапсырыстар үшін қаржыны екі-үш жылға есептеп бөлетін болса, нәтиже басқа болар ма еді?! Ондай жағдайда, бір жағы үкіметтік емес ұйым белгілі бір жобаны жүзеге асыруда жүйелі түрде, байыппен жұмыс істеген болар еді. Дегенмен екінші жағы, олардың ресурстары үш жылдық ірі жобаға жете ме? Бізде ҮЕҰ мемлекеттік гранттарды иеленген соң тапсырысты бір жылдың ішінде орындап шығуы керек. Бірақ кейбір мәселелер бір жылда шешілмеуі де мүмкін. Осыны ескеріп, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне гранттар мерзімін ұзартуға байланысты ұсыныспен шықты. Қателеспесем, 2018 жылы ҮЕҰ үшін қарастырылған гранттар ішінде бірнеше грант үш жылға есептеліп жасалды. Сөз жоқ, бұл жобалар жүзеге асырылған соң нәтижесіне байланысты аталған әдістің тиімділігіне баға беріледі. Әзірге асығудың қажеті жоқ.
– ҮЕҰ жөнінде сөз еткенде олардың қай өңірде белсенді әрекет жасайтынына тоқталмай кетуге болмас. Көбіне Астана мен Алматыдағы ұйымдар белсенді деген түсінік бар. Осы рас па?
– Егер 2017 жылдың нәтижелеріне көз салсақ, расында, Астана мен Алматыда тіркелген ҮЕҰ-дың белсенді қызмет жасағанын байқаймыз. Әсіресе, Астанадағы қоғамдық ұйымдар айрықша белсенді қызметімен көзге түсті. Біз ресейлік үкіметтік емес ұйымдардың қызметін зерттедік, оларда да Мәскеу мен Санкт-Петерборда орналасқан ұйымдар көзге бірден түсіп жүр. Тіпті кейбір аймақтардан ҮЕҰ-ға арналған грант байқауына бірде-бір өтініш түспеген. Бізге келер болсақ, жалпылама баға беруге болмайды. Былтыр өтініштердің 47 пайызы аймақтардан түскен. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, еліміздің Батыс аймақтарында ҮЕҰ-дың ісі жақсы қызмет көрсетіп келеді. Өйткені олар өңірдегі ірі халықаралық, трансұлттық компаниялармен тығыз байланыста ҮЕҰ-мен жұмыс істеп жүр. Сонау 90-жылдардан бері азаматтық секторда қызмет істеп келе жатқан ұйымдар бар. Кейінірек ашылса да, белсенділігі жоғары ұйымдар да жетерлік. Айталық, «Зубр», «Женский луч», «Жастар үні», «Кеңес», «Асыл бала» тәрізді қоғамдық бірлестіктер. Одан бөлек «Азаматтық альянс» бар. Оның барлық облыста бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Әрі бірқатар халықаралық ұйымдар өз қызметін аймақтарға бағыттағаннан кейін, өңірлік ұйымдардың қарасы да, сапасы да артты. Өйткені халықаралық ұйымдар қазір көбіне аймақтардағы ҮЕҰ-мен әріптес болғанды құп көре бастаған. Себебі, қоғамға қандай да бір оң өзгеріс жасағысы келсе, оны облыстардан бастағысы келеді. Олар облыстарда бөлімшелер аша алмайды, сондықтан жергілікті ұйымдардың қызметіне мұқтаж. Демек, олармен серіктес болып отырған қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жоққа шығаруға болмайды.
– Үкіметтік емес ұйымдардың ешкімге жалтақтамай күн көретін кезі жеткен жоқ па осы?
– Былтыр күзде Атырауда тұңғыш рет «Асар» форумы өткен болатын. Форумның мақсаты – түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін арттыру еді. Сол форумда ҮЕҰ-дың мемлекет пен бизнеске алақан жая беретін дәуірінің өткені айтылды. Яғни, бұл – қоғамдық бірлестіктер дамудың тағы бір сатысына көтерілуі керек деген сөз. Жалпы, ҮЕҰ-дың өз бетінше күн көруі маңызды екендігін өзгелер де түсіне бастаған тәрізді.
Былтыр күзде Қазақстанға ресейлік актер Константин Хабенский келген болатын. Ол соңғы жылдары қайырымдылық шараларымен айналысып жүр. Жеке қайырымдылық қоры бар. Хабенский сол кезде: «Қайырымдылық саласы болса да, біз үнемі қол жая алмаймыз, өзіміз де қаржы табуымыз қажет», – деген еді. Сол айтқандай, Қазақстанда да түрлі бағыттарда жұмыс істейтін ҮЕҰ қаржыны мемлекет пен бизнестен күтіп отыра бермеулері керек. Олар енді қашанғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе грант күтіп отырмақ? Демек, ҮЕҰ да өз бетінше қаржы табуы керек. Міне, осы тұста әлеуметтік кәсіпкерлік ісі алға шығады.
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындар аз. Дегенмен бар. Атап айтсақ, Астанадағы Эмин Әскеровтың өзі біраз жанға үлгі. Ол ашқан цехта 15 қызметкер болса, олардың 12-сі мүмкіндігі шектеулі азамат. Одан бөлек «Асар» форумы кезінде оралдық Геннадий Франкпен жолықтық. Ол балалар үйінде өсіпті. Ержеткен соң кәсіп бастап, бірнеше цех ашқан. Оған тек өзі сияқты балалар үйінің тәрбиеленушілерін жұмысқа алыпты. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындар біреудің көмегін күтпейді. Тек бизнес серіктес ретінде кәсіпкерлердің тапсырыс бергенін ғана қалайды. Олар қазір екі мәселені шешіп жатыр. Біріншіден, кәсіпкерлікті дамытса, екіншіден әлеуметтік әлсіз топтарға жәрдем жасап, жұмыс тауып беріп отыр.
– «Үшінші сектор», азаматтық қоғам дегенде тек ҮЕҰ-ды ғана қарастыратын сияқтымыз. Азаматтық қоғамның өзге институттары қалай дамып жатыр бізде?
– Азаматтық қоғам деген – кең ұғым. Ол тек үкіметтік емес ұйымдардан құралмайды. Партиялар, кәсіподақтар, қауымдастықтар, тіпті әлеуметтік желілердің қарқынды дамуына байланысты пайда болған топтар да, волонтерлер де кіреді. Тәуелсіз масс-медиа да, тіпті отбасы да – азаматтық қоғам институттары қатарда. Себебі, әдетте отбасында қоғам мен жеке мүдде тоғысып жататыны бар. Азаматтық қоғам қалыптаспай, құқықтық мемлекет те құру мүмкін емес. Демек, азаматтық қоғам институттарының кез келгенінің дамығаны жақсы. Өкінішке қарай, біздің танымда азаматтық қоғам ретінде көп жағдайда үкіметтік емес ұйымдарды ғана атап жатады. Дегенмен азаматтық қоғамның ең негізгі қозғаушы күші адам екенін ұмытпау керек. Азаматтардың өз жауапкершілігін сезінуі маңызды бұл күнде. Мемлекеттің қолына қарап телміруге болмайды. Азаматтар өздері белсенділік танытып, бастама көтеріп, талап етіп, ұсынып, нақты әрекет жасаса, бұл азаматтық қоғам үшін маңызды процесс болады. Сонда ғана азаматтық қоғам институттары қажетті деңгейде жұмыс істей бастайды. Себебі, мемлекеттік аппарат өз табиғаты бойынша өзгеріске баяу келеді. Оны саяси ғылым бұрын-ақ дәлелдеген.
Азаматтық қоғам тек белгілі бір ұйыммен шектелмейді, ол күнделікті әр адамның белсенділігіне де байланысты. Мәселен, жуырда ғана Астанада қатты боран соқты. Қаланың коммуналдық қызметі көшелерді тазалауға мұршасы жетпей жатты. Бірақ көптеген аула сірескен қарға толып қалды. Көлік те кіре алмайды. Осындайда көршілермен ұйымдаса кетіп, күрегімен өздері үшін аула тазалап кеткен азамат көп болды ма? Әй, қайдам. Өзгенің емес, өзінің ауласы. Яғни, бар міндетті, жауапкершілікті Үкіметке, әкімдікке артып, оны сынай беретін уақыт өтіп барады. Алда әр азамат жауапкершілік алатын уақыт келе жатыр. Өз отбасың, аулаң, ауылың, ортаң, қалаң, қоғамың, елің үшін жауапкершілік. Азамат бір дүниеге жауапкершілік алғанда ғана оған жаны ашиды, оның түзу дамуына мүдделі болады. Жоғарыда аталған институттар – осы процесті, механизмді тек ұйымдастырушылар. Негізгі салмақ – бәрібір әр азаматтың мойнында. Қазіргі қоғамымыз жиырма беске келген, қолында екі дипломы бар, бірақ әл күнге дейін әке-шешесіне жалтақтайтын жігітке ұқсайды. Ол ата-анасынан үнемі көмек күтеді. Біз де сондаймыз. Масылдық бар.
Мәселен, Ұлыбританияның 51 пайыз халқы жылына бір рет волонтерлықпен айналысады екен. Осылардың 25 пайызы айына бір рет ерікті болады. Әрі азаматтардың неғұрлым табысы өскен сайын, қоғамда соғұрлым өзгеге тегін көмектесу деген көрсеткіш арта берген. Иә, мұның бәрі – құндылық деңгейіндегі өзгерістер. Азаматтық қоғам да осындай құқық, еркіндік, теңдік, өзгеге көмек, қуанышты да, қиындықты да ортақтасу деген құндылықтарға негізделген.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ
Дереккөз: aikyn.kz