Астана қаласының Білім басқармасында атап өткендей, биыл жалпықалалық мектеп бітіру кеші болмайды.
«15 маусымда барлық мектептерде аттестат табыстау салтанаты өтеді. 24 мамырда дәстүр бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарына арнап «Триум» балын өткізуді жоспарлап отырмыз. Маусым айының соңында «Алтын белгі» иегерлерін құрметтейтін боламыз», – делінген басқарма хабарламасында.
Бұған қоса басқармада мектеп бітіру кештеріне қойылатын талаптар туралы айтты. «Ешқандай талап жоқ, таңдауды ата-аналар өздері жасайды. Олар ұжым болып мектеп бітіру кешін қайда өткізетінін таңдайды. Мектептер кештің уақыты мен орнын айтып, сәйкесінше біз ұстаздар мен инспекторлардан кезекшілік ұйымдастырамыз», – деді басқармада. Білім басқармасында мектептің акт залдары мен спорт залдары мектеп бітіру кешін өткізуге ең қолайлы жер деп санайды.
«Егер ғимаратта салтанатты өткізуге қолайлы жағдай болса, ата-аналарға түсетін қаржылай салмақты азайту үшін, әрине спорт және акт залдарында өткізген жөн. Алайда кейде белгілі бір себептерге байланысты салтанатты кешті өткізуге жағдай бола бермейді, сол кезде ата-аналар мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға басқа нұсқаларды қарастыра бастайды», – деді Астана қалалық Білім басқармасында.
Дереккөз: www.24.kz