Отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беру барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бензин тапшылығына қатысты терең проблеманың жоқ екенін айтты. "Бұл осы салаға қатысты мамандар мен органдардың олқылығы. Біз мұнай өңдеу зауыттарында жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ оған алдын ала дайындық болады, ресурстар дайындалады. Бірақ осы жұмыс атқарылмай, бензин тапшылығы болды. Тағы бір мәселе - мұнай өнімдеріміз жетпегендіктен, шетелден әкелдік. Оларда ресурс бар. Сауда бар. Қазір үш зауытқа жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін Қазақстанды өз ресурстарымызбен қамти аламыз. Миллиондаған тонна экспорттауға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан бұл проблема қайталанбауы керек. Біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз енді еуростандартқа сайн бензин өндіретін болады. Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де көтерілген болатын. Бірақ сарапшылар 2025-2030 жылға дейін үш МӨЗ жеткілікті екенін айтты. Еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыты 2025-2030 жылға дейін сұранысты өтей алады", деді Президент.
Қайнар көзі: egemen.kz