Ол басылым өкілінің «Сіздің несиеге деген көзқарасыңызды білгім келеді. Кәсіпкер үшін мемлекеттен несие алудың қандай қиындықтары бар?» деген сауалына былайша жауап берген.
«Несие алудың ең қиын жері – құжатта, өз басым өзгедей қиындыққа тап келмедім. Ақша алу үшін алдымен бірқатар құжат жинауың қажет, ал ақшаны бергеннен кейін де үкімет артыңнан қалмай тықақтап оның жайын тексеріп отырады. Бәріне құжатпен жауап беруге тиістісің. Менің бүгінгі таңда көзімнің жеткені – біздің көпшілігіміз қарапайым ғана қажетті құжаттарды қарапайым түрде ғана толтырып тиісті мекеменің қолына тап-тұйнақтай етіп табыстай алмаймыз, еріншектігіміз ұстайды, әлі де болса немқұрайдылығымыз басым. Мәселен, мен белгілі бір соманы алу үшін банктің соңынан 2 жыл жүгірдім, қаншама білімімді сарп еттім. Бірақ, бәрібір өзіміздің ортадан тыс ешкімге жалынбадым, ешкімнен көмек сұрамадым. Жанымда қаншама білімді азамат жұмыс істейді, солардың бәрі атсалысты, ақыры 2 жылдан кейін несие ақша қолыма тиді. Қазір «Агрокредит» компаниясына рахметтен басқа айтарым жоқ. «Сіздер осы мерзім ішінде мені өте көп жайтқа үйреттіңіздер», деймін оларға шын жүрегіммен ризашылығымды білдіріп» деп атап өткен спорт ардагері.
Сондай-ақ, Ж.Үшкемпіров өз қарамағында бес мың аналық ірі қара, үш мың бұқа, үш мыңдай жылқы тіркелгенін жәнеден 20 мың гектар жері, 100-ден аса жұмысшы-қызметкері барын атап өткен.