Атап айтқанда Неннияның IXX ғасырда жазылған «Бриттер тарихы» мен Гальфрид Монмутскидің XII ғасырда жазылған аттас «Бриттер тарихы» кітаптары. Һәм осы екі кітаптың деректеріне құралған халықтық аңыз. Екі ғалым да бірауыздан Британияның негізін қалаған Бритті Рим мемлекетінің негізін қалаған атақты Энейдің шөбересі деп жазады. І ғасыр мен V ғасырдың аралығында Британия Рим империясының қол астында болады. Римдіктердің, нақтылап айтқанда тарихи қайраткерлер мен аңыздық персонаждардың Британ әфсаналарында көрініс табуы кездейсоқ емес. Британ тарихшылары Бриттер мен Римдіктерді бір атадан таратуы арқылы өздерінің римдіктермен салыстырғанда тек жағынан бір де кем емес жұрт екендігін ерекшелеп көрсету ниетінен туған. Асыл аңыздың айтуынша, Брит дүниеге келмей тұрып-ақ, көріпкелдер оның әкесімен шешесін өлтіріп, елінен қуылып, көп жерді аралап, ақырында ұлы даңққа бөленетініне сәуегейлік жасайды. Бірақ олардың сөзіне ешкім сенбейді. Дегенмен айтқандары дәл келеді. Бриттің анасы босану үстінде қайтыс болады. Ал әкесін бозбала Бритт балалармен садақ атып жаттығып жүріп, абайсызда жазым етеді. Осылайша, Италиядан қуылып, үйсіз-күйсіз, Отансыз кезбеге айналған Бриттің ерлік дастаны басталады.
Алдымен тағдыр желі Бритті қаңбақтай домалатып Греция топырағына аяқ бастырады. Ал онда ол Троя соғысында қолға түсіп, содан бері құлдық қамытында жүрген троялықтардың ұрпақтарына жолығады. Ол өзінің бабасының троялық екенін есіне алып, қиыншылықтағы қандас бауырларының ортасында қалып, «у ішсең руыңмен» демекші, бар азап-қайғыны бірге көтеріспек болады. Уақыт өте келе, Брит троялықтар арасында асқан данылығымен, қаһарлы жауынгерлігімен көзге түсіп, барша ағайындарының қолдауымен көсемдері болып сайланады. Әбден езгіге түскен байғұстар Бритті өздерін масқара құлдықтан азат етеді деп үміттеніп құдайға жалбарынумен ұзақ күндерін өткізеді. Қолайлы жағдай туысымен Бритт қалың нулы шатқал басына бекініп, әйелдер мен бала-шағаны есептемегенде жеті мыңдай жігіттің басын қосып, грек патшасы Пандрасқа майдан ашады. Қақтығысқа шықпас бұрын Пандрасқа мынадай мазмұндағы хат жібереді: «Мен аман қалған троялықтардың соңғы көсемімін, сенің алдыңда бас иіп, құтан болып игілікті өмір кешкенше, тау басында еркіндіктің таза ауасымен тыныстап, аң-жануарлардың қатқыл етін жеп, жабайы шөптермен қөректенгеніміз мың артық». Көп ұзамай қасап қырғын болып, көтеріліске шыққан бұлар үстем түседі. Тіпті грек падишасының жеке өзін қолға түсірудің сәті түседі. Пенде болып кеудесі басылған Пандрас патшалығының үштен бірін жайлауға келісімін береді. Әйтсе де, троялықтардың тұқымдары мұнда қалуды жөн деп таппай, Пандрастан өмірін сақтағандары үшін мол етіп алтын мен бидай алып, үш жүз он төрт кемеге мал-жанын тиеп, көк теңіздің өріне жерұйықты мекен іздеп шығындап кетеді.
Екі күн бір түн бойы жүзген, ертеңінен үмітті жанкештілер оңынан соққан желге мың шүкір айтысып, әлдеқандай елсіз аралға тап болады. Ертеректе бұл жерді теңіз қарақшылары мекендеп, адам баласына тұрақ бермеген екен. Содан ба, әлде басқа ма, әйтеуір екі аяқты жұмыр бастылар тіршілігінен бір белгі болмапты. Бұл шақта нағыз көшбасшыға айналған Брит үш жүз сарбазын аралдың түкпіріне барлауға аттандырады. Үш күннен кейін оралған шолғыншылар өздерімен бірге өте көп аң-құс атып әкеледі, сонымен бірге медиеннің адамсыз екендігін, ал дәл орта тұсында құрылыстары әлі мүжіліп бітпеген ескі қала жұрты барлығын, оның орталығында Диана тәңіріне арналған храм тұрғанын жамырай айтып келеді. Мән-жайға қаныққан Брит өзінен жастары үлкен он екі жолдастары мен ғұлама Герионды ертіп тәңірі ризалығына храмға құрбандық шалу үшін жолға шығады. Аман есен жеткесін, бір ақбоз бұғыны ұстап алып, құбылаға қаратып бауыздайды. Қанын тостағанға толтырып, алтарды төрт мәрте шыр айналып, қолындағы күрең сұйықтығын отқа шаша, «өздеріне болашақ дидарын ашуды, жаңа тұрақтың бағытын көрсетуді тоғыз рет жалынып сұрайды. Осы ритуалды атқарған соң бәрі тынығуға жатады. Сол түні оның түсіне Диана кіріп, өлеңдетеді:
Қиырда, күн ұясында,
Галлдар патшалығынан әріде,
Мұхиттың ортасында арал бар, су қоршаған.
Сол құтты мекен, өзін жайлағанын күтіп отыр,
Адамдарыңмен асық, табан тірегің болатын жер,
Екінші Трояны ұрпақтарың сонан табады
(еркін аударма, автордан).
Оянса, Бриттің көкірегінде осы жыр жолдары сайрап тұр. Жағалаудағы кемелеріне оралғасын ол жамағатына өзінің түсі жөнінде әңгімелейді. Мұны естіген халайық тәңіріне мадақ айтып, улай-шулай уәде етілген аралды іздеп, күн батысқа сапарға шығады. Арып ашқан ұзақ жол мен шытырман уақиғалардан соң Бритпен оның жолдастары римдіктер «Альбион» деп атайтын аралға да келіп жетеді. Өз кезегінде, бұл аралды залым да жауынгер алап адамдар мекен етеді екен. Қауіп пен қатер анақ еді. Десе де, көз алдарына ашылған шұрайлы өңірдің тілім-тілім балыққа бай сансыз өзен-көлдері, тұмса, қалың ормандары Брит халқына «қайтсе де осында мекендеу керек» деген ойға бекіндіреді. От пен суыққа піскен Бриттің сарбаздары қан мен тер төге жүріп, көп құрбандықтармен алыптарды тауға ығыстырады. Сөйтіп, жауланған жерлерге үйлер тұрғызып, егістік алқаптарын жасап, аз уақыттың ішінде құдды бір бұл атырапты ықылымнан адамдар мекендегендей құлпырып шыға келеді.
Әфсанаға сенсек, содан бастап Бриттің атымен бұл жер Британия деп аталып, жайлаған халқы «бриттер» деп айдарланады. Брит биік адырдың басына қала салып, өзінің ескі Отанының құрметіне оны «жаңа Троя» деп жариялайды. Әйтсе де, талай сулар ағып, бұлттар көшіп халық жадынан бастапқы атауы өшіп, қаланы жалпыауыз «Лондон» деп атап кетеді. Ал Лондон сөзінің мағынасы «адырдағы қорған» дегенді білдіреді. Осылайша, Британия атанған ел кейін империялық дәуірде көтерілген деңгейіне сай Ұлыбритания деп «ұлы» сөзімен қоса айтылатын болады. Сонымен бірге, Англия атымен де мәлім осынау елге жолыңыз түссе, тең құқықты азаматтары шотландықтар мен ирландтықтарды «ағылшындар» деп атай көрмеңіз. Өйткені, ондағы жиынтық атау «британдық» болып есептеледі. Егерде көзіңіз әбден жетіп тұрса ғана жекелеп, даралап халықтық атауларын пайдаланыңыз. Ресми тұрғыда, бұл ел – Ұлыбритания Біріккен Корольдіктері деп аталады. Ұлыбританияның өзін тарихи-географиялық үш облыс құрайды: Англия (ең негізгі тарихи бөлігі) және келт текті Шотландия мен Уэльс. Сонымен бірге, жарым-жартылай енетін солтүстік Ирландияны да атап өткен жөн.
Ерболат МАМЫРАЙХАН