Бұлақтың көзін ашу
26.02.2018, 09:51

Бұлақтың көзін ашу

Әрбір ата-ана баласының білімді, өнерлі, жан-жақты болғанын қалайды. Бала сөз түсінетін жасқа жетісімен, ата-ананың алдында «Баланы қандай үйірмеге береміз?», «Баланың қабілеті бар-жоғын қалай анықтаймыз?» деген үлкен міндет тұрады. Бір балаға Жаратқанның сыйы дарып, тума талант екендігін бірден байқатып жатса, енді біреуі бар дарыннан мақұрымдай көрінеді. Бұл жағдайда кейбір ата-ана «Ондай қабілет біздің жеті атамызда болмаған, бұл балаға қайдан беріле қойсын» деп жабулы қазанды жабық күйінде қалдыра салады.

Қабілет әрдайым тұқым қуалайды деу жаңсақ пікір. Бүгінде әлемнің ғалымдары баланың бойындағы жасырын қабілеттің бері қарай шығуына айналасында тек соған итермелейтін қолайлы жағдай болғанда ғана анықталатындығын айтады. Олардың айтуынша, түрткі болар үлгі және жасалған қолайлы жағдаймен балада жоқ қабілетті дүниеге әкеліп, керісінше соларсыз қанымен берілген қабілетті өшіруге болады. Мәселен, «Үштен кейін тым кеш» кітабының авторы, жапондық кәсіпкер, әрі педагог Ибука Масарудың пікірінше музыканы есту қабілеті жоқ ананың әнін естіп өскен баланың да сәйкесінше музыкаға қабілеті болмайды. Бұл орайда, Бауыржан Момышұлының "үш қорқынышы", соның ішінде «бесік жырын айта алмайтын келіндері» еске түседі. Міне, қазағымыз да балаға ұлттық тәрбие берумен бірге, балаға себілген дәнекті дұрыс өсірудің жолын білген.
Қазіргі таңда, дүниежүзінде бала тәрбиесіне келгенде жапон педагогикасының озық тәжірибелері кең қолданылады. Әсіресе, ерте жастағы баланың қабілетін ашуда педагог, философ, скрипкашы Синъити Сузукидің әдісі мойындалып отыр. Сузукидің әдісі бойынша баланы ерте жастан, яғни баланың санасында теріс түсінік қалыптастып үлгермейінше өнерге үйрету керек. Бала – өзін қоршаған ортаның айнасы. Сол себепті, ең алдымен ата-анасы үлгі көрсетіп, бірге қатысуы арқылы кез келген өнер, білімге үйретуге болады. Себебі, баланың көрген нәрсесін дәлме-дәл көшіріп қайталауы, беделді адамы не қатарластарының іс-әрекетіне еліктеуімен қызығушылығы тез оянады. Сузуки үйінде ән айта алмайтын ата-анасы, оны қабілетсіз деп таныған баланы өз тәрбиесіне алып, күн сайын балаға дұрыс орындалған әнді тыңдатқан. Бұл бала кейін ер жетіп, Брамс пен Бетховеннің скрипка концертінің үздік орындаушысы танылып, Канадада бірнеше концерт береді. Сондай-ақ, Синъити Сузуки үйірмеге өз еркінен тыс келген балаларға келесідей сынақ жасайды.
Алғашқы кезеңде үйірмеге келген балаға бірден сабақпен емес, өз ойына келген ісімен айналысуына мүмкіндік беріліп, оның жанама түрде өзге балалардың қызықты іспен шұғылдануын тамашалайды. Ортаға әбден үйреніп, санасында қатарластарына қатысты бәсекелестік қызығушылық туындағаннан кейін өнерге үйрету жұмысын бастаған. Сузукидің бұл әдісі тек музыкада емес, кез келген өнердің алғашқы қадамында тиімді.

Сөз соңы: Баланы-жастан! Кеш қалмаңыз!

Динара Болат

©ak-kelin.kz

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер