Қате жазу азаймай тұр…
04.05.2018, 17:11

Қате жазу азаймай тұр…

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тіл сауаттылығына мән бергеніміз жөн. Өкінішке қарай, көптеген жарнамаларда, түрлі ақпараттық жазуларда бірқатар қателіктерге жол беріліп жатады.

Қаладағы жазуларға зер салып жүру – қашанғы әдетім. Өйткені туған тіліме жанашырлықпен қараймын. Мәселен, Алматы қаласынан көзіме шалынған қате жазуларға тоқталайын. Абай даңғылының бойымен келе жатып, «көзайнек» деген қате жазуды аңғардым. Көзілдірік сататын дүкеннің төбесіне дәл осылай жазып қойыпты. «Ә» мен «А» әріптерін ажырата алмайтын адамдардың іс-әрекеті шығар деп топшыладым.Жолда кездескен сұлулық салонынан «сулулық салоны» деген жазуды оқып, қайран қалдым. Мұндайға қалайша жол берілген. Түсініксіз. Аударма жасайтын мамандарға неге қаратпаған. Асылы, ғаламтордағы аударма бағдарламасының көмегіне жүгіне салғаны сезіліп тұр. Мұның артында, әрине, тілге деген жауапсыздық, немқұрайлылық жатыр. Егер әр кәсіпкер мемлекеттік тілді құрметтеп, көрнекі жазулардың сауаттылығына баса ден қоятын болса, мұндай мәселелер туындамас еді деп ойлаймын.
Көше бойындағы қателерді тізіп келе жатқанымда үйдің жанындағы шаштараздың жарнамасына көзім түсті. Ондағы «Ерлердің шаш алу» деген сөзді оқып ұзақ ойландым. Қожайындары толық жазуға ерінді ме, жоқ әлде келген адам ары қарай жазудың мағынасын өзі түсініп алады дегендегісі ме екен? Тым болмаса бір сөйлемді дұрыс жазуға болар еді ғой? Дәл осындай басы бар, аяғы жоқ сөздер көшенің әр бұрышынан бой көрсете берсе ана тіліміздің қадір-қасиеті қайда қалады?
Ең сорақысы, көше атауларының дұрыс жазылмағандығы болды. «Абай данғылы» деген жазуды оқып, тіліміздің мұншама күрмелгеніне не себеп болды екен деп ойладым. Өзі айналдырған тоғыз-ақ әріпті дұрыс жаза алмасақ біздің қазақтығымыз қайда қалады? Мәңгілік ел боламыз десек, ең бірінші тілімізді қадірлеуіміз керек. Тілі мен ділін жоғалтқан халықтың өзі де жоғалатынын тарих сахнасы сан мәрте дәлелдеген. Біздің болашақ – ана тілімізде екенін ұғына білгеніміз жөн.

Толқын ЫНТЫМАҚ

Дереккөз: kazgazeta.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер