Жақында ана тіліндегі ұлт мектептерінің көптеп ашылуына ерен еңбегі сіңген халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия ұжымы мен оқушылары өзі де, сөзі де асыл Асылы Османқызын қонаққа шақырған еді. Сыр мен сұхбатқа құралып, өлең-жырмен өрілген кешті гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мақтаулы ұстаздар Ғайни Әбнасырова мен Әлия Сәлімжанова ұйымдастырды. «Әлемнің үздік әйелі» атанған қоғам қайраткері Асылы Османның жүрекжарды әңгімесін естіп, дидарласу үшін Алмалы ауданындағы барлық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, Алмалы аудандық білім бөлімінің бас маманы Әсем Нұрбаева келіп қатысып отырды.
Тағдырдың жазуымен сонау үш жасында қазақ топырағына табан тіреген Асылы нағыз қазақтың нанын адал жегендердің санатынан. Мектептен соң Асылы қазақ қыздарының парасат мектебі Қыздар институтын үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған екен. Балалардың санасына сәуле құя жүріп, ғылыммен шұғылдануға да уақыт табады. «Елің үшін аянба» деген батыр Баукеңнің өсиетін өз өміріне арқау еткен Асылының бар ғұмыры қазақтың тілін ардақтап, дәстүрі мен болашағы үшін күреске толы болады. Осынау саналы ғұмырында ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімге, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда да азамат ретінде, ғалым ретінде, қайраткер ретінде әлі де жемісті де жеңісті еңбек етіп келеді. Сырласу кешінде Ғайни Жалғасбайқызы Асылы апамыздың өнегелі өмір жолымен таныстырып өтті.
Асылы Осман 1993 жылы ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту басқармасының баcшысы, 1996 жылы ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің Мемлекеттік тілді дамыту, терминологилық тілді дамыту, терминология және ономастика жұмысы жөніндегі бас басқармасының басшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарған болса, Алматы облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталығының, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры» қамқоршылар кеңесінің мүшесі болды. Осынау еңбегі «Достық», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Осындай орасан жұмыстарды аса жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Асылы Осман түрлі кездесу кештеріне де уақыт тауып, жас ұрпақты тілін сүйіп, ділін құрметтеп, Отанға адал қызмет етуге үйретуден бір сәт те шаршаған емес. Сондықтан, күнде кездесе бермейтін Асылы апаның айтқан әңгімесін оқушылар да бар зейінмен тыңдап отырды.
– Сонау тағдырдың сынға салған сәтінде құшағына басып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқының адамгершілігін, дархандығын ұмытуға бола ма? Менің жан дүнием қазақ болып кеткен, қазақ болып қала да береді. Қазақтың тілі, ділі мен әдет-ғұрпы үшін қашанда қызмет етуге дайынмын. Әрбір қазақ өз тілін білуі керек. Дүниедегі ең шұрайлы, ең көркем, ең бай тіл – қазақтың тілі. Мен ғалым ретінде тілді зерттегенде осындай інжу-маржанға толы тілді кездестірмедім. Сондықтан, ана тілін ардақтай біліңдер. Жақында ғана Алатау ауданындағы «Алғабас» ықшамауданында болдым. Сондағы №182 жалпы білім беретін мектепке кездесуге шақырған еді. Мектеп директоры жас та болса бас бола білетін Әсет Нұрғазы деген жігітке өте риза болдым. Нағыз ұлтына қызмет ете білетін азамат екен. Осындай жастардың ортамызда өсіп келе жатқаны ұлт үшін де зор мақтаныш, – деді Асылы Осман.
Гимназия оқушылары да «Асылы апаны көргенде осы сауалды бір қоярмын» деп жүрген көкейлеріндегі сауалдарын қойып үлгерді. Гимназияның өнерлі оқушыларынан құралған «Мұрагер» оркестрі «Балбырауын» күйін күмбірлетсе, «Нарқыз» би тобы мың бұрала биледі. Ал Айдана Алайдарова Шона атасының атақты «Анамның тілі» әнін, Әсем Тілеубердина «Менің қазағым» әнін орындап, кездесу кешінің қонағына құрмет көрсетті.
Жас ақын Арна Ағыбай Асылы апасына арнауын оқып, риза етсе, гимназияның ұлағатты ұстазы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жанай Елемесқызы барша ұжым атынан кеш қонағына ризашылығын білдірді. Алаштың Асылы кездесу кешіне келген барша қонақтарға, ұжымға, оқушылар қауымына басын иіп, алғысын білдірді. Әсерлі кештен ерекше қанаттанған Асылы апамыз «қазағым барда мен бармын» деді рахаттана.