Сонымен, әліпбидің соңғы нұсқасы апострофтан арылды. Бірақ бұл нұсқаның да кемшін тұстары баршылық.
Мұндағы мәселе апострофтан арылғанымызбен диграфтан арыла алмаппыз. Атап айтқанда, «ш» әрпі мен «ч» әріптерін «sh» және «ch» таңбаларымен қосақтап жазатын болыппыз. «Ш» әрпі қазақ тілімізде жиі қолданылатын әріп бола тұра жеке таңба бұйырмапты. «Ш» әрпін диграф қос таңбамен бергенше «w» таңбасымен неге жазбасқа деген заңды сұрақ туады. Солай етейік деген орынды ұсыныс енгіземіз. Ал «ч» әрпін белгілеген «сһ» қос таңбаның соңындағы қосарын алып тастасақ, сонда жеке қолданыссыз қалған «с» таңбасы «ч» болып, екінші диграфтан біржола құтыламыз. Бос тұрған латын таңбасы тұрғанда қосақтағанымыз қалай?
Ендігі бір айтар сөз, менің байқауымша, 32 әріптің екі-үшеуін қысқартып тастауға әбден болады. Қазіргі латын-ағылшын алфавитінде «і» мен «j» әріптерінің үстінде нүкте бар. Ал араб әріптерінің асты мен үсті қаптаған нүктелер. Сол нүктелерден олар зардап шегіп отырған жоқ. Ноқаттардың арқасында бір таңба бірнеше әріпті бейнелейді. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінде 28 ғана әріп таңбасы болған. Ендеше біз сол нүктелерден неге ат-тонымызды ала қашып отырмыз? Сосын анау қазақ тілінде қолданылмайтын «вагон» деген секілді шеттен енген сөздерде ғана кездесетін «в» әрпіне жеке «v» таңбасы беріліпті. Бұл әріпке жеке таңбаның қандай қажеті бар? Бұрынғы «б» дыбысын білдіріп тұрған бүгінгі «Вb» таңбасының шекесіне нүктемен немесе акутпен белгі қойсақ бір таңбаны үнемдеген болар едік.
Сонымен қатар «д», «т» деген өзара үндес дыбыстарымыз бар. Бұл екеуіне де бір таңба арнасақ жетеді. Дұрысы «Т» таңбасын қалдырып, «D» таңбасын «Л» әрпінің орнына қолданайық. Неге десеңіздер таяқ таңба көбейіп кеткен. Атап айтқанда, «і» «и», «л», «ж» – осы төрт әріптің төртеуі де латыншада таяқ болып тұр. Ол туралы әлеуметтік желіде орынды сын-пікірлер айтылуда. Жоғарыда «V» таңбасын «и», «й» орнына қолданайық. Сосын f мен t әріптерінің таңбалары бір-біріне өте ұқсас. Жазуда да қиындық келтіреді. «Ff» орнына қолданыссыз қалған «х» таңбасы өз-өзінен сұранып тұр.
«Ы» мен «у» дыбыстарын бір таңбамен қосақтапты. Бұл екеуі үндес дыбыстар емес, «ы» мен «і» үндеседі. Қосақтасақ осы екеуін қосақтау керек емес пе? Екіншіден, «ы» дыбысына жеке таңба керек. Себебі бұл дыбыс тілімізде өте көп қолданылады. Онсыз аттап баса алмайсыз, сөйлем ғана емес, бір сөздің ішінде екі-үш реттен келеді. Мысалы, отырады, тұрады, қырағы, қарастырылады, іске асырылады… Тіпті «дыбысы» дегеннің өзінде үшеуі тұр. Сондықтан У таңбасын У дыбысына жеке қалдырып, Ы дыбысына жеке таңба тауып беруіміз керек. Мен шалқасынан тұрған V таңбасын керісінше аударып, Ы орнына қолдансақ қайтеді деген ұсыныс айтқым келеді.
Тағы бір ұсыныс, Һ дыбысынан мүлдем құтылған дұрыс. Өйткені ол арабтардан келген келгінбай бізге жат дыбыс. Біздің Х дыбысымыз оның орнына әбден жарайды.Қаһарманды қахарман деп айтсақ та,жазсақ та болады емес пе? Сөйтейік те һ таңбасын ы дыбысына берейік. Жоғарыдағы ұсыныс-пікірлерді мен тек өз ойымнан шығарып айтып отырғаным жоқ. Әлеуметтік желідегі пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп жаздым. Міне, ойласар, ақылдасар жайттар әлде де баршылық. Президентіміз байыппен, елмен ақылдасып жасаңдар деп тапсырды ғой. Сондықтан ақылдаса отырып шешейік деп айтқым келеді.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдебиет сыншысы
Дереккөз: "Ана тілі" газеті