Олай болса кірме терминдер тілдік жүйелер арасындағы белсенді қарым-қатынастың нәтижесі болып саналады. Тілдік жүйенің кірме қабаты сол тілді қолданушылар арқылы жүзеге асып отырады. Осы тұрғыдан кірме сөздерге былайша анықтама беруге болады: «Кірме сөздер деген – тіларалық қарым-қатынас (байланыс) нәтижесінде бір тілден екінші тілге ауысқан бөгде тілдік элементтер (сөздер, сөз тіркестері, жұрнақтар, т.б.)». Бұл жердегі мәселе «Кірме сөздер дегеніміз не?» дегендікте емес, оларды қалай қабылдау жөнінде болып отыр.
Шет тілінен сөз қабылдауды Эйнар Хауген былайша сипаттайды: «Попытку говорящего воспроизвести в одном языке навыки, усвоенные им в качестве носителя другого языка». Көптеген авторлар шет тілінен сөз қабылдағанда ол сөздер өздері енген тілге жан-жақты бейімделуге жақын тұратындығын айтады. Мәселен, Я.П.Крысин шет тілінен сөз қабылдау процесін бір тілден екінші тілге түрлі элементтердің енуі деп түсінеді. Автордың «түрлі элементтер» деп отырғаны – тілдің басты-басты құрылымдары: фонетика, лексика, морфология, синтаксис, т.б. Біз болсақ, сөз қабылдау дегенді жаңа ұғымдар мен түсініктерді атау үшін өзге тілдің сөздік қорынан сөз алу деп түсінеміз.Кез келген тілде сөз алмасу мейлі ол әдеби тілде болсын, терминологиялық жүйеде болсын заңды құбылыс. Енді кірме терминдерді еуропа тілдері қалай қабылдап жүр деген мәселеге жауап іздеп көрелік. Ол үшін, алдымен, «халықаралық терминдер» деп аталып кеткен ұғымға аздап тоқталсақ.
Ағылшын тілінде интернационализм немесе халықаралық сөздер деп мағынасы мен шығу төркіні жағынан ұқсас болып келетін кірме сөздерді атайды. Бұл сөздер бірнеше тілдердің ұзақ уақыт өзара байланыстарының нәтижесінде пайда болады. Айтылуы мен жазылуы бірдей болғандықтан олар бірнеше тілдер арасында түсінікті болады (И.Арнольд).
Тілші ғалымдар арасында сөз немесе термин «халықаралық» мәртебеге ие болуы үшін неше тілде қолданылуы керек, қандай тілдердің сөздері «халықаралық» сөздер қатарына ене алады деген сұрақтар пікірталас тудырып жүр. Бірақ оған әлі күнге нақтылы жауап берілген жоқ. Орыс тілінде интернационализмдерге «әртүрлі тілдерде бірдей мағына беретін, бірақ әр тілдің заңдылығына сай рәсімделетін халықаралық лексикалық қор» деген анықтама берілген. Қазақ тіліндегі халықаралық терминдер деп жүрген лексикалық бірліктеріміз жоғарғы анықтамаға сәйкес келмейді.
Қазақ тіліне шеттен енген сөздерге қазақша балама іздей бастасақ, «жоқ, бұл халықаралық термин, оны қазақшаға аударуға болмайды» деп шыға келеміз. Ал шындығында, «халықаралық терминдер дегеніміз қандай сөздер»? дегенге республикамыздағы белгілі терминолог Байынқол Қалиұлы былай дейді: «Халықаралық терминдер дегеніміз – арғы тегі латын, грек сөздері негізінде пайда болған еуропа тілдерінің сөздері. Ол сөздер орыс тіліне еніп, орыс тілінің тілдік заңдары бойынша азды-көпті өзгерістерге түсіп, қалыптасқан. Бұл сөздер қазақ тіліне (түркі тілдеріне де) енген жағдайда, «олар ешқандай өзгерістерге түспей, орыс тілінде қалай айтылса, солай айтылуы, қалай жазылса солай жазылуы керек» деген талап қойылады. Сондағы дәлелі: бұлар – дүниежүзі халықтарына ортақ сөздер».
Ал шындығында, «халықаралық терминдер» деген термин жоқ. Болса, оладың ішінде ең құрығанда қытай, жапон, араб, парсы тәрізді шығыс халықтарының немесе түркі халықтарының бір-екі сөзі жүретін еді ғой, – дей келіп, ғалым: «Термин дегеніміз – бар болғаны кез келген тілдегі ғылыми ұғымдардың атаулары ғана. Әр халық ғылыми терминдерді өздерінің ұлттық тілдері негізінде өздері жасап алулары керек» деп түйіндейді.
Орыс ғалымы М.Маковский халықаралық терминдердің бар екеніне күмән келтіреді. Француз ғалымы Марион Казула: «Халықаралық терминдер деп жүргеніміз экономикасы, ғылымы мен білімі басым елдің тілінің үстемдік етуі нәтижесінде пайда болған кірме сөздер; халықаралық термин немесе сөздер дегеніміз шартты атау» дейді. Гилад болса, Цукерманның «иврит тілі үшін халықаралық терминдер ағылшын, француз, неміс, орыс, поляк тілдері ғана бола алады» деген пікірін сынға алады.
Келтірілген пікірлерден шығатын қорытынды біреу, ол – халықаралық терминдер деген атаудың шартты екендігі. Халықаралық терминдерге төркіні тек грек және латын тілдерінен шыққан сөздер ғана жатқызылады екен.
Енді кірме терминдерді еуропа тілдері қалай қабылдап жүр деген мәселеге нақты тоқталайық. Ең алдымен, осы тақырып аясында француз тілшілерінің L.Deroy, M.Pergnier, Maurais Jacques, Touratier Christian, Marion Casula, чех ғалымдары Г.Чермак, П.Хаузер еңбектерін атап өткеніміз жөн болар. Француз тіліндегі шет тілінен енген кірме сөздердің төменде берілген кестесіне назар салайық (Petit Robert et Larousse сөздіктері бойынша алынған мәлімет, H.Walter (1997) (1-кесте).
Кестеде француз тіліне енген кірме терминдердің саны және олардың 25-тен аса тілдерден енгені туралы мәлімет беріліп тұр. Біз бұл жерде француз тіліне енген кірме терминдердің санына емес, олардың қабылдану қағидаттарына назар салғымыз келеді. Бұл туралы Christiane Loubier «Politique de l’emprunt linguistique» (2017) (Кірме сөздерді қабылдау саясаты, «De l’usage de l’emprunt linguistique» (Кірме сөздердің қолданысы туралы» (2011) деген еңбектерінің мәні ерекше.
Біз «Кірме сөздерді қабылдау саясаты» еңбегінің толық мазмұнымен таныстыруды мақсат етпейміз, тек оның V және IX бөлімдеріне ғана арнайы талдау жасамақпыз (2-кесте).
Еңбекте кірме терминдерді қабылдау қағидаттары нормативті және негізгі болып екіге бөлінеді:
1. Нормативті қағидат. Кірме терминдерді қабылдауда, өзгертуде француз тілінің нормасы басшылыққа алынады.
2. Негізгі қағидаттар.
1. Тіл сөйлермендерінің тілдік құзіреттілігін жақсарту. Тіл сөйлермендерінің қоғамдық өмірдің барлық саласында француз тілі сөздерін, сөз тіркестерін, терминдерін кеңінен қолдануына жағдай жасау, ол сөздер кірме сөздерге балама болуы тиіс.
2. Француз тілінде жаңа сөз жасауға ынталандыру. Жаңа сөз жасау тілдік жоспарлаудағы маңызды тәсіл. Француз тілі өзінің тілдік жүйесінің өміршеңдігін үнемі дәлелдеп отыруы тиіс.
3. Кірме сөздерді тілді байыту құралы ретінде мойындау. Кірме сөздерді тиімді пайдалану тілдегі термин мәселесін шешуге ықпал етеді. Сол себепті де кірме сөздерді қабылау саясаты жасалынған және заңдастырылған терминдерді пайдалануға мүмкіндік беретінін мойындауымыз керек. Сонымен бірге кірме терминдердің тілдік жүйені байытуға, кеңейтуге ықпал ететіндей әлеуеті болуын ескеру қажет. Мұның барлығы кірме сөз тілге енбес бұрын анықталуы шарт.
4. Кірме сөздердің тілге бейімделуі. Француз тіліне енген кірме сөздердің барлығы графикалық, морфологиялық, лексикалық және т.б. тілдік бейімделулерден өтуі тиіс. Мысалы:
– кірме сөздердің жазылуын француз әліпбиіне бейімдеп, шет тілінің таңбаларын алып тастап, жеңілдетіп қабылдау (canyon, pina colada) немесе француз тіліне тән емес дыбыс қатарларын қысқарту (naan емес, nan…), кірме графемаларды ауыстыру арқылы (cheikh емес, cheik; malström, maelström емес, malstrom, banca емес banque…) дауысты е дыбысының ашық не жабық айтылуын білдіретін è (ассеnt grave), é (accent aigu) диакритикалық таңбаларды қосу (allégro, anthropocène, pérestroïka), екпінді өзгерту ( autographe, soprano);
– кірме сөздердің жекеше және көпше түрлерін француз тілінің нормасына сай өзгерту (soprani емес, sopranos);
– француз тілінің деривациялық үлгісіне салып, кірме сөздерден туынды тіл бірліктерін жасау: кірме сөздің соңы -er аяқталған жағдайда, оған -eur; -euse (footballeur, globe-trotteur, rockeur) жалғау, кірме сөздің соңы -ing аяқталған жағдайда, оған -age немесе er (aquaplanage, couponnage, jogger) қосымшасын жалғау;
– шет тілінен енген сөз бөлек жазылса, оны біріктіріп жазу (chichetaouk емес chichetaouk), т.б.
Енді чех тілінің кірме терминдерді қабылдау тәжірибесіне көз салайық. Чех тілі де кірме сөздер мен терминдерді қабылдауды аса сақтықпен, мұқияттылықпен іске асыратын еуропа тілдерінің бірі. Чех ғалымы П.Хаузер кірме терминдерді қабылдаудың үш тәсілін атап көрсетеді. Олар:
1. Деривация (чех. Дериваце), яғни бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау;
2. Аббревиация (чех. Абреваце), кірме сөзді қысқарту арқылы жаңа сөз жасау;
3. Композиция (чех. Композице), сөз қосу.
Мысалы, грек-латын тілінен akademie- греч. Ἀκαδήμεια, katedra-lat. cathedra, autor ; медицинада puls- лат. pulsus, заң саласында proces- лат. processus, generál-лат. generalis, tragédie- греч. τραγωδία, poezie- греч. ποίησις, drama- греч. δρᾶμα).
Француз тілінен blůza- фр. Blouson, manžeta — фр. manchette, salón- фр. salon, bujón- фр. bouillon; Испан тілінен armáda- исп. armada; Италиян тілінен tempo- ит. a tempo, duet- ит. Duetto, soprán- ит. soprano; Ағылшын тілінен hokej- англ. Hockey.
Жоғарыда берілген мысалдардан қандай тіл болмасын, кірме терминдерді қабылдау қағидаттары ең алдымен ұлттық тілдің мүддесін көздейтіндігі анық байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тіліндегі сияқты кірме терминдердің, сол терминдер енген тілдердің мүддесін бірінші орынға қоятын тілді кездестіру мүмкін емес. Бұлай дейтін себебіміз, біз кірме терминдерді орыс тілінде қалай дыбысталса, солай дыбыстап, қалай жазылса, дәл солай етіп жазу үшін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиімізге тілімізде жоқ дыбыстарды енгіздік. Ол аз болғандай, халықаралық терминдерді аударып, тілімізге бейімдейтін болсақ, «өркениеттен кеш қаламыз, ғылым мен техникамыз дамымайды, қазақ тілін ешкім үйренгісі келмейді» деген жаңсақ пікірлерді көлденең тартатын болдық.
Профессор Б.Қалиұлы: «Шет тілдерінен келген сөздерді ешбір өзгеріссіз ала беретін болсақ, қазақ тілі үндестік заңына негізделген жалғамалылық тілдер құрамынан шығып, флективті тілдер құрамына ауысып кетеді» деген ойын айтып келеді. Бұл пікірде үлкен мән бар. Егер ол пікірге құлақ аспасақ, қазақ тілін дамытамыз деп жүріп, оны жоғалтып алуымыз әбден мүмкін.
Халықтар арасындағы мәдени-экономикалық байланыстар тілдегі сөз алмасу үдерістеріне ықпал ететіні сөзсіз. Ол дыбыстық, морфологиялық, семантикалық деңгейде көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ықпалдың шегі болуы керек. Әрбір тілдің өзіндік тарихи даму жолы және сол жолмен байланысты қалыптасқан нақты тілдік формалары бар. Оны бұзу, сақтамау тілдің жойылуына әкелері сөзсіз. Дүниежүзіндегі ең кең тараған тілдердің мақсаты да сол, аз ұлттар тілдерін жойып, ортақ тіл жасау. Халықаралық тіл жасау деген мәселені көтеріп жүргендер де аз емес, бұл өз алдына бөлек сұрақ. Осы орайда белгілі ғалым Эдуард Сепир (Edward Sapir écrit: «Le langage est probablement le plus indépendant, le plus massivement résistant de tous les phénomènes sociaux» (аудармасы: «Тіл – барлық әлеуметтік құбылыстардың ішіндегі ең тұрақтысы және ең тәуелсізі») деп атап көрсетеді.
Сондықтан біз үшін тіліміздің қазақи табиғатын сақтап қалу мәселесі – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл тұрғыдан жазуымызды латын қарпіне көшіру кезінде кірме сөздеріміз бен терминдеріміз қалай жазылады деген сұрақ туындауы сөзсіз. Жаңа қабылданған төл дыбыс таңбасымен халықаралық терминдерде де үндесімге бағынып жазылуы тиіс. Орыс тілі арқылы енген кірме терминдерді қайта електен өткізіп, оларды түпнұсқа тіл негізінде жазу басшылыққа алынуы қажет. Олай етпесек орыс орфографиясының нормасына жүгіну сол бойдан қала береді. Мәселен, химия араб. – himie, физика – греч. φύσις fizike, техника – греч. τεχνικός tehnike, т.б. болып жазылуы тиіс.
Қазіргі терминдердегі жұрнақтардың көбі орыс тілі арқылы енген латын суффикстері екені белгілі. Мысалы, «-ция» – «-sion/-tion» деген латын жұрнағы, ол орыс тіліне presentation, construction, action деген сияқты сөздердің құрамында келген. Ал «-ist», «-ism», «-al» жұрнақтары да pianist, physicist (физик), abstractionism (абстракционизм), central, formal сөздерімен енген. Ал жаңа қазақ жазуында түпнұсқа тілдегі жазылуы бойынша таңбаланғаны жөн. Бұл түрік тіліндегі терминденуге де сәйкес келеді. Мысалы, түрік тілінде филологиялық терминдер я аударылады, я түпнұсқаға жақындатылып жазылады: мorfoloji, fonetik, fonem, grafikler, transkripsiyon. Сонда қазақ тіліндегі жұрнақтар «-ция», «-изм» емес, «-sion», «-ism» болып жазылу және айтылу керек.
Сабира ИСАКОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология
ғылымының докторы
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz