Баланы ата мен әженің тәрбиесіне бергеннің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да бар. Психологтардың айтуынша, әке-шешесінен бөлек өскен балада «мен ата-анама керек емеспін» деген сезім туады. Әлі есі кірмеген бала бейсаналы түрде ата-анасынан айырылғанын сезінеді. Ол кішкентай нәресте үшін үлкен психологиялық күйзеліс. Ана мейірімін, махаббатын көрмей өскен бала өмір бойы сол махаббатты басқа адамдардан іздеп өтеді екен.
Одан басқа әке-шешесінен бөлек өскен балаларда өзін өзі бағалау өте төмен деңгейде болады. Бұның басты себебі мынада: жатырда бала мен ана біртұтас болады. Баяғы заманда да бала қырқынан шықпағанша жас ана бөлек, қараңғылау киіз үйде тұратын. Ол үйге екінің бірі кіре бермейтін. Жаңа туған нәрестеге барынша жатырдағыдай жағдай жасалынған. Әрине, ондай ортадан баланы жұлып алып, әжесіне беру оның психологиясында іссіз қалмайды. Әсіресе, анасы өз еркімен баласын енесіне бермеген жағдайда. Уақыт өте бала әжесіне үйреніп кетеді. Бірақ 6-7 жасқа жеткенде баланы ата-анасына қайтару да дәл осындай сценаримен жүреді. Бірақ, есейген бала бұл жолы әжесін қимай, туған әке-шешесіне үйрене алмай жатады. Осындай психологиялық сынақ баланың өміріне кері әсер етуі мүмкін.
Көп жағдайда ата мен әжесінде өскен балалар жеке өмірін құруда қиыншылықтарға тап болады. Бірақ жұмыста үлкен жетістіктерге жетеді. Бейсаналы түрде ондай балалар ата-анасына өзінің жетістігін көрсеткісі келеді: «міне, сендер мен сияқты керекмет адамнан кезінде бас тартқансыңдар» деген ұраны.
Алғашқы баланы атасы мен әжесіне беріп тәрбиелегеннің тағы бір жағымсыз жағы — ол отбасындағы басқа балалардан ерекшеленіп өседі, туған бауырларын дұрыс қабылдай алмайды. Балалардың арасы суып кетеді.
Сонда баланың ата-әжесі тәрбиленгенінің жағымды жақтары жоқ па? Әрине бар. Біріншіден, ол әжесі мен атасының балаға беретін тәрбиесі. Ата-анасына қарағанда әжелер баланың қылықтарын, сұрақтарын, еркеліктерін жалықпай көтере алады. Балаға ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді үйрететін де әжелер. Жұмыс пен үй шаруасының арасында шапқыламай, уақыттың бәрін балаға арнайды. Әже мен атасында өскен бала ерке, бірақ көп жағдайда ақылды болып өседі.
Дереккөз: neke.kz