Баяғыда Хожай деген бай саудагер болыпты. Бұрыңғылалардың батасында «Ер Қосайдың жолын берсін, Хожай саудагердің саудасын берсін»,- дейтін жолдар бар еді.
Хожай саудагер бір күні Ер Қосайға мақтаныпты:
- Арғынның Ақсары биінің үйінде жатамын. Ардақты қызы Ботагөз сұлу некелі қатынымдай, - депті.
- Өтірік сөз, ол сені қойнына алмайды, - депті Ер Қосай.
Ақыры екеуі ерегесіп бәстесіпті. Егерде сарттың сөзі рас болса, Қосай бар жиған-тергенін сартың алдына салып береді. Хожайдың сөзі жалған болса маңдайындағысын Қосайдың қолына тапсырмақшы болады.
Базар тарқап, Қосай мен Хожай саудагер арғынның Ақсары биінің ауылына келеді. Қатын-қалаш, бала-шаға бәрі үймелеп келіп жатыр. Хожай дүниені аямай шашып-төгеді. Келгендердің бірі - Ботагөз сұлу. Бәрі тарқаған кезде Ботагөз сұлуды Хожай бай жалғыз алып қалып, жалынып:
- Баяғыдан бері алдадың, енді бүгін қойныңа ал! - деп жабысыпты.
Қыз айтыпты:
- Ит ас ішетұғын итаяққа жылы су төгейін, соны іш. Мені шын жақсы көретіндігіңді дәлелдесең, білгеніңді қыл - депті.
Хожай сорлы қыздың не айтқанын орындайды.
Қыз:
- Тойдың ба, шөлің қанды ма? - депті.
Хожай:
- Дүниеде сусын іздеместей шөлім қанды, - деп жауап қатады.
- Ендеше осы тойғаның да жетер. Итаяқтан адам асішпес, ішкен сарттың астына ит те жатпас! - деп, қыз үйіне тұра жөнеліпті.
**********************************************************************
Қыздың ары - ұлттың ары! Аналарымыз ұлтты осылай сақтаған. Байлық үшін ешкімге арын сатпаған!
© mazhab.kz